Біздің Ғани

Сайт әкімшілігі

20.03.2021, 16:46

1355

     Біздің есімізде  мәңгілік жас бейнесінде қалған жандардың бірі – шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаев. Орта Азия және  Қазақстан халқы арасынан шығып, Ресейде ерекше мойындалған   қайраткердің өмір жолының  соншалықты күрделілігі бізді тағы бір ойлантып тастады. Бізге  жеткен  өмірбаян  деректері  де  толық  еместігі  көрінді.

1924-25 жылдар аралығында Қазақстан  және  Орта  Азиядан  шыққан  РЛКЖО ОК бюросының мүшелігіне кандидат, Коммунистік интернационал жастар атқару комитетінің (КИМ)  тұңғыш мүшесі болған  қайраткер туралы біздің білмейтін сырларымыз көп болып шықты. ВЛКСМ ОК-нің мұрағатында ұзақ уақыттар бойы құпия грифімен сақталған белгісіз құжаттар  негізіндегі мәліметтерге тап болдық. Ондағы жазбалар бойынша Ғани  Мұратбаев Қызылорда  облысы Қазалы  уезінің  Қалықбас болысында (Қарақұм  шөлі, Қазалы уездік қаласынан жүздеген шақырым жерде) дүниеге келген. Жас Ғани төрт жасында түрмеде отырған әкесі, болыс басқарушысынан айырылады. Анасы ауылдан Қазалыға көшіп, жергілікті көпес әйелдерінің біріне жалданып қызмет етеді. Ол жалғыз  сүйеніші болған ұлын мектепке, содан кейін қалалық училищеге орналастырады.

      Ғани 1916 жылы Қазалы қаласының мұсылман жастары ұйымына кіреді. 1918 жылдан Қазалы совдеп атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Сол жылы ол өз еркімен Қызыл гвардияға жазылады. Красногвардейск отрядына тіркелген сыныптастарымен бірге Қазалы станциясының су айдынын және Сырдария өзені арқылы паром өткелін күзетеді. Ташкент педагогикалық училищесінде оқиды, сабақ  оқи  жүріп,  цейхгаузда жұмыс істейді.

       Аймақта комсомол ұяшықтарын құруға белсенді қатысады. В.И.Лениннің «Жастар одақтарының міндеттері» атты баяндамасын қазақ және өзбек тілдеріне аударады. 1920 жылы теміржол көлігі комсомолдарының жиналысында Түркістан коммунистік жастар одағының II съезіне делегат болып сайланады. Съезде ол Түркістан комсомолы ОК мүшесі болып сайланады және қазақ жастары арасындағы жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. Мәскеуде өткен РКСМ IV съезіне делегат  болып  сайланып,  қоғамдық  жұмыстарға  белсене  араласады. Содан кейін ол орталықтың ерекше тапсырмасымен Самарқандқа төтенше өкілеттіктермен жіберіледі. Оған ерекше міндеттер жүктеліп, арнайы  мандат  беріледі.

        1921-24 жылдары Өзбекстан, Тәжікстан, Түркістан, Қырғыз (Қазақ) Республикаларының комсомол ұйымдарын біріктірген Түркістан комсомолы орталық комитетінің жауапты хатшысы, РКСМ ОК ортаазиялық бюросының мүшесі  болып  сайланады. РКСМ V съезінің делегаты (1922 ж. қазан) болып сайланып, съезд төралқасына сайланады. 1922 жылы 16 қарашада Флот және теңіз істері халық комиссариатының бұйрығы  бойынша ОК мүшелері мен РКСМ V съезінің президиумы арасында тұңғыш  Қызыл флоттың құрметті теңізшісі  қатарына  қабылданады. Ғани  Мұратбаев Қазақ-қырғыз ағарту институтын құрып, Ташкент қаласында панасыз балаларға арналған мектеп-интернатты, сауатсыздықты жою курстарын ұйымдастырушылардың бірі болады. «Жас алаш» («Жас қазақ») газетін құруға бастамашы болады. ОСК мүшесі, Түркістан компартиясы ОК мүшесі, РКП ОК (БКП б) мүшесі болып сайланады. Арал және Әмудария флотилиясы бірлестігін Орта Азия мемлекеттік пароходствосына басшылық жасайды. 1922 жылы Кеңес Республикасы флотының бұйрығымен Ғани Мұратбаев Әскери-теңіз флотының құрметті матросы болады.

       Қатарынан  бірнеше  жыл  демалыссыз жұмыс істеген ол сол кездері ауыр сырқатқа шалдығады.  Түркістан компартиясы орталық комитеті мен РКЖО Орталық Азия бюросының талабы бойынша Ғани ауруханаға жатқызылады. Дәрігерлердің категориялық тыйымдарына қарамастан, ол жарты айдан кейін Мәскеуге, комсомолдың VI съезіне қатысуға кетеді. Онда ол РЛКСМ ОК мүшесі болып сайланады және көп ұзамай Коммунистік интернационал жастар атқару комитетінің мүшесі болады. Кафедраның шығыс бөлімінде ол ағылшын тілін үйренеді. 1925 жылы 15 сәуірде  Ғани Мұратбаев қайтыс болады. Комсомол тарихын зерттеуші А.И.Милчаков, өзінің айтуынша, оның қайтыс болуына бір күн қалғанда ауруханада болған. «Ғани әбден әлсіреген, аурудан қажыған, әйтсе де ол бәріне қызығушылық танытты. Мені ондаған сұрақтармен жаулап алды, олардың әрқайсысына өз пікірлерін білдіріп отырды. Келіңіздер, көріңіздер, ауру оны меңдеп алған. Үш күннен кейін оны жерледік...» (Александр Милчаков. Бірінші онжылдық. Комсомол ардагерінің жазбалары. М., 1965. 69-б.).

       Ғани Мұратбаев Хорезм Республикасының «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған  жастардан  шыққан  тұңғыш  қайраткер  еді.

      Ғани туралы түсірілген фильмдерде, жазылған кітаптардың барлығында да оның тәрбиелік мәніне басымдық беріліп, оған коммунистік көзқарас тұрғысында қаралып келді. Жастар жетекшісі Мәскеуде қайтыс болғаннан кейін іле-шала Алаш қайраткері Нәзір Төреқұловтың ұйымдастыруымен 1925 жылы жарық көрген «Біздің Ғани» атты қысқаша өмірбаяндық кітапша оның бүкіл өміріне сілтеме болғанын ашық айтуымыз керек. Сол өмірбаян парағы күні бүгінге дейін өзгеріссіз басшылыққа алынып келеді. Ғани өмірін зерттеушілер де осы жолдан «адасқан» емес. Түркістан комсомолы орталық комитетінің жауапты хатшысы ретінде өмірінің ең күрделі кезеңін өткізген Ғанидың Ташкенттегі күндері де тыңғылықты зерттелмей келеді.

Келесі бір ескермей жүрген мәселеміз, ол – Ғаниға орталықтан берілген ерекше тапсырма еді. Комсомолдың Бүкілодақтық ІV съезінде Ғани  Мұратбаевқа төтенше өкілеттілік беріліп, Самарқандқа жіберілуі оның Орта Азияда ірі саяси қайраткер ретінде танылуына жол ашады. Берілген өкілеттік бойынша оған облыстық комитеттің қаулысын тоқтатуға, ұйымдар құруға және оны  таратуға, Самарқанд облысындағы барлық кадр мәселесін шешуге, сондай-ақ орталық комитетке кез келген кадрды шақыруға айрықша құқық беріледі.

1922 жылы 15 қыркүйекте Түркістан комсомолының ІV өлкелік съезі шақырылады. Ғани съезд жұмысын жүргізе отырып, сөз сөйлейді. Сол кезеңдегі Түркістан жастарының алдында тұрған күрделі мәселелерді атап өтеді. Әсіресе қоғамдағы батырақ-жарлы жастардың ахуалы, жаңа экономикалық саясат (НЭП), жастардың қолөнер кәсібімен айналысуы және зауыт-фабрикаға жастарды жұмысқа тарту мәселелері тұңғыш рет съезд мінберінен көтеріледі. Ғанидың ұсынысымен жастардың мәдениетін көтеріп, оларды ағарту жұмыстарына тарту күн тәртібіне қойылады. Өзбекстанның латын жазуына өту саясаты да жастар одағының тарапынан сол кездің өзінде бастама ретінде көтеріледі. «Халықаралық жасөспірімдер күнін», «Шығыс пен Батыс жастарының ырғақты күнін» белгілеу Ғани Мұратбаев тарапынан болған ұсыныс еді.

