Болат Нүсімбеков: Фильмдегі креативті идеяларға жан бітіретін кинооператор

Арай САХАРИЕВА

26.04.2022, 09:32

2843

Жалпы кинооператорлардың өзгелерден басты ерекшелігі – әр бейнекөріністі оның жанры мен форматына сай таспалай білу шеберлігінде екенін мойындауымыз керек. Осы туралы тілге тиек етіп отырғанда, әлбетте көкейге классикалық кинонының құдіретін танып, бар тәжірибесін қазірге дейін басқалармен бөлісіп жүрген өнер иелері еске түседі. Солардың бірі – белгілі кинодокументалист, қоюшы-оператор, ҚР журналистер одағы мен «Алтын Жұлдыз» журналистік сыйлықтарының лауреаты, «Экран шебері» титулының иегері, «KAZGOR» Академиясы жобасының құрметті академигі Болат Нүсімбеков.

Кеңес уақытында екінің бірінің қолы жетпеген Мәскеудегі ВГИК-те оқып, бар арман-мақсатын кино өнеріне арнаған Бөкеңнің шығармашылық зертханасы көзі жіті көрерменнің зердесіне терең бойлап, талапты жасқа ой салары сөзсіз. Әлбетте, біздің бүгінгі жүрекжарды сұхбатымыз да көкірегі түрлі идеяға толы кинодокументалистің шығармашылық жолынан сыр шертеді.

Болат аға, «алпыс – тал түс» десек, ғұмыр-дарияңыздың дәл осы кезеңіне дейінгі белестер нені еске түсіреді? Сіз де балғын балалық пен жалынды жастықтың өткелінен өттіңіз, армандадыңыз. Әсілі, осы арман дегеннің өзі үлкен мақсаттарға жетелейтін бір баспалдақ емес пе?!  

– Өткен жылдарды ой елегінен өткізсем, әлбетте, ең алдымен көз алдыма балдәурен балалық шағым оралады. Сонау асау Шудың бойында туып-өскен менің де балалық шағым басқалардыкіндей күні бойы ойын қуумен өтетін. Сондай кезде маған үнемі жердің асты-үстіндегі қазба байлықтарды игеретін бір ғана мамандық иесі геологтар секілді болып көрінетін. Содан да болар, бастапқы кезде «өскенде геолог боламын», –  деп армандайтынмын. Бірақ өмір біз ойлағандай бола бермейді ғой, алты жасымда анам өмірден өткеннен кейін Алматыға нағашы әжемнің қолына келдім де, одан кейінгі өмірім далада емес, қалада, «асфальтта» өтті. Алматыдағы №113 орта мектепте білім алдым. Футбол, семсерлесу сындыспорт түрлерімен айналыстым. Спорттағы үздік нәтижелеріме орай, жоғарғы сыныптарды №8 арнайы спорттық мектепте жалғастырдым. Ал 8-сыныпты бітірісімен, теңізші болуды армандап, алды-артыма қарамай, Ресейдің Тобольск қаласындағы теңіз кемешілерін даярлайтын училищеге тартып отырдым. Ол бір романтикаға толы кезең еді. Қазір сол шақтарға ойша үңілсем, бәрі мені бауырына басып, өсірген Мырзатай әжемнің айтқан ертегілерінен, өзім жата-жастана оқыған Джек Лондонның «15 жасар капитан» шығармасынан басталған екен. Саған өтірік, маған шын, қазір қарап отырсам, менің теңізші болам деп, аталмыш училищеге түсуім мен бала кезімдегі геолог болам деуімнің астарында өзім де сол кезде аражігін ажырата алмайтын, тек белгісіз бір түйсігіммен ғана танитын кинооператорлық өнердің жатқанын уақыт өте келе саналадым. Геологтың да, теңіздегі кемешінің де бар ғұмыры саяхатшыныкіндей далада өтеді, бір-біріне ұқсас. Ал бұл екеуінің әлемді объективтің ар жағынан танитын, кей сәттерде күн-түн демей, бар өмірін далада, тау-таста, түрлі түсірілім алаңдарында өткізіп келе жатқан менің қазіргі операторлық кәсібімнің қосындысы емей немене?! Мен бастапқы мамандығым бойынша еңбектенбей, кино саласына бет бұрғаныма еш өкінбеймін. Анығында, мен ештеңе жоғалтқан жоқпын, керісінше, алғашында өзім де саналай алмаған осы бір балалық арманым мені алға жетелей түсті. Кинооператорлықты фотоөнерден бастаған мен, судың фото шығару барысындағы қасиетін одан әрі тани түссем, табиғат аясындағы түсірілімдер кезінде құдды бір геологтай, әр түсірілімге қажет ара-қашықтықты, жер бедерін ішкі түйсігіммен сезіне алатын болдым. 

