29.03.2023, 11:58
2286
Біздің биліктегі шенеуліктер егемендік алған 30 жылдан бері қарапайым халықтан аластағаны соншалық, еліміздің ахуалын түзетудің орнына қара басының қамын ойлап, өздеріне о дүниелік жұмақ жасау қамына кірісуде. Қазақстан үкіметі ұлттық «Пантеон» құрылысын жобалап оны тұрғызуға 79 миллиард тенге қаржы белгіленген. Пантеонға жерленуге лайықты деген лауазымды тұлғалардың да тізімі жасақталған.
Қазіргі жағдайда елімізде көптеген әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер шешімін таппай жатқан кезде, Үкіметтің Пантеон құрылысын жалғастыруға қайта оралуы халықтың түсінбеушілігін тудыруы мүмкін екенін ескеру қажет болар еді. Кезінде солақай саясаттың кесірінен мәжбүрлеп таратылған колхоз-совхоздардан қалаларға көшіп барудан басқа амалы болмаған көптеген жанұялардың бір баспанаға зар болып жүргеніне қарамастан, биліктің қыруар бюджет қаржысына пантеон саламыз деген әрекетін қарапайым бұқара халық қалай түсінер екен? Екінші жағынан неге лауазымды шенеуніктер өздерін бірінші кезекте тізім басына тіркелуге лайықты деп санайды? Олар мына қағиданы мүлдем ұмытқан сияқты: халықтың өзіңе деген құрметі сенің тірі кезіңдегі қоғамға жасаған игі істеріңмен ғана бағаланады. Сонымен қатар өмір бойына ел бюджетінің қаржысымен шалқып өмір сүрген шенеуніктерді, халықтан түскен салық қаржысының есебінен неге Пантионға жерлеуіміз керек екен!Үкіметіміз өз халқын ешқашанда бөліп-жарып алаламау керек, дана қазақтың «Өлі разы болмай тірі байымас» деген мақалы осы тұрғыда айтылған, яғни әр қазақтың пендесі о дүниеге аттанғанда бірдей құрметтелінеді!
Пантион деген сөздің қазақша мағнасы «Ұлттық қорым» дегенді білдіреді. Қазақ мемлекетінде «Ұлттық қорым» баяғы заманда қасиетті Түркістан жерінде салынған.Ол бүкіл түркі халықтары мінәжат етеуге баратын Қожа-Ахмет Яссауи мовзолейі. Аталған ұлттық қорымда қазақ елін дербес мемлекет жасап, іргесін қалаған хандар мен сұлтандар, елін-жерін найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған бахадүр батырлар жерленген. Ал, Үкіметтің бекітілген тізімін зерттеп қарасаң Пантионға жерлеуге лайықты деп таңдалған шенеуніктердің ішінде ұлт тұлғасына лайықты халық сыйлаған ел Президенті болуы шарт, егерде ол өзінің жанқиярлық қызметімен ел алғысына бөленсе ғана. Басқа тізімде көрсетілген сенат, мәжіліс төрағалары прьемер-министр, салалық министрлер, облыс әкімдері тағы басқа шенділер бар болғаны қызметтік міндетіне сәйкес халыққа жалданған қатардағы лауазым иелері. Кейіннен толықтырылған тізімге шенеуніктердің жұбайлары енуі мүмкін екені айтылған. Бірақ бұл ұсыныс орысша айтқанда «перебор», тіпті талқылауға да жатпайды!
Шет елдердегі ұлттық Пантеон туралы мәлімет ізеп, онда кімдер жерленгенін зерттеп көрдім. Париж қаласындағы Пантеонда бүкіл дүние жүзіне атақтары мәлім философтар (Вальтер, Жан-Жак Руссо) атақты жазушылар (Александр Дюма, Эмиль Золя, Виктор Гюго),ғалымдар (Пьер мен Мари Кюри) саясаткерлер (Жан Жорес) және басқа атақты француздар жерленген. Пантионның кіреберіс қақпасында «Ұлы адамдарға –отанынан құрмет» деп ойылып жазылған тақта ілінген. Грузияның Тбилиси қаласында болғанымда,әдейі барып ұлттық Пантионды аралап шықтым.Онда И.В.Сталинның анасы,ұлы орыс жазушысы әрі Ирандағы өкілетті елшісі болған Грибоедов, атақты грузин ақыны Чавчавадзе, еліне ерен еңбегі сінген атақты грузин елінің тұлғалары. Егерде тіршілікте өз халқың еңбегіңді елеп, қабыл көрмесе, ешқандай «Пантион» сенің есіміңді ардақтай алмайды. Ал, енді шындығына келетін болсақ, пәни дүниеден өткенде сенің денеңнің жұмақта немесе тозақта болуы тек ғана бір Алланың қолында екенін ұмытпау керек. Мен біздің шенділердің Мысыр фараондарымен ұқсастығын көрем, себебі олар да, отандық жоғарғы лауазым иелері де тірі кезінде о дүниелік жағдайын ойлап әрекет жасап отыр. Егер, аймақтардағы әкім-қаралар өз алдына «пантион» тұрғызы бастаса не болады, үйткені «жағымсыз өнеге жұққыш келеді» емеспе? Егер билік халқының о дүниелік қамын ойласа, аруақтар жерленетін қорымдарды үкімет өз қамқорлығына алуы қажет. Себебі жеке қолға өтіп кеткен қорымдардың қазіргі жағдайлары өте төмен, олардың күтімімен меншік иелері айналыспайды. Олар жерлеу рәсімдерінің құнын себебсіз жоғарлатып,қасиетті жерді табыс көзіне айналдырып отыр. Қысқы айларда тарифтерді шарықтап өседі. Бақылау жоқ болғандықтан білгендерін істеп жатыр. Сондықтан бюджет қаржысына ауыртпалық түседі десе, Үкімет әрбір жұмысы бар азаматтарға жерлеу рәсімдерін қаржыландыруға салық енгізсін, айталық айлық көлемінің 0,5-1% шамасында.Бұндай шешімге халық та қарсы болмайды, үйткені коммуналдық меншікке көшкеннен кейін жерлеуге қызмет көрсету жұмысына бақылау болады.Жаңадан жасақталған мәжіліс құрамы Үкіметтен қаржы есебін сұрау отырысында салық түсімдерінен жиналған ел бюджетінің қаржысының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алады деп сенейік, ағайын! Әсіресе, біздің үлкен үмітіміз бір мандатты округтерден сайланған 29 депутаттың мәжіліс додасында саяси белсенділік көрсетіп еліміздің ахуалын көтеруге арналған нақты шаралар қабылдауға әрекет жасағанын көру!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР