Біз құрбан болдық, олар ұлы жаңалық ашты

Нұрлан Тәліпұлы,дәрігер

14.07.2021, 11:09

3591

          Жеке адам әдетте толыққанды тұлға болмайды. Ол өзінің отбасы, туыс-туғаны, айналасындағы дос-жараны, айналысқан кәсібі, қоғамдық ортасы, өмір сүрген жүйесі арқылы толығады. Бір оқымысты: «Жеке адамды түсіну қиын, оны тек ұлттық наным-сенімі, туып-өскен, тәрбие алған ортасы, жасаған қоғамы арқылы түсінген дұрыс», – депті. Бұл ғаламда өз алдына жеке-дара тұратын еш нәрсе жоқ, бәрі де бір-бірімен алуан түрлі байланыста. Бірінде болатын өзгеріс жүйелі түрде, соған қатысы бар барлық нәрсеге әсерін тигізеді. Өзгеріс қашанда жүйелі түрде жүреді. Ол процестің салдарын болжау өте қиын.

Жеке адам жайында, оның бағын ашатын, мінезін қалыптастыратын негізгі нәрсе – шыр етіп дүниеге келгенде, осы жарық дүниеден қорғанышты, сүйіспеншілікті, мейірімді сезінуі, оның жан дүниесі айналасына қорқақтамай, қызыға, таңдана қарай алуына себепші болады. Адамның осы әлемге жасымай, қорғаншақтамай қарауы, не жасық, ез болуы алғашқы  үш жаста белгілі болады. Қазақта «Болар бала боғынан» немесе «Уызға жарымаған у ішеді» деген сөз бар. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Меңіреу әйелден меңіреу бала туады» дейді. Осыдан 50-70 жыл бұрын дүниеге келген нәрестенің басым көбіне төніп тұрған басты қатер – аш-жалаңаштық, лайықты дәрумендерге бай, құнарлы азықтың жетіспеуі, суық, аяз, бактерия, вирустар сияқты әзірейілдер екен. Содан болар, бір үйде он бала дүниеге келсе, жетеуі шетінеп отырған. Сол себепті де өмірге келген нәрестенің ең негізгі және нөмірі бірінші сезінетіні – қорқыныш пен үрей. Егер нәресте осы үрейден арыла алмаса, оның жан дүниесі тұйықталып, сезімі тек физиологиялық қажеттілікке қарай ауыса бастайды. Ал мінездің қалыптасуына туып-өскен отбасының берекесі де маңызды. Одан ары есейгеннен кейін талантын, бойындағы мүмкіндігін ашатын ­– түскен ортасы мен жан жары және тіке байланыстағы тұлғалар.

Қазіргі күнде адамдар феодалдық, социалистік (диктаторлық), капиталистік жүйелерде өмір сүріп жатыр. Бәрі осыдан 100 мың жыл бұрын Африкадан тараған бір адам. Олардың айырмасы – өмір сүрген мемлекетінің сипаты мен қоғамдық жүйесінде ғана. Мысалы, оңтүстік және солтүстік екі Кореяны, шығыс пен батыс Германияны айтсақ та жеткілікті. Егер бір адам Ауғанстанда, Солтүстік Кореяда немесе соған ұқсас өзге елде өмір сүрсе, олардың оған әсері қалай болатыны белгілі. Қанша ниеттеніп тыраштансаң да, ата-анаң, бала-шағаң, ауыл-аймағың үшін үлкен бір пайдалы іс тындырып кету өте қиын. Ондай жүйеде LG, SAMSUNG, HYUNDAI сияқты алып компаниялардың шығуы тіпті мүмкін емес. Өйткені адамның шабыт, жігер, талант, ұмтылысы бірлікпен жұмыс істей алуы көп жағдайда айналасындағы мәдениет, таным, адамдардың дүниетанымы мен ортаның құндылығынан туындап отырады. Ал мұқым ұлттың көгеріп көктеуі, дамуы үшін негізгі әсер ететін нәрсе, ол – қоғамдық жүйе.  