 Көркем фильм мен деректі жанрдың ара-салмағы мен арқалайтын жүгінің әрқилы екені түсінікті. Десек те, объективтің ар жағындағы көріністі таспалауда операторға белгілі бір жанрды таңдау қаншалықты маңызды? Жалпы, әу бастан, сіздің әуселеңіздің деректі фильмге ауғанының себебі неде?

–  Операторлық кәсіпті көбі оңай деп ойлайды. Шындығында, бұл камераны иыққа іліп алып, көзге шалынған көріністі жаппай бейнетаспаға баса беру емес. Операторлық өнердің негізгі бастауы фотоға түсіруден басталады. Егер фотограф пен оператордың екеуінің жұмысын қатар алып қарасақ, елеулі айырмашылықты аңғарамыз. Мәселен, егер жаңа ғана жауған қарды таспаға түсіру қажет болса, фотограф оның бір сәттік көрінісін ғана объективке іле алады, ал оператор оның қай уақытта, қай ракурстан, тәуліктің қай сағатында түсіру үшін алдын ала зерттеп-зерделеп, барып түсіреді. Әсіресе, деректі фильмде бұл өте маңызды рөл атқарады. Одан да нақты айтсам, операторлық адамнан үлкен суреткерлікті талап етеді. Ал суреткерліктің астарында кинооператордың, режиссердің ойын абстракциялық тұрғыда көрініске айналдырып, ойната білуі, кадрдың табиғатын тани алуы, бір сөзбен айтқанда, объективтің ар жағындағы өмірді көкейімен сезініп, түсіре білуі жатыр. Мен де алғашында табиғат көріністерін, жеке адамдардың портреттерін түсіріп, этюд жасаудан бастадым. Осы бір суреткерлікке деген құштарлық  мені әскери борышымды өтеп келгеннен кейін 1976 жылы «Казахфильм» студиясына алып келді. Еңбек жолымды, алдымен кинооператордың көмекшісі, оператордың ассистенттігінен бастадым. Кеңес уақытында кино өндірісінің табалдырығын жаңа ғана аттаған жастарға қойылатын талап та өте жоғары болатын. Тәжірибелі ұстаздардан үйреніп, өз біліктілігіңді олардың алдында дәлелдей алсаң ғана операторлық категория алуға мүмкіндік берілетін. Табиғаты бір болғанымен, жанры жағынан көркем фильм мен деректі фильмнің айырмашылығы жер мен көктей. Көркем фильмдегі басты ұстаным режиссердің көзқарасына негізделсе, деректі фильм қандай да бір оқиғаны өз болмысында көрсетуімен, оның хронологиялық құжаттық негіздегі айғақ-дәлелінен айнымауымен ерекшеленеді. Көркем фильм мазмұны мен форматына орай, бірнеше сериядан тұрса, деректі фильмнің хронометражы толық немесе қысқа метраждан аспайды. Солай бола тұрса да, түсірілім жағынан көркем фильмге қарағанда, әлдеқайда қиын. Деректі фильм түсіруде оператор режиссерден кейінгі екінші басты тұлға. Өйткені, фильмдегі креативті идеяларға жан бітіретін кинооператор. Камера тетігін меңгерген маман үшін белгілі бір көріністі сауатты таспалай білу аздық етеді. Бейнетаспаның құдіретін толықтай түйсіну үшін онымен бірге өмір сүру қажет.

