«Азаматтарға арналған үкімет» не бүлдірді?
18.02.2021, 10:26
3186
71 жастағы Орал қаласының тұрғыны Мәнсия Жақұпова екі апта бұрын өзінің «өлгенін» білді. Ақпан айында зейнетақысы неге түспегенін білейін деп, зейнетақы төлемдері жөніндегі орталыққа барғанда ондағы мамандар «сіз қайтыс болып кетіпсіз» деген. Бұл сұмдық оқиға туралы «Уральская неделя» газеті жазды. 1950 жылы туған зейнеткер өстіп ақшасыз қалды. – Мен ақпан айында о дүниелік боп кетіппін. Зейнетақымды ала алмай қалдым, басымда кредитім бар. Банк «зейнетақы орталығына бар» дейді, орталықтағылар көші-қон қызметіне сілтеп отыр, – дейді зейнеткер. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО филиалы директорының орынбасары Асхар Кожумов жүйенің қателесіп, «кісі өлтіріп» қойғанын мойындады. «Жеке тұлғалар» деген мемлекеттік дерек базасында зейнеткер «қайтыс болған адам» деп шығып тұр. Содан зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың дерек базасының машинасы төлемді бірден тоқтатып тастаған екен.
Асхар Кожумов болған жағдайды былай ақтапты:
– Кейде азаматтар елден кетіп қалады, біреу қайтыс болады. Бірақ оны бізге хабарламай, төлемдер тоқтамай төленіп жатады. Бұл дұрыс емес. Артық төленіп кеткен ақшаны қайтару біз үшін өте қиын процесс. Сол себепті бюджет қаражаты артық шығындалмауы үшін төлемді өзі тоқтататын осындай ақылды жүйе енгізілген.
Ал Мәнсия Жақұпова енді қайта тірілу үшін түрлі бастықтарға жүгініп, кабинеттердің табалдырығын тоздырмақ.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР