Бөкейхан ауданында Әлиханды еске алу неге ұмыт қалды?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

29.09.2022, 16:05

2425

Былтырығы жылдың соңында Қарағандының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Тарихи сәтті мұқым кеншілер өлкесінің тұрғындары қуана қарсы алды. Шаттық сыйлаған арайлы күні аудан орталығында Бөкейханның ұлтқа жасаған қызметі мен өнегелі өмір жолын дәріптеген тағлымдық шаралар өтті.   Алайда, биыл Алаш көшбасшысының атылған күні яғни,  27 қыркүйекте халқының саны 227 мың адамды құрайтын ауданның орталығында  ешқандай қоғамдық іс-шара ұйымдастырылмады.  Селт еткізер серпіннің болмауы қоғам өкілдерін алаңдатып отыр.

-Бұл бастаманы алдымен ішкі саясат басқармалары қолға алуы тиіс емес пе? Одан қалды,  туған тіліміз бен төл құндылықтарымызды қорғайтын тіл  басқармасындағылар неге мүлгіп отыр? Облыстағы қоғамдық кеңес мүшелерінің не ойлағаны бар? Әлихан-қазақта біреу. Мәңгі мемлекет болудың қағидасын бекемдеу жолында жан қиған қайраткердің ұлы мұратынан бейхабар адамдар қоғамда  әлі көп. Өр тұлғаның еселі еңбегін көпшіліктің санасына сіңіретін  халықтық шаралар ауадай қажет. Сондықтан, келер жылы ауданда  Алаш жетекшісінің туған күні ғана емес, өмірден өткен күні де насихатталуы тиіс. Билікке айтар біздің талап осы,-дейді Қарағандылық  ұлт жанашыры Нұрлан Аманұлы.

— «Жаңа Қазақстан»  мемлекетін құру жолында «Алашорда»  үкіметінің идеясы ұлы мұратымыз болуы тиіс. Ал, «Алаш» партиясымен Әлихан Бөкейханның есім қатар аталады. Ұлы қайраткердің атылған күні қоғам белсенділері туған жеріне барып тағзым етіп қайтты. Қоғам тарапынан  қозғау басталды деген сөз. Бірақ, оның жөні бір бөлек.  Баса назарға алтын мәселе: ұлт көшбасшысына  қатысты  шара алдымен Бөкейхан ауданынан басталу керек. Өйткені елді мекеннің  жер аумағы ғана емес, халқының саны анағұрлым көп. Қазақ үшін туып, сол жолда жанын қиған Алаш зиялыларын  тек ұлттық аза тұту күні ғана еске аламыз. Түптеп келгенде, әр «Алашордалықтың» атылған күні халықтық аза тұтатын  тәулігіне айналуы керек. Сол күнгі қоғамдық шарада халқымыздың дәстүріне сай аяулы азаматтардың рухына арнап дұға бағышталса, марқұмдарға шарапаты тиері анық, -дейді  әдебиеттанушы Әлімжан Жақан.

Сонымен, еліне азаттық әперуді армандаған Әлихан Бөкейханның мер болған күні кеншілер шаhарында ескерусіз қалды. Қарағанды қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияшұлының айтуынша, мемлекет қайраткері атындағы ауданның кейбір кітапханаларда, Бөкейхан есімі берілген мектепте тағылымдық шара өткізілген. Нұржан Ағыбайұлы сөз арасында аудан көлемінде еске алу күніне арналған қоғамдық шара ұйымдастыруға бюджеттен қаржы қарастырылмаған деп кесіп айтты. Оның  бұл уәжін аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Есімбаева да қайталады.  

          Үкіметтен шешім, бюджетке қол жайып отырған билікке  өктемдік айту біздің құзырымдағы шаруа емес.  Алайда, әкімдіктің бұйрығы бағыныштылар үшін қашанда- заң. Демек, марғау қоғамға әкімдіктен әмір жетпегенге ұқсайды.

Тегтер: тұлға естелік парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:27
Валюта алып өту тәртібі туралы
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:06
Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 17:17
Рудный тұрғындары жылусыз қалды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 16:12
Ертеңнен бастап жазғы доңғалақпен жүргендер жазаланады
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 15:07
Жұмыс берушілер көше сыпырушылардың ақысын жеп отыр
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 10:54
Екібастұздағы көппәтерлі үйге бүгін жылу беріледі – жедел штаб

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43