Жетім балаларға жәрдем көрсету апталығы арқасында панасыз балаларды көше-көшелерден іздеп жүріп тауып, оларды пансиондарға орналастыру, икемділерін оқыту Ғани бастаған іс болатын. Өткізілген апталық шарасы аясында бір ғана Ташкент шаһарынан 800-ден астам баланы тауып,  Ғани  Мәскеуде  жұмысқа  өзін аяусыз  салады.  Тұрақты тұрағы жоқ, демалыс дегенді білмеген Ғани осы жолда денсаулығын бұзып алады. Өкпені меңдеп алған сырқат оны аурухана төсегіне таңады. Қырымға барып емделу еш нәтиже бермейді. Бойды әбден меңдеп алған сырқат Ғаниды  ақыры жеңіп тынады. Сөйтіп, Ғани Мұратбаев 1925 жылы 15 сәуірде ауыр науқастан көз жұмады. Бұл ресми тарих, кезекті жалынды сөздер. Біз оған сендік, әлі де сеніп келеміз. Бірақ  зерттеу амалдары  басқаны  көрсетеді.

       Осы сеніміміздің жақында күл-паршасы шықты.  Өмірдің  шындығы  өтірік өрнектелсе,  ақиқат  адасады,   қиянат көрген шындық қиял-ғажайып  аңызға  айналады.  Белгілі журналист, бұрынғы СОКП ОК-нің жауапты қызметкері, әдеби деректің шебері Николай Зенковичтің Мәскеуде шыққан «Самые румяные вожди» атты комсомол көсемдері энциклопедиясының 248-250 беттерінде Ғани Мұратбаев туралы бұрын-соңды жарияланбаған фактілерге көзіміз түсті. Ұзақ  жылдар  бойы  комсомолдың  архивінде  құпия  белгісі соғылып,  көзден  таса жатқан  осы  құнды  құжат  біздің  Ғани  туралы  бұрынғы  көзқарасымызды  түбегейлі  өзгертті.

     Ғанидың сонау Қырымда жатып, сырқаты жанына батқанда туыстарына және орталық комитетке жазған хатын оқып, сол тұстағы басшылықтың өз серіктеріне деген немқұрайдылығына таңғалдық. Ол туралы    Ғанидың  өзі де  ашуланып  жазыпты: «… Орталық комитеттің өз мүшесіне деген немқұрайды қарым-қатынасына таңғаламын және ойлап қарасам, жаным түршігеді. Міне, бір жарым ай болды, мен санаторийде дәрігердің бақылауында жатсам да, қараусыз жатырмын. Менің тарапымнан бір емес, бірнеше рет орталық комитетке және дәрігерлік емдеу комиссиясына жасаған өтінішіме қарамастан, жағдайым оңалар емес, тіпті одан сайын нашарлап, ішек-қан тамырларым күйзеліске түсіп, қозып кетті. Алайда маған жан-жақты көңіл бөлсе, айығып кететініме сенемін.

Орталық комитетке жоғарыдағы мәселелерді хабарлай отырып, маған жан-жақты көңіл бөлулерін сұраймын. Осы мақсатта мені емдейтін маман дәрігерлерді тұрақты түрде жіберіп тұру қажеттігін естеріне саламын.

Мұндай болмаған жағдайда менің ауыр жағдайымды ескере отырып, туған Отаныма қайтуға рұқсат етулеріңізді сұраймын. Медицина ғылымының орталығы бола тұрып, оны пайдаланбай өлгеннен гөрі дәрігерлері жоқ ортада өлгенді дұрыс санаймын. Бұл мен үшін өте жеңіл болған болар еді. Менің бұл мәлімдемеме орталық комитет жауап береді деген сенімдемін».

Бұл Ғани Мұратбаевтың орталық комитетке жазған соңғы хаттарының бірі болған. Ол  туралы  бірде-бір  құжаттардан  таппайсың. Әрине, орталық  комитеттің  Қырымда жатқан оған жауап  қайтарғаны бізге белгісіз. Ғанидың денесі Мәскеудегі Ваганьков қорымына қойылады. Оны ақтық сапарға 15 мыңға жуық мәскеулік жастар, 200-дей Балтық флотының матростары шығарып салады. Оған сол тұста Мәскеуде білім алып жүрген қазақ-қырғыз жастары түгел қатысады. Олардың ішінде Жүсіпбек Арыстанов, Өтебай Тұрманжанов, Жұмағали Елеусізов, Күләш Байсейітовалар да болады. Қаралы митингіде сөз сөйлеген қарт большевик-революционер Н.Н.Подвойский: «Біз кеңестік шығыстың аса көрнекті өкілінен айырылдық. Мұратбаев жолдас еш уақытта бас тартпаған және бас тартқысы келмеген аса ауыр еңбек үстінде жанып кетті», – дейді. Мәскеудегі шығыс халықтары баспасының директоры Нәзір Төреқұлов «Правда» газетінде «Орта Азияда осы бір жігерлі комсомол қайраткерінің  ықпалынсыз құрылған бірде-бір комсомол ұйымы жоқ деуге болады», – деп атап мақала жазды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58