Кеңес уақытындағы қазақ деректі фильмінің алдыңғы буын өкілдерінен кімдермен қызметтес болдыңыз? Сіз ұстаз тұтқан тұлғалар кімдер?

–  Иә, маған қазақ киноматографиясының тұңғыштарымен әріптес болу бақыты бұйырды. Менің алғашқы ұстазым – отандық киноматографиядағы тұңғыш кәсіби кинооператор  Ескендір Тынышбаев. Оның мектебі көптеген қазақстандық кинооператорлардың осы кәсіпті меңгеруіне негіз болды. Оның әкесі қазақ теміржолының негізін қалаған, Ресей Думасының депутаты болған Мұхамеджан Тынышбаев. Қиындыққа толы әке ғұмырының түрлі белестері Есекеңді де айналып өткен жоқ. Дәл қазір оның осыған қатысты өзі айтқан бір әңгімесі ойыма оралып отыр. Мәскеудегі ВГИК-ті бітірген Ескендір 1939 жылы өзінің курстасы Роман Карменмен бірге Испаниядағы соғысты таспалап, деректі фильм шығаруды жоспарлайды. Осы үлкен істі бастар алдында Воронежде айдауда жүрген әкесінен бата алуға барған оны аз күннің ішінде НКВД қызметкерлері «халық жауымен кездесті» деген желеумен тұтқынға алады. Ұзаққа созылған тергеу кезінде бір жолы негізсіз тағылған айыпқа шыдамаған Ескендір үстел үстіндегі күл салғышты тергеушінің бетіне лақтырып жібереді. Ол кездегі заңның қатал болғаны сондай, алғашында оны ату жазасына бұйырады. Бірақ ең соңғы сәтте тергеуші өзінің де шектен тыс кеткенін мойындап, оның ату жазасынан құтылуына мұрындық болады. Бірақ Ескендір бәрібір он жылға айдалып, Волга-Дон каналының құрылысын салуға жіберіледі. Ол кезде оны қолдап, үнемі сәлемдеме жіберіп тұрғандар да, оның ВГИК-тегі А.Кончаловский, Ш.Айманов сынды достары болды. Әрине, Ескендірдің арманы орындалмаса да, оның досы бүгінде аты белгілі, Ресейдегі деректі фильмнің мэтрі, ВГИК профессоры, Социалистік Еңбек Ері Роман Кармен Испаниядағы соғыс пен соғыстан кейінгі жылдарды түгел таспалап, жарыққа шығарды. Артынша, оның кітап нұсқасы да баспа бетін көрді. Ескендір түрмеден шыққаннан кейін бірден «Қазақфильмге» келеді. Оған тағылған айып қылмыстық істер қатарына жататындықтан да, ол кәсіби оператор бола тұра, басшылыққа «қатардағы оператор болайын» дейді.  «Қазақфильмге» дейін Алматыда «Восток-Кино» болды. Бірқатар фильмдер түсірілді. Өкінішке қарай, 1938 жылы таспаланған Алматы қаласының тарихы мен «Түркісіб қалай салынды?» сынды фильмдердің титрында оның аты-жөні жоқ. Тағы бір атап өтерлігі, ол кезде Қазақстанда кәсіби операторлар даярлайтын мектеп болған жоқ. Ескендір осы олқылықтың орнын толтыру үшін ВГИК-ке 10 адамды өз жолдамасымен оқуға жібереді. Соның бірі – 1970 жылы ВГИК-те Р.Карменнің класына қабылданған, қазірде Германияда тұратын, жасы 80-ге келген Юрий Литвиков. Осы қарт кинооператор күні бүгінге дейін өзінің 90-жылдардың басында Лепсіде Мұхамеджан Тынышбаевқа ескерткіш қойылған сәтте Дінмұхамед Қонаев пен Ескендір Тынышбаевтың бірге болған күндерін таспаға түсіріп үлгергенін мақтанышпен есіне алады және «Есекең менің әкемнен де артық адам еді» деуден танбайды. Жалпы, Ескендір мен Дінмұхамед Ахметұлы жас кездерінен бір-бірін жақсы таныған жандар. Оның да өзіндік қызығы жетерлік. Бірде Есекеңнің: «Жас кезімізде біз әрқайсымыз өзіміз тұратын ауданымызды қорғайтынбыз. Бір жолы саябаққа жиналғанда, Димаштың қасындағы бойжеткенді басқа бір жігіттер тартып алмақшы болып, оған күш көрсете бастағанда, мен араша түстім. Біздің таныстығымыз сол кезден басталды. Содан арада пәленбай жыл өткенде, жұмыс бабымен «Қазақфильмге» келген Димекең: «Сол Ескендір сен емессің бе?», – деп бірден танып, мені қасына шақырды» дегені бар. Ескендір ағаның бір ерекшелігі, ол өзі жақсы маман болады-ау деген жас операторларға камераны сеніп тапсыратын. Тағы бір тәлімгерім қазақ деректі фильмінің атасы – Ораз Әбішев болса, автор ретінде маған көп еркіндік беріп, қолдаған, қазақ поэзиясының құлагері Ілиястың  ұлы Болат Жансүгіров.

