Босқындар ақталады Желтоқсан батырлары шет қала ма?

Жарас ШӨКЕ

16.06.2022, 10:00

1369

Кеше Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты құрылған мемлекеттік комиссиясының жұмысына қатысты жиын өтті. Отырысқа тарихшылар мен жазушылар, осы тақырыпты зерттеп жүрген қаламгерлер қатысты.

Әдетте, әлдебір белгісіз ақынның немесе ортаңқол жазушының кешіне тайлы-таяғымен келетін қалың нөпірдің қарасы бұл жиында болмады. Соның өзі қазақтың ұлттық тақырыптарының қадірі қашқанын көрсетсе керек. Жиынға келген қонақтардың санынан гөрі, баяндамашылардың саны көптеу көрінді.

Алғашқы сөзді белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді алды. Тарихшы қуғын-сүргін құрбандары туралы архив құжаттары көп екенін, зерттеуді қажет ететінін, Алаш қайраткерлері жайлы да ашық зерттелу қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтар дербес мемлекет құру идеясын сол кездің өзінде ашық айтқанын, бірақ біз соның өзін айта алмай күмілжіп жүргенімізді сөзіне тиек етті. Тарихшы тағы бір сөзінде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мерзімі шектелмеу керектігін, ең соңғы адам ақталғанша, бұл жұмыс жалғаса беретінін ескертті. Сондықтан ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қариннің комиссия жұмысын аяқтау жөніндегі сөзін дұрыс түсіну қажет екенін айтты.

Сөз кезегі өзіне берілгенде тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев архив жұмысының бүгін комиссия құрып, ертең жұмысты аяқтай салатын ат үстіндегі шаруа емес екенін, мұның ұзақ жылдарға жалғасатын үлкен еңбек екенін атап айтты. Шәмектің айтуынша, Алматыдағы орталық архивте 1,5 миллионға жуық, астанадағы президент архивінде 600 мыңдай, облыс пен аудан архивтерінде де өте көп құжат бар. Шәмек Тілеубаевқа желтоқсандықтар сұрақ қойды. Яғни қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамында Желтоқсан тақырыбын терең зерттеп жүрген азаматтардың болмауы бұл жұмыстың шикі екенін көрсетеді деген пікір болды. Сонымен бірге қуғын-сүргіндерді ақтау құжатында Желтоқсан көтерілісінің бар-жоғын да сұрады. Тілеубаев «Тәуелсіздікке дейінгі репрессия құрбандары туралы тақырып ақтау құжатында бар, бірақ бұл жұмыс жазушы-қаламгерлердің қызуқандылықпен жасалатын дүниесі емес, бұған салқынқандылық қажет, тіпті желтоқсандықтардың біржақты пікірінің ығына жығылмайтын әділ тарихшы, заңгердің әділ зерттеуі қажет» деді.

Ш.Тілеубаев тағы бір сөзінде, ақтау туралы құжаттың мазмұнындағы сүйінші сұрайтын жаңалық – босқындардың ақталуы. Яғни қазақ жерінде жүргізілген ашаршылықтың салдарынан одақтас республикалар мен көрші елдерге бас сауғалап кеткен босқындар ақталатын болды. Бұл бұған дейін қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы құжаттардың ешқайсысында болмаған дүние. Әрине, бұл ауқымды жұмыс. Өйткені шетел асып кеткен босқындар туралы кейбір құжаттар Өзбекстан мен Қырғызстан, Қытайдың архивтерінде. Қытай үшін архив – мемлекеттік құпия. Оған кіру Қазақстан ғалымдары түгілі, өз азаматтары үшін де жабық. Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, Өзбекстан мен Қырғызстанда да архив саясаты әлі жабық. Қазақстан ғана архивке ашық саясат ұстанып, кез келген тарихшының жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап отырған көрінеді. Оның бәрін әрине уақыт көрсетер. Қазақтың ұлттық трагедиясының қай-қайсысы да мемлекет деңгейінде көтеріліп, ұлттық деңгейде шешілу керек!

Тегтер: желтоқсан жаңғыры мәселе түйткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33