БЖБ мен ТЖБ-дан шаршадық

Айжан БҮРКІТБАЕВА

22.09.2020, 10:29

2984

Елімізді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Сондықтан мектеп қабырғасынан оқушының шығармашылығын, кәсіби сауаттылығын арттыру, терең білімге баулу – басты міндет. Талаптарды орындаудың бірегей жолы –  оқушы білімін бағалау. Осыған орай, Қазақстан мектептерінде білім мазмұнының жаңаруы мен бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілді. «Критериалды бағалау» деп аталатын жаңа жүйе оқушының баға соңына түспей, оқу мақсатына қол жеткізуге ұмтылсын деген оймен жүзеге асырылған болатын. Кезінде білім алушы тек тыңдаушы, орындаушы тарап ретінде қарастырылса, жаңа жүйе оқушыны өздігінен ізденетін жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге шақырады екен. Дегенмен бала баға үшін бас қатырмасын деп жүріп, оқушының оқуға деген ынтасынан айырып алған жоқпыз ба?

Бұл туралы орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәдина Байғабылқызы былай деп пікір білдірді:

— БЖБ және ТЖБ – жиынтық бағалау. Бұл бақылау бағалары тоқсан үшін және оқу жылы үшін автоматты түрде қойылады. БЖБ үшін 20-25 минут, ТЖБ үшін 40 минут беріледі. Бұл уақыт аралығында оқушылар өз ойын толық жеткізе алмайды. Себебі жалпы білім беретін мектептерде балалар мұндай бағдарламаға дайын емес. Сонымен қатар БЖБ мен ТЖБ тоқсандық бағаны автоматты түрде қоятындықтан, бала күнделікті бағаланбайтындықтан, ынта-жігерлері бәсеңдеп кеткен. Осы тұрғыда ескі бағалау тиімдірек секілді.

Критериалды бағалау жүйесінің негізгі мақсаты бағалау критерийлерінің негізінде білім алушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіру болып табылады. Алайда жаңа бағалауды шынайылық көрінісі деуге бола ма?

Осы орайда, орта мектептің 10-сынып оқушысы Алтынай Асылбек жаңа жүйе әділ бағалау емес екенін алға тартты:

— Критериалды бағалау бізге 7-сыныптың үшінші тоқсанында қосылды. Алғашында бәрімізге жаңа жүйеге үйренісу қиынға соқты. Аталмыш бағалау шынайы білімді анықтайды дегенге сенімім аз. Себебі күнделікке қойылатын әрбір баға мен үшін мотивация болатын. Төмен бағаны жоямыз деп талпынатынбыз. Ал қазір оқушыларда тоқсандық, жылдық бақылауды жақсы тапсырсам болды деген ой қалыптасқан. Тіпті онлайн оқу барысында ғаламтордан көшіру арқылы төмен оқитындар жақсы бағамен жылдықты қорытындылағандары да бар немесе жақсы оқитын оқушы бір-екі қателік жіберіп, тоқсандықты төмен бағамен жабуы да мүмкін. Сондықтан ескіше жүйе арқылы бағалаған дұрыс.

 Жаңашылдық бағалауды енгізудегі басты міндет мектептегі оқыту сапасын жоғарылату, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру болып табылады. Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін қалыптастыруды көздеген жүйе неліктен жан жадыратпайды? Бала оқытудан шаршаған ата-аналар критериалды бағалауға наразы екендерін айтады.

Асима БАБАЖАН:

– Ұлым биыл 3-сыныпқа қадам басты. Қазір қашықтан оқып жатырмыз. Бөлім бойынша жиынтық бақылау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бақылау (ТЖБ) уақыты жақындаған кезде ата-аналар болып түнімен ұйықтамай, баламен бірге дайындаламыз. Таңертең баладан бұрын, өзіміз қалай тапсырады екенбіз деп, уайымдап жүреміз. Себебі балалар жаңа жүйені жетік меңгермеген. Шыны керек, онлайн оқу кезінде баланың БЖБ, ТЖБ-сын ата-аналар тапсырып беріп жатырмыз. Бұл сонда баланың білімін емес, ата-ананың білімін бағалау болды ғой. Күнделікті баға қою арқылы тоқсандықты қорытындылау деген жақсы еді. Оның үстіне БЖБ мен ТЖБ бір күнде барлық пәннен тапсырылуы мүмкін. Бұл баланы қинау емес пе?

         Динара САПАРХАН:

– Қызым орта мектептің 7-сыныбында оқиды. Күніне жеті сабақ өтеді. Сабақ аяқталған соң, тапсырмасын орындаймын деп, түнге дейін отырады. Бұрындары  бес сабақтан артық оқымайтын еді. Демалуына да уақыт табылатын. Қазір тіпті тамақтануына да мұршасы жоқ. Соның салдарынан күйгелек болып кетті. Оқушыларды профессор еткелі жатыр ма, түсінбедім...

Білім саласына жаңа реформа енгізу алдында оны үлкен тәжірибеден өткізу өте маңызды. Алдымен ата-аналарға жаңашылдықтың жай-жапсарын түсіндіру керек. Кейіннен оқушыларға тәжірибе жүргізу арқылы пайдасы мен зиянын анықтап алу міндетті. Жаңа жүйе кері әсер тигізбейтініне көз жеткенде ғана білім саласын реформалау қажет. Себебі ескіні есіркейміз деп жүріп, жаңаны жарылқай алмай жатырмыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38