Бүгін Екібастұз. Ертең қай қала?

Батыр ЖАСҰЛАН

02.12.2022, 09:00

2501

Отыз градус суық аязда Екібастұздың тұрғындары жылусыз қалды. Сөйтіп, қалада төтенше жағдай жарияланды. Одан бері төрт-бес күн өтсе де, жағдай әлі толық қалыпқа келген жоқ.

Енді дерекке жүгінсек, «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС қарамағындағы желі 342,3 шақырым шамасында. Ал олардың тозу деңгейі 91 пайызды құрап отыр десек, шын мәнінде жағдайдың аса күрделі екендігін байқауға болады. Ал қалада 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар. Міне, ЖЭС-ында болған апаттың салдарынан осыншама үй жылусыз қалды. Енді, кінә кімде, бұған жауапты басшылар жазаға тартыла ма? Жоқ, әлде, бас инженер мен басқа адамдары ғана ұсталып, негізгі қожайындары құтылып кете ме? Қазақстанның стратегиялық нысанын жекешелендіріп алған кәсіпкер кім? Кеше Екібастұз қаласына келіп, депутаттармен әңгімелескен «Екібастұзжылуэнергоның» иесі Александр Клебанов: «егер мемлекет талап етіп жатса, жылу стансасын қайтарып беруге әзір екендігін» мәлім етті. Сонымен қатар, шығынға ұшыраған зардапты жоюға мүмкіндігі барын айтты. Сонда бұл сабазың апат болғанға дейін ішіп-жеп, орталықтан тапқан пайдаға емін-еркін өмір сүріп, байып келген болып тұр ғой. Александр Клебанов – Қазақстандағы аса ірі, дәулеті асқан 50 алпауыттың бірі. Биылғы жылдың есебі бойынша, Клебановтың байлығы – 580 млн долларды құраған. Ол – құрамына «Павлодарэнерго» компаниясы кіретін «ЦАТЭК» АҚ-ның қожайыны. Ол – «ЦАТЭК» және «ЦАЭК» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 59 жастағы кәсіпкер «ЦАТЭК» АҚ-ның 50 пайызына, «ЦАЕК» АҚ-ның 47 пайызына ие. Ал аталған екі акционерлік қоғамның құрамына «Павлодар Водоканал-Северный» ЖШС, «ЦАТЭК-Энергоинвест» ЖШС»,  «Павлодарэнерго» АҚ және «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамы сияқты ондаған мекемелер кіреді.

Оның зайыбы – Дарья Клебанова Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі ең ірі магнаттардың бірі. Әңгіменің тоқетері Александр Клебанов республикалық маңызы бар нысанды жекеменшікке басқаруға алғанымен, оған еш жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Соның салдарынан Екібастұздың халқы жылусыз қалды. Депутаттардың қыспағынан кейін Клебанов: «біз бұл жылу орталығынан еш пайда көріп отырған жоқпыз. Қайта 17 миллиард теңге зиян шектік», – деп міз бақпай отыр. Егер шын мәнінде ол зиян шекккен болса, баяғыда-ақ жылу электр стансасын мемлекеттің меншігіне қайтарып бермеді ме? О баста жағдайдың қиын екенін айтып, билікке дабыл қақпады ма? Қалай айтқанда да, ендігі жерде шығынның бәрі Клебановтардың қалтасынан өндіріліп алынуы тиіс.

Бұл ғана емес, биылдың өзінде Қазақстанның жылу электр стансаларында бір жылда 5 стансада апат тіркелді. Оның екеуі Петропавл қаласындағы №2 жылу-электр орталығында көктемде орын алды. Сондай-ақ 2022 жылдың наурызында Степногорск жылу-электр орталығында апаттық жағдай болып, тұрғындар бірнеше күн бойы пәтерінде жылусыз отырғанын халық ұмыта қойған жоқ. Сол кезде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Петропавл мен Степногорск қалаларындағы апат еліміздің басқа да қалаларында да қайталануы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қаққан. Бірақ құлақ қойып, мәселені назар аударған ешкім болмады. Бұл ғана емес, қараша айының басында Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының жылу-электр орталығында апат тіркелді. Тізе берсек, мұндай мысалдар көп. Жалпы апаттық жағдайлардың орын алуы неліктен жиілеп барады? Мұның себебі неде? Сарапшылар мұның себебін бір-ақ нәрседен іздейді: Қазақстандағы электр энергия жүйесінің 80 пайызы тозған. Бірде-біреуінде күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тапқан табыстан есепсіз байып келген байшыкештер барлық ақшаны қалтаға ғана басқан. Кеңес Одағынан мұра болып қалған Қазақстанның ескі энергетикалық инфрақұрылымы барлық тұрғыдан толыққанды жөндеуді қажет етіп тұр. Егер осының бәрі кезең-кезеңмен жөнделсе, бүгінгідей 30 градус аязда халық бүрсеңдеп тоңбас еді. Жалпы бізде апат болған жағдайдан кейін ғана мәселе айтыла бастайды ғой. Сарапшылардың пайымдауы бойынша, елдегі генерациялық жабдықтар орта есеппен 65, электр желілері 83, жылу желілерінің 80 пайызы тозған. Осының алдында ғана gрезидент Тоқаев үкіметтің алдына энергетикалық мәселелердің қауіпсіздігі туралы айтқан еді.

– Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Қазақстанда энергия тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ бұл іске қосылып жатқан жаңа энергия көздерінің өсу қарқынына сәйкес келмейді. Шын мәнінде, елдің дамуы – энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты. Қазақстан – әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі. Қазақстан экономикасы ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда энергияны үш есе көп шығындайды. Біздің жалпы ішкі өнімнің құрылымында негізгі үлесті қызмет көрсету секторы алады. Бұл өнеркәсіп кәсіпорындарындағы негізгі қоры мен жабдықтар ЭЫДҰ мен әлемнің басқа да озық елдерінің заманауи стандарттарына сәйкес келмейтінін көрсетеді. Біздегі өнеркәсіптің негізгі қорын нақты жаңғырту жұмыстары көз алдау деңгейінде ғана жүреді, – деп мәселенің күрделі жағдайда екенін айтқан.

Бірақ бұл сыннан біздің үкімет қорытынды шығарды ма? Жоқ! Енді, міне, амалдың жоқтығынан Екібастұз жылу электр стансасы президент пәрменінен кейін қайтадан мемлекеттік меншікке өткізілейін деп отыр. Амалдың жоқтығынан шешімін тапқан бұл мәселе халықты жылусыз қалдырды, бірақ Клебановтарды байытты ғой. Осыдан екі-үш күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа ел қалаларындағы проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарауды тапсырды. Енді біздің үкімет не істейді? Апатты жағдайда тұрған Екібастұз жылу электр стансасын байыған Клебановтың қалтасынан өтеп бере ала ма? 50 байдың бірі болып отырған оған қатаң талап қоюға шамасы жете ме? Сарапшылар: «Екібастұз жағдайында апаттың бүкіл жауапкершілігі меншік иесіне артылуы керек» дегенді айтып отыр. Кейбір деректерге сенсек, Қазақстанда электр қуатын 158 электр стансасы өндіреді. Олардың көбі жекеменшікте. Мысалы, бір ғана Қарағанды облысында бүгінгі таңда 8 ірі энергия көзі – жылу электр орталығы бар. Оның ішінде 7-еуі жекеменшікте, біреуі ғана коммуналдық меншікте. Мысалы, Теміртау ЖЭО-2, Топар ГРЭС-1 және Балқаш ЖЭО-ның жабдықтардың 75 пайызы тозған. Ал қазандық жабдықтарының тозуы шамамен – 75, ал турбиналардың тозуы 70 пайызды құрайды. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Тағы бір дерек, Қазақстандағы жылыту орталықтарының 70 пайызы жекенің қолында. Көпшілігінің пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан. Монополист компаниялар жылу орталықтары арқылы орасан пайда тауып отырса да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мамандар атап көрсеткендей, еліміздегі жылумен жабдықтау желілерінің орташа тозуы 57 пайыз (6,5 мың шақырым). Оның ішінде 3,2 мың шақырымы желіні толықтай ауыстыруды қажет етеді. Осы уақытқа дейін, яғни отыз жылдың ішінде жөндеу көрмеген қазандықтар мен желілер жарылмағанда, апат болмағанда қайтеді? Қысқасы, мұндай стратегиялық нысандарды толықтай мемлекет меншігіне қайтару керек. Басқа амал жоқ. Бірақ Клебанов сияқтылар шығынды толықтай өтегені дұрыс. Тіпті 30 градус аязда үсіп, тоңған тұрғындарға өтемақы да төлеуі тиіс. Халыққа жылуы жоқ астамсыған байды да заң аясында тәубесіне келтіретін уақыт келді! Бірақ қауіп әлі сейілген жоқ. Алла сақтасын, бүгін Екібастұзда апат, ал ендігі кезек қай қала?

Тегтер: Екібастұз құбыр жылу су

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:19
Каналдар толып жатыр: Түркістан облысында су тасқыны қаупі жоғары болып тұр
Әсет МАТАЕВ 02.02.2023, 14:15
Біздің ұрпақ мәселелерді шеше алады!
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 02.02.2023, 07:20
Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 14:24
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие алу үшін банк шарттары аталды
Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ 01.02.2023, 11:26
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер!»
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ 01.02.2023, 04:13
Сұмдық демеске лаж жоқ...

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16