Феодалдық, социалистік жүйе адамның талант-қабілетін ашып бере алмайды. Онда тек парыз бен міндеттер жайлы айтылады. Мәселен, үкімет партияға адал бол, үлесіңді аямай қос, көп үлес қосқандар медаль тағып, марапат береміз, коммунизмге тез жетеміз деген жалаң ұранмен жұрттың еңбегін қанайды. Ал діндарлардың айтатыны – патшаға адал бол, қарсы келме, барға шүкір қыл, оң бетіңнен шапалақтаса сол бетіңды тос, жұмаққа барасың, Құдай жолында өміріңді құрбан қылсаң (шәһид), ол – ұлылық, батырлық. Мұндай идея жүрген жерде егер адамдарда мен де бір уақ адам сияқты (бай-бағландар, ақсүйектер, бастықтар) өмірдің қызығын көрсем, демалсам деген ой туса, ол ерсі қылық, әдепсіздік, өз әлін білмеу, керенаулық болып саналады. Онда тек парыз, міндет қана бар, жеке бас құқығың жоқ. Құқық жайлы қозғасаң, өзімшіл, дүниеқор, көпті, халықты ойламай, қара басының қамын күйттеген жексұрын болып шығасың. Сол себепті ондай жүйеде адамдар қоғамнан алшақтай бастайды. Тіпті қоғамдық іске қызықпайды.

Мал-мүлік, байлық үшін талпыну, еңбектену адамның табиғи қажеттілігі ғана емес, қоғамның қозғаушы күші саналады. Нашар құрылған жүйеде жекеменшік пен мал-мүлік өз деңгейінде қорғалмайды, яғни адамдардың құқығы  сақталмайды. Жеке мал-мүлік пен қымбат дүние әрбір адамның біреуге тәуелді болып қалмауының кепілі. Адамдардың меншік құқығын тек қарақшылар, ұрылар немесе өтірік ертегі айтатын аферистік жүйе ғана құрметтемейді. Жақсы жүйедегі азамат азаматтығын сақтай алады. Жайсыз жүйе аз адамның мүддесі үшін ғана жұмыс істейді, онда елдің 5 пайызы ғана, яғни билеуші және оның айналасындағы өзіне сенімді, адал сыбайластары ғана осы жүйенің тұра беруін қалайды. Соны сақтап қалу үшін тіпті ниеті бөтен, жаулық ниеттегі өзге бір елмен де ауыз жаласып кетуден тайынбауы мүмкін.

Жеке адам алып пирамиданы қойып, жай коттеджді жалғыз өзі салып шыға алмайды. Ондай ұлы құрылыстарды бір мақсатқа топтастырылған адамдар жүйелі тәртіппен, компания болып жұмыс жасау арқылы ғана  бітірген. Сол сияқты тарихтағы үлкен зұлымдықтарды да белгілі бір мүдделес адамдар бірлесе істейді. Бұл жерде биліктің айналасындағылар саналы түрде болмаса да, өздері ішінде өмір сүріп жатқан жүйенің бір деталі ретінде үлкен үлес қосады. Ол жүйе арнасына түсіп, орнығып алған соң, құдды бір қозғалыстағы алып машинаға айналады. Одан кейін оның басшысы болып отырған адам да оны өз бетінше тоқтата алмайды. Егер машина жарға, батпаққа қарай бет алса, машинадағылардың бәрі тегіс батпаққа батады. Оны тоқтату не бағытын тек жүйенің (қоғамның) механизмін  түсінген, озық мәдениетке, өркениетке бас қойған команда ғана өзгерте алуы мумкін.

ҚХР басшысы Жаң Зымін ҚХР сыртқы істер институтының ректоры У Жан Міннен: «Мау Зыдоң, Дың Шаупің – бәрі ұлы адамдар, бірақ ұлы реформаны Мау емес, Дың қалай іске асырды?» деп сұрағанда У мырза: «Мау Кеңестер Одағынан басқаны көрмеді. Ал Дың Францияда алты жыл болды, Жапонның, тағы басқа елдердің ірі кәсіпорындарын, өндіріс ошақтарын өз көзімен көрді», – деп жауап беріпті. Сол сияқты Петр патша кезінде екі жүз маманымен (нөкерімен) Еуропаны бір жарым жыл аралады, тексеріп зерттеді. Батыстың өркениетін көрді. Социализм алғаш құрылғанда әлемнің әр жеріндегі зиялылар мен ықпалды адамдар жаппай қолдап шықты. Франция басшысы Чарль де Голь «Біздің еркін базар шаруашылығының дәурені өткен екен-ау» деп қамыққан. Бірақ социализмнің нәтижесі жақсы болмады. Социализмді Фридрих Август «жақсы тілекпен құрылған, тозаққа апаратын жол» деп атапты.

