Босқа ақша шашу, арзан сенсация

Жоспарсыз қазба жұмыстары Түркістанның тарихи құндылығына кері әсерін тигізеді

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

09.06.2021, 11:15

7862

Түркістанға қазынадан бөлініп жатқан қаражаттың көлемі жүз миллиардтап саналады. Түркі әлемінің рухани астанасының елордадан да шапшаң дамып жатқанын жуырда өңірге іссапармен келген елбасының экс-президенттің өзі де атап өтті.

Өткен аптада үкімет отырысында Түркістан облысының дамуы туралы жоба қаралды. Осы жиында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Түркістандағы бар-жоғы төрт нысанның құрылысына қазынадан 97 миллиард теңге жұмсалған. Неке сарайына – 1,18, Конгресс-холлға – 11,3, Hampton by Hilton қонақүйіне – 3,9, ал Түркістан халықаралық әуежайына 78,7 миллиард теңге кеткен. «Түркістан Арена» стадионына 35 миллион АҚШ доллары, жуырда пайдалануға берілген «Керуен сарай» кешеніне 89 миллиард теңгенің жұмсалғаны бұған дейін айтылған. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің, Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерінің аумағын абаттандыру 2025 жылға дейін жалғасатынын мәлім етті. «2025 жылға дейін 59 нысанда қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілер саны 2,3 миллион адамға дейін артады», – деді министр.

Алайда Түркістандағы қазба жұмыстарының сапасына мамандар күмәнмен қарайды. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы, Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожаның айтуынша, бұл салада не жоба, не бағыт-бағдар жоқ.

– Мемлекет соңғы жылдары археологтарға мән бермейтін сияқты. Бұрынғыдай тұрақты жалақы берілмейді. Грант ұтып алып, жұмыс істеуі тиіс. Осының нәтижесінде кейбір пысықтар қазба жұмыстарын ақша табудың көзіне айналдырып алған сияқты. Олар грант, тендерді ұтып алып, осыдан кейін археологтарды жалдайды. Түркістандағы қазба жұмыстарын жүргізуді Хазбулатов деген азамат басшылық жасайтын Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ұтып алған. Басшының өзі археолог емес. Жалдаған қызметкерлері де көне дәуірлерге, орта ғасырларға маманданбаған. Кәсіби археологтар болмаған соң тірлік оңа ма? – дейді М.Қожа.

Былтыр жазда Түркістанның тарихи орны – Күлтөбені қазған Хазбулатовтың қызметкерлері «ежелгі дәуірге тән ханаканы таптық» деген жаңалық таратқан болатын. Алайда мұны М.Қожа арзан сенсацияға балап отыр.

– Мен арнайы барып көрдім. Ол ешқандай да ханака емес. Тіпті қазған жерлер ХІХ ғасырға жатады, патша заманындағы кірпіштер шығып жатыр. Бәрі айналып келгенде, әйтеуір, босқа ақша шашу сияқты, – дейді М.Қожа.

Археологтың айтуынша, алдымен Түркістандағы қазба жұмыстарының жоспарын жасап алу қажет. Олай болмаған жағдайда кәсіби емес мамандар бәрін бүлдіруі мүмкін.

Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы абаттандыру жұмыстары тарихи нысанға кері әсерін тигізуі мүмкін.

– Бізде түпнұсқа деген нәрсенің мән-маңызын түсінбейтіндер көп. Әзірет Сұлтан кесенесі ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген. Кесененің айналасында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілмеуі керек еді. Өйткені жасыл желек болған соң, оны суару қажет. Бұл ылғалдың көбеюіне әсер етеді. Ал ылғал дегеніңіз – тарихи нысандардың жауы. Біз бірінші кезекте кесененің тарихи құндылығын сақтап қалуымыз керек, – дейді ғалым.

Ең қызығы, кесене айналасындағы абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін ЮНЕСКО келісімінің алынған-алынбағаны белгісіз.

– Мәдениет министрлігінің жанында методикалық кеңес бар. Осы кеңестің жиынында бір топ мамандар кесененің айналасындағы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының кері әсері туралы мәселе қойдық. Сол жерде «Көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары ЮНЕСКО-мен келісілген бе?» деген сауал қойылды. Жауапты басшылар «енді аламыз» дегенді айтып отыр, – дейді археолог.

Жуырда Түркістанда өткен жиында белгілі ғалым, Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев «Түркістанның 3000 жылдық тарихы бар» деген сенсациялық мәліметті жария еткен болатын. Алайда М.Қожа «бұл асығыс айтылған тұжырым» деп есептейді.

– Күлтөбедегі қазба жұмыстарын көп жылдар бойы белгілі археолог, марқұм Ерболат Смағұлов жүргізген. Ол бертінде қаланың табанында жатқан ең төменгі мәдени қабаттың осыдан 2200 жылға тән екенін анықтады. Мұның бәрі нақты айғақтық жәдігерлермен нақтыланған. Қаланың жасын одан әріге ұзартатындай мәдени қабат табылған жоқ. Бауыржан Байтанаев Түркістанның айналасынан қола дәуіріне тән қорымдардың табылғанын алға тартады. Қорым – қала емес. Ол «алдағы уақытта 3000 жылдыққа тән тұрақтар табылады» дегенді айтып отыр. Алайда ғылыми тұжырым болжамға емес, нақты негізге сүйене отырып жасалады. Қазіргі таңда Түркістанның жасын 3000 жыл деп айтатындай ғылыми негіз жоқ, – деді М.Қожа.

Сонда мәдениет және спорт министрлігі рухани астананың атын босқа ақша шашумен, арзан сенсациямен аспандатпақ па?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39