Бөлінген қаржы бөліске кетпесін

Айжан БҮРКІТБАЕВА

13.11.2020, 09:11

962

Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі – 32 668 теңгені құрайды. Үкімет әлеуметтік әлсіз топтардың тіршілік етуіне дәл осындай көлемдегі қаржы жеткілікті деп есептеп шыққан. Ал Қазақстанда әлеуметтік жағынан осал топқа жататын жандардың саны 5 миллионнан асып жығылады.

Осы тұрғыда саясаттанушы Балташ Тұрсымбаев былай деп пікір білдірді:

–Мемлекет тарапынан беріліп отырған жәрдемақы әлеуметтік осал топтағы азаматтардың өмір сүруіне жеткіліксіз. Бұл қайыршылықтың ар жақ бер жағы. Мешіттің, базарлардың маңайында өткен-кеткендерге алақан жайып отырғандар көп. Тарихқа үңілсек, қазақта қайыршы болып көрмеген. Бұл тәуелсіздік алғаннан шамамен 10 жылдан кейін пайда болды. Кеңес үкіметі кезінде қанша таршылық, кемшілік болғанымен, сол кездің өзінде бізде қайыршылық болған емес. Біздің алдыңғы билігіміз халықты халық деп санамай, олардың уәждеріне құлақ асқан жоқ. Ақшасыз, үйсіз-күйсіз қалған азаматтарға қол жайып қайыр сұраудан басқа амал қалдырмады.

Әлеуметтік жағынан қорғауды талап ететін топқа кімдер жатады?

Әлеуметтік әлсіз топқа қиын өмірлік жағдайларына қарай табыс көзі төмен немесе ақша табу мүмкінігі жоқ, белгілі бір себеппен үйінен, асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтар кіреді.  Нақтырақ тоқталсақ, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары – 1 339 адам, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдар – 123 661,  зейнеткерлер – 2 227 707, оралмандар – 1 057 280,  жетім балалар мен кәмелетке толғанша ата-ана қамқорлығынан айырылғандар – 258 803, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек баласы бар немесе асыраушысы рөлін атқарып отырғандар  – 528 289, «Алтын алқа», «Күміс алқа», кезінде «Батыр ана» атанған,  I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иеленгендер, көпбалалы отбасылар – 349 000,  ерлік жолында қаза тапқандардың саны ­­– 2600, толық емес отбасылар – шамамен 538 000 адам, ал төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалғандар, созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратындардың дерегі көрсетілмеген. Сонымен қатар, ашық дереккөздерде өңірлер бойынша әлеуметтік  әлсіз топтар жайлы ақпарат кездеспейді. Қажетті инфроқұрылым бойынша  Елорда мен Алматы қаласың мәліметі ғана мәлімделген. Қалған аймақтар бойынша арнайы инфроқұрылым туралы сөз де қозғалмаған. Сондықтан,  мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарға миллиардтап бөлініп жатқан қаржы толық  иесін тауып жатыр деп айту қисынсыз.

–Қарапайым мысал ретінде, төтенше жағдай кезінде көмек ретінде берілген 42 500 теңгені алайық. Осы әлеуметтік көмекті алғандардың 10 пайыздан астамы қалталарында қаржысы бар, кіріп тұрған кірісі бар азаматтар. Ал нақты сол төлемге зәру, мұқтаж адамдар қол жеткізе алмай қалды. Үкімет «цифрландыру тұрғысында жұмыс атқарып жатырмыз» деп кеуде қағады. Іске келгенде, қарапайым көмектің кімге беріліп, кімге берілмегенін білмейді. Әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақы да осындай мәселемен тосылады, – дейді Балташ Тұрсымбаев.  

Баспана мәселесі бойынша 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асқан. Көпбалалы және толық емес отбасы, мүгедек баласы бар жанұялар аталмыш жоба бойынша 10 пайыз алғашқы жарнасын төлеп 20  жылға 2 пайыздық үстемемен үй алуға мүмкіндік берілген. Алайда, берілетін несие сомасы 10 миллионнан аспайды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан әлжуаз топтағы азаматтарға жалға үй беру мәселесіне де мәрттік танытқан билік тұрғын үйлердің құрылысына келгенде ақсаңдайды. Мысалы, Елордада 2019  жылдың соңында  әлеуметтік осал топ өкілдеріне пайдалануға берілген 6 тұрғын үйдің құрылысы да осал болып шыққан. Жалдамалы баспана орталық кәрі жүйесіне қосылмаған, терезелерінің айналысы шұрық-тесік тұрғын үй құлаудың алдында тұр. Қабырғасында жарық бар, ауласында жарық жоқ көпқабатты үйде 400-ден астам әлеуметтік әлсіз топтар өмір сүріп жатыр. Бұл бір ғана мәселе. Ал, мемлекеттен баспана ала алмай шарқ ұрып жүрген мұқтаждардың саны қаншама?!

