Дәрігерлер дәруіштің күйін кешуде

Мариям МАҚСАТ

01.10.2020, 03:12

945

Пандемия кезінде «біздің бейбіт күннің батырлары» деп сөз жүзінде мақтауы асырылған дәрігерлер жұмыс орнында коронавирус жұқтырып алса да, жарты жыл бойы тиісті төлемді ала алмай, табалдырықтарды тоздырып жүр. Сонда Үкімет басын қатерге тіккен ақ халаттыларды мазақ қылып, еңбегін еш кетірді ме?

Елімізге аты жаман ауру келгелі павлодарлық дәрігерлердің барлығы дерлік, күрестің алдыңғы шебіне жұмылдырылып, блок бекеттерге кезекшілікке қойылды. Провизорлық стационарлардағы жұмыстарға жұмылдырылды. Сырқат белгілері барлардың үйлеріне барды. Сөйтіп жүріп, 279 дәрігер коронавирус инфекциясын, тағы 96 дәрігер вирустық пневмония жұқтырып алды. Өкпесі қабынып, бойын ауру басса да олар ұзақ уақыт ауырып жатпай, қатерлі аурумен күресті жалғастырды. Айлар бойы отбасынан жырақ жүріп, үй бетін көрмеді. Үй түгілі далаға шығып, кең тыныстайтын уақыттары болмады. Ал бүгінгі күні ақ халатты абзал жандардың сол еңбегі еленбей, көлеңкеде қалып отыр. Екі министрліктің өзара келісімге келе алмай, бір парақ қағаздарына бірауыз сөзді қоспауынан күллі ақ халаттылар зардап шегіп, зар қақсап жүр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығында «вирусты пневмония» диагнозы қойылғандар ғана өтемақыдан үмітті делінген. Ал COVID-19 жұқтырғандардың қалтасы бос қалып отыр.

–Менің балам күн-түн демей, провизорлық орында жұмыс істеді. Біз оны бірнеше ай көрген жоқпыз. Жұмыста жүріп, жаман ауруды жұқтырып алды. Сол жерде бірнеше күн ем алар-алмастан, жұмысқа қайта араласты. Өтемақы алу үшін құжаттарды тапсырған кезде «Сенің ауруың пневмония емес» деп бір қайтарды, «Коронавирусты жұмыста жұқтырып алғаныңды дәлелде» деп тағы қайтарды. Сонда бұл ақша бермеудің амалы ма? Мың сылтау айтып, қауіпке қарамастан, демалмай жұмыс істеген ақ халаттыларды мазақ қылғаны ма?, – дейді Салтанат Қайырбекова.

Павлодар қаласының тағы бір тұрғыны Әйгерім Манатованың айтуынша, анасы жұмыста жүргенде ауырып, өкпесінің 65 пайызы қабынған. Бес күн ішінде қолда бар дәрілермен өз-өзін емдеп, қайтадан басқалардың өмірі үшін күреске араласып кетіпті.

– Басқасын айтпағанда, тәулік бойы көз ілмей, жұмыс істеп, бір ауысымда шамамен 5 мәйітті шығару – психикалық әрі физикалық тұрғыдан оңай емес. Оны жайлы кабинетте отырған шенеуніктер қайдан білсін?! Әйтпесе, бір парақ қағазға «вирустық пневмония» деген диагнозбен қатар, «COVID-19» деп, жаза салса, нелері кетеді?! Әйтеуір, қарапайым халыққа ақша бермеу үшін қисынға келместің бәрін ойлап табады», – дейді ашынған ол.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдар Сейітқазинов өтемақы төлеу үшін бұйрыққа байланып отырмыз дейді.

–Бұйрықта нақты кімдердің өтемақы алатыны анық көрсетілген. Өтемақы төлеу орталығы сол бұйрықтан не солға, не оңға қадам баса алмайды. Олар үшін бастысы – «вирустық пневмония» деген диагноздың болуы», – дейді Айдар Сейітқазинов.

Белгілі болғандай, сәуір айында қабылданған бұйрықта блок бекеттерде тәулік бойы кезекшілік еткен, фильтр-кабинеттер мен мобильді бригадаларда жұмыс істеген медициналық қызметкерлер де есепке алынбай қалған. Соның салдарынан 200-ден астам павлодарлық ақ халатты 2 млн теңгелік өтемақыны ала алмай жүр. Қыркүйек айының басында тек 49 дәрігердің шотына тиісті төлем аударылды. Коронавируспен күресте қаза тапқан медициналық қызметкерлердің отбасына 10 млн теңге беру ісі де кешеуілдетіп жатыр. Осы уақытқа дейін екі отбасы ғана аталмыш ақыны алды.

Мұндай жағдайдан соң әлеуметтік желілердегі пікірлер қарша борап жатыр. Олар «Дәрігерлерді адам құрлы көрмей, еңбектеріне қарай тиесілі өтемді бермесе, екінші толқынмен күреске ақ халаттылардың білек сыбана кірісіп кетуі екіталай» дегенге саяды. Шынымен солай болса, қайтеміз? Күніміз дәрігерлерге қарап қалған мына заманда еңбектерін бағалай білу маңызды екенін шенеуніктер бір бұйрықты шығарарда ұмытпаса, игі еді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәлік ОТАРБАЕВ 16:07
БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ
Сайт әкімшілігі 10:33
Қазақстанның 8 өңірі "қызыл" аймаққа енді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 13.04.2021, 09:44
Итке неге «иттік» жасадық?
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:25
Коронавирус жұқтырған 569 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:14
Оқығанмен жағдай жасалмайды. Ауыл шаруашылығы мамандығын игергендер жұмыссыз қалып жатыр
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 08:58
Қазақстанда өткен тәулікте 2290 адамнан коронавирус анықталды

Аңдатпа


  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03
  • Семейде 170 жаңа автобустың 70-і жүруге жарамай тұр
    08.04.2021, 09:08
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз
    06.04.2021, 09:16