Бұл мәселені шешу Нұржігітовтың қолынан келе ме?

Нұрболат ӘЛДИБЕК

29.04.2022, 10:00

4103

Жамбыл облысының тізгіні қолына тигелі жиырма күн болған Нұржан Нұржігітов көмекшісі мен кеңесшісі болмаса, әзірге ауыс-түйіс жасаған жоқ. Молдиярұлының шыдамы қанша уақытқа жететінін қайдам, елдің сөзіне сенсек, жақын күндері облыс әкімінің бір орынбасары, аппарат басшысы, Тараз қаласының әкімі және бірлі-жарым аудан әкімі, басқарма басшылары жаңаруы мүмкін.

Жә, қызметтен кететін, келетіндерді уақытында көре жатармыз, бірақ ендігәрі облыс әкімі жиын өткізгенде қол астындағы басшылар бір-бірін «қытығыласа да» күлмейтін шығар. Олай дейтініміз – Нұржігітов жиын өткізіп, сөз сөйлеп тұрғанда, онлайн қосылып отырған Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов күлкі қысып, езу тартамын деп жаңа әкімнен сөз естіді. «Мен тапсырма беремін, бұлар күледі» деп Садырқұловтың күлкісін сап тиғызған жаңа әкімнің бұл сөзі «қызым саған айтамын, келінім сен де тыңда» деп, қалғандарына да қарата айтылғандай болды.

Н.Нұржігітов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың да басынан сипамады.

– Есеп бергенде бәрі жақсы, ал нақтысына келгенде олай болмай шығады. Бәрі жақсы болса, халық бағаның тұрақсыздығына қатысты шағымданбас еді. Мониторингтік топтардың жұмысы ойдағыдай емес. Зерделеу жүргізіп, нақты шаралар қолдану керек. Аудандарда тұрақтандыру қорларын ашу бойынша тапсырма орындалмай отыр. 10 күннің ішінде ұсыныстарыңызды жолдаңыздар, – дей келе облыс басшысы бағаның тұрақтылығы қатаң бақылауда болуын, үстемақының шекті мөлшері сақталуын, дүкендерге әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Жамбылдың жаңа әкімі жаңа бастама көтерді. Ол ауыл әкімдері әр күн сайын өз округіндегі кем дегенде бір үйге кіріп, жағдайымен танысып отыруы тиіс екенін айтты. Осылайша бір жылда сол ауылдағы барлық отбасыны қамтып, олардың ахуалынан хабардар болуларың керек деді. Дегенмен, Молдиярұлы мұны өзінен бастап, үлгі көрсетсе қанеки...

Енді «Нұржігітов шешіп берсе», – дейтін жамбылдықтардың көкейкесті мәселесінің бірін айтсақ. Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының аумағына жайылып, оның қолқаны қапқан күлімсі иісінен жергілікті жұртшылық әбден зәрезап болып келеді. Осы мәселені жергілікті тұрғындар талай жылдан бері айтудай-ақ айтып келсе де, Бозымбаев бастап, Сапарбаевқа дейінгі басқарған төрт әкімнің осы мәселені шешуге не ниеті болмады, не қолынан келмеді. Ендігі үміт Молдиярұлында.

Бұл түйткілді мәселе Нұржігітовтің әкім болғанына жарты ай болмай жатып алдынан шығып үлгерді. Өткен аптада облыстық әкімдікте Тараз қаласының кәріз суларын тазарту нысанының мәселесі қаралды. Бұл ретте мамандар өзекті мәселені шешу үшін өңірді шұғыл түрде техногендік апаттағы төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдап, апаттың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізу қажет екенін айтады.

Тараз қаласындағы кәріз жүйе­лерінің құрылысы өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған. Одан бері жетпіс жылдан астам уақыттан бері жаңармаған. Бұл ретте айта кетерлігі, кәріз суларын тазалау қондырғысы еліміз бойынша облыс орталықтары ішінде (жаңадан құрылып жатқан облыстардың орталығын айтпағанда) Тараз қаласында ғана жоқ екен. Бұл үлкен қаржыны қажет ететіні белгілі.

Иә, талай жылдан, талай әкімнен бері шешімін таппай келе жатқан бұл мәселенің түйінін Нұржігітов тарқатып бере ала ма, қолынан келе ме? Әлде күндердің күнінде өзінен кейінгі әкімге «аманаттап» кете ме, оны енді уақыт көрсетеді...

      

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01