Соңғы жылдары «NB Media» жеке шығармашылық студияңызда да бірқатар тележобаларды жарыққа шығарып келесіз. Төл туындыларыңыздың ішінде, әсіресе, бүгінгі күні көгілдір экранға телмірген көрерменнің көңілінен шыққаны қайсысы? 

–  Бұрынғыдай емес, қазір әркімнің ойын еркін жүзеге асыруға жол ашылған кез. Экранда интеллектуалдық, танымдық, деректі фильмдерді жарыққа шығару әлемдік тәжірибеде үлкен рейтингке ие. Осы мақсатпен 2015 жылы ашылған «NB Media» студиясы да республикалық «Хабар» арнасы мен «Kazakh TV» арналарына жыл сайын өз өнімдерін ұсынып келеді. Аталмыш студияда біз сценарист Н. Түсіпбековамен бірге осы кезге дейін «Тағдыр жолы», «Тағдырластар», «Егіз жүрек, «Больше чем любовь», «Магия творчество», «Территория кино» тележобаларын жарыққа шығарсақ, қазірге дейін «Заповедники Казахстана», қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындыларынан сыр шертетін «Музейные истории» хабарларын түсіруді жалғастырудамыз. Орталық музей директоры Г. Шалабаеваның қолдауымен және Е. Резникованың жүргізуімен экранға жол тартқан бұл хабарларды көрермендер асыға күтеді. 2021 жылғы басты туындым – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері туралы жарыққа шыққан  «Талгат Мусабаев. Сын Земли. Покоритель Вселенной» деректі фильмі. Бұл фильмді түсіру жауапкершілігінің зор болғаны сондай, маған тіпті Мәскеуге барып, аэроғарыш орталығы мен ғарышкерлер қалашығында түсірілім жасауға тура келді. Аталмыш фильмде ғарышкер Мұсабаевтың Орбитада 3 рет болып, ғарыш кеңістігіне 7 рет шығып, онда ұзын-ырғасы 341 тәулік өткізгені ғана сөз болмайды, оның ғарыш алаңында жүргізген ғылыми-инновациялық зерттеу жұмыстарының құндылығы мен тұтастай Қазақстан аэроғарыш саласының мәселесі де жан-жақты әңгімеленеді.

Сөз басында әке жолын жалғастырушылар туралы жақсы ой айттыңыз. Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма? Жалпы, отбасыңызда сіздің әрбір жұмысыңызды бағалап, сын айтатын кім?

–  Жан жарым Құралай Тасқызының мамандығы филолог. Сол себепті де, ол менің туындыларымның бағасын беретін бірінші сыншым. Тұңғышым Мұрат әскери сала қызметкері болса, кіші ұлым Тимур төл мамандығы бойынша политолог. Бірақ қазір түбегейлі журналистикаға бет бұрды. Бүгінде өзі «Адамдар» атты сайт ашып, сценарист ретінде еңбектенуде. Оның бұл бағыттағы соңғы жұмысы Орта Азия мен Кавказдағы есімі әйгілі замандастары туралы өзі сценарийін жазып, жарыққа шығарған «Великая река» фильмі.

Тегтер: кино өнер индустрия

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01