Осы тұрғыда Алматы қаласының тұрғыны Гүлдана Қалдыбаева аутизмен ауыратын 3 баласымен баспанаға зәру екенін айтады:

–Ауыратын балаларыммен жалдамалы пәтерде күн көріп жатырмыз. Өзім жалғызбасты анамын. Аутизммен ауыратын балаларым үшін  әр қайсысына 45 теңге жәрдемақы аламын. Алайда, мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек балаларымның дәрі-дәрмегі, ем-домынан артылмайды. Ай сайын 90 мың теңге пәтерақы мен коммуналдық қызмет құнын төлеймін. Арзан жер үйдегі жалдамалы пәтерде тұрып көрдік. Үш балам үш жаққа қарай қашады. Сондықтан, көпқабатты үйге көшуге тура келді. Мемлекеттен үй алуға құжат тапсырып көргенмін. Бірақ, қалада тіркеуім болмағасын үй берілмейтінін айтты.

Бүгінде Қазақстан Коммунистік Халық Партиясы әлеуметтік әлсіз топтардың мәселесін маңайлап жүр. Партияның Ақмола облыстық филиалында әлеуметтік қолдауға зәру жандардың мәселесі талқыланып, баспана, әлеуметтік көмекті арттыру мәселесі сөз болған. Ұлтаралық қақтығыстың тууына ұлтшылдарды қауыпты санайтын Парламенттің мұрагер партиясы соңғы кездері балалар құқығын қорғау, әлеуметтік қолдау туралы ұсыныстарын қарша боратып жатыр. Алайда, әлеуметтік мәселеге жіті назар аударатындардың саны сайлау алдында қаптайтыны елге үйреншіктіге айналған. Себебі, жылы орнына жайғасқаннан кейін аттылардың жұмыс нәтижесіне келгенде  сылтау сипап қаламыз.

Осы тұста саясаткер Балташ Тұрсымбаев былай деп пікір білдірді:

         –Қазақстан Коммунистік Халық Партияның шынайылығы егемендік алғаннан кейін 10 жылдан соң тәмамдалған. Бұл партияны сол кезде басқарған марқұм Серікболсын Әбділдин болатын. Көзі тірісінде жанында жүрген коммунистері сатқындық жасады. Содан кейін, бұл партияны билік қолдады, өздері үйретті, қаржыландырды, партияға өткізіп, депутаттыққа сайлады. Сондықтан, бізде Коммунистік партия жоқ деуге болады. Оның құрдымға кеткеніне кем дегенде 15 жылдан аса уақыт өтіп кетті. Сол себептен, ҚКХП әлеуметтік осал топтардың мәселесін көтеріп жатыр дегенге сеніп қарауға болмайды. Оның бәрі көзбояушылық.

Әлеуметтік осал топтағы жандарға мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласындағы қызметтерге де жеңілдіктер берілген. Алайда, бұл барлық өңірлерде қамтылмаған. Мысалы, санаторий-курорт жағдайындағы сауықтыру, даму, демалыс орталықтарына баруға тек Алматы мен Нұр-Сұлтаның әлеуметтік қорғауға зәру жандардың мүмкіндігі бар. Ауылдық, аудандық аймақтардағы жағдайы жарым жандардың мәселесі ешкімді алаңдатып отқан жоқ. Мемлекет жүзеге асырып жатқан әлеуметтік осал топты қолдау бағдарламалары, әлеуметтік жәрдемақылар мен жеңілдіктер барлық мұқтаждарды толықтай қамтуы тиіс. 

Тегтер: жәрдемақы әлеуметтік жағдай аз қамтылған отбасы қоғам заман

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 28.11.2020, 17:05
Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
Айжан БҮРКІТБАЕВА 28.11.2020, 16:52
Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
Айжан БҮРКІТБАЕВА 28.11.2020, 11:09
Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
Сайт әкімшілігі 28.11.2020, 10:54
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
Бифат ЕЛТАЕВА 27.11.2020, 16:22
Атыраудағы зейнеткердің жанайқайы: емхана емдемейді, әкімдік тыңдамайды
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 11:31
Жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүрмейтіні мәлім болды

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36