Бұл жолдау да жайына қалады, көріңіз де тұрыңыз!

Әділ КЕМЕҢГЕР

10.09.2021, 08:47

1164

     «Қазақстанның Конституциясына қарасаң, ел азаматтары тікелей немесе өзінің өкілдері арқылы елді билеу, басқару ісіне қатыса алады. Ата заңда бұл жағынан бәрі дұрыс жазылған. Бірақ іс жүзінде қара халықтың мемлекетті басқаруға қатысуына түрлі кедергілер жасап қояды», – деген екен сарапшы Қазбек Бейсебаев ZonaKZ интернет газетінің YouTube-тегі арнасында берген сұхбатында.

     Сонымен, қысқаша қайырғанда, саясаткер былай деді:

     – Мысалы, ауыл әкімі тікелей сайланады деді. Былай қарасаң, бұл алға жасалған үлкен қадам. Бірақ мына қу билік бір аяғымен алға қадам жасаса, екінші аяғымен артқа екі қадам жасап, елімізді орнынан тырп еткізбейді. Бұлар алды да, ауыл әкіміне үміткердің мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі болуы міндетті деген талап қоя салды. Бұл қалай? Өмір бойы ауылда тұрған адамның ондай өтілі қайдан болсын? Бірақ өз ауылындағы барлық мәселенің қыр-сырын сол жақсы біледі. Халыққа өз ауылының адамы әкім болғаны керек, бірақ билік сен әкім бола алмайсың деп, ондайларды кеудесінен итере салды. Осының өзі-ақ ауыл әкімін тікелей сайлаудың өтірік прогресс екенін көрсетеді.

       Сосын, партия демей-ақ қояйын, біздің елде жай ғана қозғалыс құру үшін облыстар мен ірі қалалардың үштен екісінде өкілдерің болуы керек. Сол өңірлерден филиал ашуың керек екен. Содан кейін әділет министрлігіне құжат тапсырады екенсің. Олардың сенің құжаттарыңды қабылдау-қабылдамауының өзі үлкен сұрақ. Содан кейін барып талаптарға сәйкес, съезд, тағы бірдеңелеріңді өткізуіңе рұқсат. Ал партия құру одан әлдеқайда қиын етілген. Билік «біз партия құру процесін демократияландырдық» дейді. Партияның жинайтын қолын 40 мыңнан 20 мыңға дейін түсірдік деп кеудесін соға мақтанды. Ал бізден 10 есе үлкен Ресейде партия тіркеу үшін 500 адам да жеткілікті. Қырғызстанда тіпті ескерту берсең жеткілікті, партия құру үшін. Сонда біз бен сіз қанша жерден белсенді болсақ та, билік қарапайым халық үшін алынбайтын тас қамал бекініс сияқты. Билік деген қамалдың есік-терезесі біз үшін тарс жабық, оған бөтен біреу кіріп кетеді-ау деген тесіктің бәрін тарс бітеп алған. Бірақ ақырындап демократия құрып келе жатырмыз дейді бізге.

       Бірінші президент «біздің халқымыз демократияға әлі дайын емес» деп талай айтты. Биліктің көзқарасы бойынша демократия деген – ауыр шоқпар, оны алып жүру қазақ халқының қолынан келмейді екен. Бұл – бір. Екіншіден, олар демократияға бастайтын жолдардың бәрін заң жүзінде жауып тастаған. Жағдайымыз осы.

      Қателеспесем, бізде 2017 жылы «Бес институционалдық реформа» деген құжат қабылданды. Онда кәсіби мемлекеттік аппарат, заң үстемдігі, кадрлық саясат, ұлтты ұйыстыру деген нәрселер болды. Әй, бұл деген онсыз да кез келген мемлекеттің міндеті емес пе? Заң үстемдігі мен ұлтты біріктіруді айтамын. Бізге оны реформа түрінде тықпалап жіберді.

      Халық шынымен кедейленіп барады. Азық-түлікті алайық. Оны өзіміз өндіріп жатсақ, бағасын бірдеңе қылып өзіміз-ақ реттеп алар едік. Бірақ бізге бәрі сырттан келеді. Біз Мәскеуден ет сатып алатын ең басты экспортер екенбіз. Ал бұған не дейсіз? Қой баққан қазақ етсіз қалды. Бидайды да Ресейден тасып әкеп, оны қазақстандық бидай деп тағы біреуге сатамыз. Ойбай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек деп көп айтамыз, шындығында, азық-түлік жағынан шын қауіпті жағдай әлдеқашан орнап алған. «Балық бергенше, қармақ бар» деген мақал бар еді ғой, аш қалған халыққа тамақпен көмектескенше, азық-түлікпен өзімізді өзіміз қамту жағын баяғыдан қамдау керек еді.

       Мені жаңа бір таксист әкеп тастады. Ол бұрын Нарынқолда мал ұстаған екен. Сол айтады: ауылда ешқандай қолдау жоқ, сосын қалаға келіп, таксист болып күн көруге көштім дейді. Мемлекет ауылда отырған адамға көмектессе, ол малын өсіріп, еліміз өз етін өзі өндірер еді. Бізде ауыл фермерлеріне арналған неше түрлі қолдау бағдарламалары жоқ емес – бар, бірақ оны алу үшін жергілікті шенеуніктер беретін ақшасының белгілі бір мөлшерін «откат» ретінде қайтаруды талап етеді. Міне, мемлекеттің аты дардай бағдарламалары түптеп келгенде ешқандай да көмек емес, әйтпесе ауыл халқы бұлай қалаға қашпас еді ғой.  

       Жастардың далада қалып жатқанына кім кінәлі, сонда? Жұмыс орны неге құрылмады, ауыл неге қаңырап қалды?

      Елді басқару жүйесінің ең басты кемшілігі – небір жоспар мен бағдарлама қабылданады, бірақ кейін оның орындалу жағына ешкім жауап бермейді. Ешкім есеп бермейді. Заң жүзінде жолдаудың орындалуын түгендеп-тексеретін тетік те жоқ. Мысалы, 2010 жылғы жолдауда нақты тапсырма берілді: «2014 жылға қарай Қазақстандағы дүкендерде сатылатын азық-түліктің 80 пайызы отандық өнім болсын» деген. Ал не болды? Тапсырма түк те орындалған жоқ, – деп қынжылады ол.

Тегтер: Жолдау Мемлекет басшысы кезекті Жолдау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39