Қазақта «Жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген сөз бар, о баста  бесігің, жүйең дұрыс болмаса, миллиардтан түк шықпайды. Дұрыс құрылмаған жүйеде көп халық, керісінше, бірінің аяғына бірі оралғы болып, бір-біріне жау болып, қажыр-қайратының бәрін сарп етеді. Бұрынырақта олимпиаданың жүлдесін де халқы көп Қытай мен Үндістан емес, өркениетті елдер алып жүретін. Ден Сиопин ҚХР-ды өркениетке бет бұрғызған соң ғана Қытай жүлдеге таласа бастады.

Қарап отырсаң, социалистік немесе диктаторлық жүйеде қуғын-сүргін көрген мыңдаған қарапайым халықты айтпағанда, ел басшылары немесе соның айналасындағылардың бәрінің тағдыры аянышты. Көзі тірісінде де бір күн мамыражай, алаңсыз өмір сүрмеген. Олар өздеріне де қауіп төніп тұрғанын жақсы білетін. Сол үшін де тек аяусыз жаныштап, аластау мен халықты жік-жікке бөліп, алауыз етумен ғана өзін сақтап тұра алады. Мысалы, Сталиннің кезінде оның айналасындағы үкімет басшылары, генералдар, зиялылар, мамандардың басым көпшілігі аластауға, қырғынға ұшырады. Мұндай жағдай басқа социалистік елдерде де болды. Мұндай жүйе онда жасаған қарашадан бастап, басшыларға дейін – ешкімге опа берген жоқ. Себебі ондай жүйеде басшы болған адам мен оның айналасындағылар бойындағы жанашырлық, достық, аяушылық сияқты адами қасиеттерін аластап тастамаса, басшылық орында отыра алмайтын еді.

Осы күнге дейін жер бетіндегі өнертапқыштардың көбі Америкадан, батыс елдерінен шыққан. Қазіргі ең озық техника да дерлік соларда. Ғылыми жаңалық ашқандардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері бар (түріктер, үндістер, қытайлар, жапондар, тіпті қара нәсілділер де бар). Егер олар Америкаға келмей, өз жүйелерінде жүре бергенде таланттарының ашылуы мүмкін емес еді. Барак Обама Африка құрлығында қалғанда жер бетіне соншалық ықпал жасай алар ма еді?! Мықтаса сол жақтағы былыққа батқан елдердің бірінде король болатын еді.

Жүйе – қоғамдағы өндіруші күштердің, таптардың мүдделік қарым-қатынасын реттеп, тепе-теңдігін сақтау, қоғамдағы адамдардың іс-әрекетін, тыныс-тіршілігін белгілі тәртіпке, дұрыс арнаға салып реттеп отыратын алып күш. Үйлесімді жүйе адамның табиғатына, адамдығына сай, сондағы барша қауымға лайық болады. Құдды жеке адамның ішіп-жемі, демалысы, күнделікті өмір ритмі, адам ағзасының физиологиялық ерекшелігіне, био сағатына сай болмаса, ол адамның ағза қызметі бүліне бастайтыны сияқты нәрсе. Жақсы жүйе адам талантын ашады. Мына анықтама жүйенің табиғатын жақсы ашып берген: «Жаман жүйеде таңғы ұйқыдан адамды айыппұл мен жаза, қорқыныш пен жоқшылық оятады; жақсы жүйеде адамды арман-мұраты оятады». Бір философ «Христиан дінінің қызметкерлері әйел меншіктей алады, бірақ отбасы құра алмайды» деген қағидасын «бейне отты ағаш отынмен бірге қойып, жанып кетпеңдер дегенмен бірдей нәрсе» деп сынапты. Сол сияқты түнек басқан ел мен ұлы жаңалықтар бірге өмір сүре алмайды.

1993 жылдары болса керек, Италия және Кореяның зейнетке шыққан екі-үш мемлекет басшысының билікте тұрған кездерінде жемқорлыққа барып, пара алғандары әшкере болды. Масқарасы, Италия басшыларының шетінен «қара қол» мафияларға қатысы бары анықталды. Сонда он шақты жылдан бері Италияны жемқор, мафия басқарып келген бе деп таңғалып едік. «Онда ол қалай дамыған, бай елдер қатарында жүр» деген сұрақ туған. Сөйтсем, бір елді байытатын, көркейтетін негізгі нәрсе – оның көсемі, билікте тұрған ел басшысы емес, сол елдегі миллиондаған дербес рухты, еркін саналы, жасампаз халқы және солардың құрған үлкенді-кішілі кәсіпорындары екен. Жүйе дұрыс болса, бірер басшының ұрлап-жырлағанынан ел кедейленіп қалмайды, бастысы, олар кезінде ерте қимылдап, істеуге тиісті шаруаны істеп үлгерген. Есік алдына келіп тұрған озық мәдениетті, өркениетті есікті ашып, елге жалпыластыру, халықтың санасын ашып, менталитетін өркениетке бейімдеп, өркениетті әлеммен барыс-келісті көбейткен. Ақыры өркениетті қоғам қалыптасқан. Оны бірлі-жарым ұры-қары балталаса да бұза алмайды.

