«Біз қуыршақ емес, кеудемізде жанымыз бар адамбыз!»

Мүмкіндігі шектеулі жандар президентке петиция жолдады

Мариям МАҚСАТ

03.03.2021, 09:44

940

Өкінішке қарай, тағдыр тәлкегіне ұшырап, арбаға таңылған қазақстандықтар аз емес. Бірінші топ мүгедектеріне ерекше күтім, қаржылай көмек, олардың жеке көмекшілеріне кепілдендірілген әлеуметтік пакет қажет. Бірақ мемлекет онсыз да шарасыз күйде отырған адамдарға қолдау көрсетудің орнына оларды мазақ қылғандай күйді бастан кешіруде. Мүгедектерге жыл сайын бөлінетін сома тек қағаз жүзінде қалып отыр. Баяндамалардағы «әдемі» сандар мен шынайы өмірдегі жағдай бір-бірімен қабыспайды.

Еліміздегі бірінші топ мүгедектері мен оларды тәулік бойы бағып-қағып отырған адамдардың төзімі таусылып, сабыры сарқылды. Павлодарлықтар алғашқылардың бірі болып президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына онлайн петиция жариялап, мүмкіндігі шектеулі жандардың шынайы өмірін көрсетті. Мұндағы әр сөзбен бір тәулік ішінде 2000-нан астам қазақстандық келісіп, қол қойды.

Енді мәселенің түп негізіне тоқталсақ. Павлодар қаласының тұрғыны Елена Берегтің айтуынша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баяндамасына сәйкес, әр мүгедекке жылына 4,4 млн теңге бөлінеді-мыс. Бұл санның шындыққа мүлде жанаспайтынын ескерген бір топ азамат өз есептеулерін жүргізді. Әлеуметтік қызмет көрсету сайтындағы бағаларды есептей келе, бірінші топ мүгедегіне жылына 2,3 млн теңге ғана жұмсалатыны анықталды. Сонда қалған 2,1 млн теңге қайда? Жұмбақ.

— Менің  балам жол-көлік апатынан соң арбаға таңылып қалды. Содан бері тәулік бойы өзім күтіп, қараймын. Мемлекет тарапынан бөлінетін тиын-тебен ақшаны көмек деуге келмейді. Сондықтан әупірімдеп жүріп тығырықтан өзіміз шығып келеміз. Ай сайын берілетін өтемақы – 65 860 теңге түкке жетпейді. Оның шамамен 80 пайызы дәрі сатып алуға жұмсалады. Одан бөлек, оңалту шаралары, киім-кешегі, жеке гигиеналық заттары, тамағы мен коммуналдық шығындары бар. Кейбір мүгедектердің балалары бар. Оларды да қамтамасыз ету керек. Ал 65 мың теңге жыртықтарды жамауға да жетпейді. Сондықтан бірінші топ мүгедегіне берілетін өтемақы көлемін 1,53 айлық есептік көрсеткіштен 2,5 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды талап етеміз, – дейді Елена Берег.

Ал Валентина Погребцова аталмыш әлеуметтік топ өкілдеріне көрсетілетін оңалту шаралары, тегін дәрі-дәрмек беру мәселесі ақсап жатқанын алға тартты.

— Оңалту шаралары мүгедектік берілген алғашқы екі жылда, оның өзінде бір жылда 28 күн ғана беріледі. Ал одан кейін массаж алу, инемен емдеу, бассейн – барлығы ақылы. Бір оңалту шарасына шамамен 35 мың теңге керек. Оған қоса, дәрі-дәрмек, жөргек сатып алу қажет. Бұл жерде былтыр іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы адамның «қанын ішетінін» айтпасқа болмас. Министрлік мүгедектерге талаптардың өзгергенін бір ауыз ескертпей, мамыр айына дейін жөргектерсіз қалдық. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекет кепілді түрде беретін күніне екі жөргек аздық етеді. Үшіншіден, бұл сайтта техникалық талаптар төмендетіліп, бағалар арзандаған. Сәйкесінше, сатып алатын тауарлардың сапасы мүлдем нашар. Дүкендерде бір жөргек 450-550 теңге болса, бұл сайтта 260 теңге. Ал ол пайдалануға жарамайды. Сонда бұл мемлекеттің «мүгедектерге осы да жарайды» деген көзқарас танытқаны ма? – деп ашынады В.Погребцова.

Петицияда мүмкіндігі шектеулі жандардың жанынан табылатын жеке көмекшілердің мәселесі де көтерілді. Олар жақын туыстарын тәулік бойы күтіп-бағатындықтан, жұмысқа да шыға алмайды. Сәйкесінше, зейнетақы төлемдері, медициналық сақтандыру жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бұл мәселені назарға алып, жеке көмекшілерге тиісті мәртебе беруді сұрап отыр. Сондай-ақ оларға берілетін төлем көлемін көбейту туралы талап қойды.

— Жеке көмекшілер тамақ пісіруге, жуынуға, киінуге, жөргек ауыстыруға, киім үтіктеуге, арбаға отыруға, көшеге серуендеуге, дәріхана, емханаға баруға және тағы басқа шаруаларды атқаруға көп көмек көрсетеді. Бірақ министрліктің №26 бұйрығына сәйкес, жеке көмекші мүгедекті тек үйден тыс жерге апарумен шектелуі керек. Яғни мемлекеттік мекемелер мен жұмысқа ғана жеткізуге міндетті. Сол үшін әр күнге акт толтырады. Жеке көмекшінің ақысы азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша төленеді. Соған сәйкес, жеке көмекшінің күнделікті көмегі сегіз сағаттан аспауы тиіс. Әр сағатқа 358,26 теңге төленеді. Енді министрлік айына 176 сағат қана төленуі керек деген ұсыныс жасалынды. Демек, бұл – мүгедектер демалыс және мереке күндері жеке көмекшісіз қалады деген сөз. Бұл ақылға қонымсыз дүние, – дейді павлодарлық Советхан Рахметов.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері де жақын адамдарсыз күн көре алмайтынын айтып, дабыл қағып отыр. Ерекше күтімнің керек екенін алға тартып, жеке көмекшілерге мемлекет тарапынан жағдай жасалса екен дейді. «Біз қуыршақ емес, кеудемізде жанымыз бар адамбыз!» деп жанайқайын да шығарды. Олардың бұл сөздері «халық үніне құлақ асатын мемлекетте» жұмыс істейтін шенеуніктерге жете қоюы екіталай. Десе де, петиция тікелей бағытталған мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандардың сөзіне құлақ асады деген үміт бар мүгедектер мен олардың жеке көмекшілерінде. Біздің де соған сенгіміз-ақ келеді, бірақ...

Мәриям МАҚСАТ

Тегтер: мүгедектік жанайқай петиция Президент министрлік үкімет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 03.12.2021, 11:30
Инстаграмның жетегінде кетпейік
Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 10:30
Халыққа бермеудің амалы ма? Зейнетақы жинағын алу: жеткілікті деңгей екі есе өседі
Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 08:44
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 12:44
Kaspi.kz мобильді ақша аударымына байланысты сұрақтарға жауап береді
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 13:00
Шымкентте жалдамалы пәтерден 22 жасар қыздың мәйіті табылды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 01.12.2021, 09:20
Қазақ-түрік лицейлерінің орнын немен толтырамыз?

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00