Кіші Буш сұхбат беріп тұрғанында бір тілші оған аяқкиім лақтырмаушы ма еді?! Сонда президент маймылша жалтарып, тигізбей өткізіп жібереді. Онысымен қоймай, ыржиып күледі. Соған қарап біздің үлкендер ойлауы мүмкін, «мемлекет басшысының сиқы осындай болғанда, Америка не оңған ел дейсің» деп. Дамыған елдердің басшыларын қарап отырсаң, қасымыздағы зиялы, оқымыстылардан көп айырмашылығы жоқ. Кейбірі оған да жетпейді. Қайта дамымай, тұралап қалған елдердің басшылары өздерін өте салмақты, зілді, халықты от пен судан құтқаратын киесі бар, жарқыраған алып данышпан сияқты ұстайды. Тіпті кішігірім ауыл әкімдерінің өзі жай адам емес, тұқымында кие болған, батыр шыққан, ақын шыққан әулеттен болып шығады. Өзі де соған кәміл сенген соң оңа ма, елді қабағымен ықтырып, мысымен басып жүруге ұмтылады. Ол бір күні биліктен түсіп қалса, қара халық та оларды «бізден түк те айырмашылығы жоқ пақырдың бірі екен ғой, кезінде кердеңдеп кісімсіп қалып еді» деп, оны табалауға дайын тұрады.  Содан да болар, нашар елдің басшылары биліктен кетуге асықпайды. Өйткені билікте отырғанда кердеңдеп жүріп, аяғына талай жөргем іліп алған, енді орнынан кетсе, соның сұрауы болатынын жақсы біледі.

 «Әр адам үшін ең үлкен қапас – сол адамның таным-түсінігі» деген сөз бар. Біз сияқты нағыз демократияның не екенін білмейтін елге барып, баршаға ортақ теңдік, еркіндік, демократия орнатайық десең, халықтың өзі қабылдамайды, тіпті қарсы болуы да мүмкін. Өйткені олар өздерінің батпағынан асқан керемет бар дегенге сенбейді. Олар мансабы не ақшасы бар адамды көрсе табиғи түрде басына көтеріп алады. Егер жүйеде еркін сөз бен ойға жүген, ноқта салынса, адами қасиеттер мен меншік құқығы қастерленбесе, адамдарды жақсы, адал, пайдалы немесе екіжүзді, арам, бұзақы деп жікке бөлсе, Ата заңды белден басса, оған қарсы шектеу қойылмаса, адамдық біртіндеп тозып, адамдар тек нәпсі, физиологиялық кажеттілігі үшін ғана өмір сүруге түскенін байқамай да қалады.

Біз әбден бейшара кепке түскен соң, басшылар, сақшылар, тексерушілер, құқық орындарының адамдары ақша-ақша дей бермей, қанағат қылса ғой деп армандаймыз. Бірақ қанша адам ауысса да, жемқор отырған орынға отырғандар бәрібір жегенін қоймайды. Мұндай жағдай тек бізде ғана емес, маңайымыздағы жемқорлықтан көз аша алмай жатқан барлық елде бар. Ол орындағы жегіштер басқа ешкім емес, өзіміздің бауыр-қарындас, ұл-қыздарымыз. Бұл жерде мәселе тек жүйеде деуге болады. Өйткені оқуды, дипломды, мамандық дәрежені ақшамен шешу өркениетке жеткен елдерде адамның ойына да кірмейтін нәрсе.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 14:40
еGov принциптері банктерді цифрландыру саласында қолданыс табуда
Сайт әкімшілігі 14:01
Алматыда "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы асында 1100-ден аса жоба қаржыландырылды
Нұрай РАХЫМ 12:49
Тағы да «СК-Фармацияның» жыры
Бифат ЕЛТАЕВА 11:16
Жаңарған ҚазҰУ
Қуаныш ЕРМЕКОВА 09:43
Көші-қон саясаты қуантып тұр
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 14:15
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31