Дәрігерлер кімге «жем» болып жүр?

Сағындық ОРДАБЕКОВ

26.11.2021, 10:40

499

Денсаулық сақтау минстрлігінің назарына!

Халық денсаулығын сақтау ісінде қол жеткен жетістіктерімізді әркезде, әр дәрежеде мақтанышпен ауыз толтырып айтып жүрміз. Елімізде көптеген жаңа медициналық орталықтар, жаңа клиникалық ауруханалар мен емханалар бой көтеріп, олар заманауи талаптарға сай жарақтандырылуда. Дәрігерлер де талпынып, талаптанып жаңа инновациялық технологияны, диагностикалық аппараттарды меңгеріп, емдеудің жаңа тәсілдерін еркін ендіруде. Елімізде кардиология мен кардиохирургия, хирургия, нейрохирургия, травматология мен ортопедия, балалар хирургиясы, реабилитация (оңалту) мәселері оңды шешіліп келеді. Ағзаларды алмастыру саласында (трансплантология) да жетістіктер баршылық. Мұның барлығы – медицина саласындағы біздің дұрыс бағыт-бағдар алып отырғанымыздың анық айғағы. Әрине, шындықты айтуымыз керек: бұл жетістіктер – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент сияқты ірі қалалардың клинкаларында атқарылып жатқан жағымды іс-шаралар. Ал орталықтардан сырт жатқан аудандық, ауылдық ауруханаларда «бұрынғы жартас, сол жартас» дегендей, дәрігерлер бұрынғы игерген білімдерінен аса алмай отыр.

Бүгіндері білімсіз дәрігерлер жайлы қаңқу сөз бен теріс пікірлер ел арасында желдей есіп жүр. Тіпті құлақ тұндырады. Қазақ: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», – дейді ғой, кейбір біліксіз, білімсіз мамандардың кесірінен жалпы дәрігерлерге кері сөз келіп жатады, оны жасыра алмаймыз. Бірақ оған қарап елімізде мықты, білімді дәрігер аз деуге болмайды.

Дәрігерлік – өте қиын, жауапкершілігі мол мамандық. Оған қателесуге болмайды. Өйткені оған адамның өмірі сеніп тапсырылады. Сондықтан одан талап пен сұраныс та ерекше. Сол үшін дәрігер еш қиындықтан қашпай, беріле еңбек етіп, үнемі ізденуі керек. Білімсіз дәрігер қателік жасаса, оның ештеңесі кетпейді. Бірақ біреудің тағдырына орны толмас өкініш әкелуі мүмкін ғой.

 Дәрігерлер әр 5 жыл сайын білімдерін жетілдіру, толықтыру мақсатында дәрігерлердің білімін жетілдіру факультеттеріне немесе институттарға бару керек деген жазылмаған заң бар. Кеңес дәуірінде дәрігерлердің білімін жетілдіру институттары: Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Харьков, Минск, Ташкент, Алматы, Новосібір және де басқа клинкалары дамыған қалаларда, республикаларда болды. Соның арқасында талай рет сол курстарға барып, жаңа технологиялар мен жетістіктерді меңгеріп, белгілі ғұлама академиктер мен профессорлардан дәріс алып, білімімізді барынша тереңдетіп, әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, өзіміз қызмет етіп жүрген емдеу орындарына көрген, үйренген, білген жаңалықтарды батыл енгізіп жүрдік. Сөйтіп, медицина саласында алға басу, жаңалықтар енгізу үрдісі жалғасып жатты. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ол үрдіс жайына қалып, әркім бұрынғы білгені, көргені айналасында шектеліп қалды. Бұрынғыдай ғылыми-медициналық журналдардан да береке кетті, оларды жаздырып, бетін ашық оқып жүргендер жоқтың қасы. Халықаралық, республикалық дәрігерлер конференцияларына, конгресстерге тек бас мамандар және бір-екі дәрігер жіберіледі. Олардың өз орындарында не жаңалық енгізіп жүргендері өздерінен басқа ешкім білмейді, барлығы бұлыңғыр, жұмбақ дүниеге айналды. Осындай үрдіс көптеген дәрігерлерді толғандырып, білімсіздікке жеткізуде. Оның үстіне мына ковидтік пандемия көпшіліктің аяқ-қолын байлап, матап тастағаны тағы бар.

Өкінішке қарай, статистикалық мәліметтер бойынша елімізде 7,5 мыңнан астам дәрігер (акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, инфекционист, хирург, пульмонолог, психиатр және т.б.) жетіспейді. Мысалы, таяуда республикалық телевидениеден Атырау облысының кейбір аудандық ауруханаларында маман-хирургтардың жоқтығынан хирургиялық аурулар облыс орталығына ота жасауға жіберіліп жатқанын хабарлады. Бұл үрдіс еліміздің басқа алыс аудандарында да байқалуда. Қостанай облысының аудандық ауруханаларында дәрігерлер тапшы. Оған себеп не? Республика бойынша жеті (7!) медициналық университет мыңдаған дәрігерлерді үздіксіз дайындауда. Оларға қосымша Көкшетау, Петропавл, Қостанай қаласындағы университеттер жанынан медициналық факультеттер ашылып, жалпы практикалық дәрігер мамандар дайындап жатыр. Сол ЖОО бітірген жас мамандар қайда кетіп жатыр? Оны кімдер қадағалап, зерделеуде?

Кезінде Алматыда дәрігерлердің білімін жетілдіру институты болды. Оның тарихы жарты ғасырдан астам беделді, көрнекті ЖОО еді. Онда тек қазақстандық дәрігерлер ғана емес, көрші Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Ресейдің шығыс өңірлерінен дәрігерлер келіп, білімдерін жетілдіріп жүрді. Ол жерде небір танымал ғалым-профессорлар, академиктер, доценттер дәріс берді, тәжірибелерімен бөлісті. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін де, кездескен қиындықтарға қарамай, ол мекеме біраз жылдар бұрынғы әдетімен қызмет етіп тұрды. Сәл кейінірек барлығы бей-берекет болып, акционерлік мекемеге айналып, жаңа басшылар оның құрамын кеңейтеміз, табыс табамыз, дәрігерлерді бірінші курстан өзіміз дайындаймыз деген ой-пікірмен студенттерді қабылдай бастады. Әрине, олардың ой-пейілі молырақ ақша табу болды, яғни коммерциялық қызығушылық басым еді. Сөйтіп жүріп, әлгі «сақал сұраймын деп, мүйізінен айрылыптының» жайы болды.

Өткен жылы бұл институт лицензиясынан айырылып, жабылып тынды. Талай білімді, тәжірибелі ғалым-профессорлар мен дәрігер-ұстаздар жұмыссыз, «шашылып» далада қалып, берекесіз тірлікке еніп кетті. Әрине, олардың біразы ертелі-кеш қызмет табарына күмәніміз жоқ. Өкініштісі: еліміздің дәрігерлерінің басым көпшілігі білімін қайда жетілдіреміз деп басын ауыртып, сарсаң күйде жүр. Орталықтағы беделді клинкалардың ғалым-дәрігерлері, кейбір облыс дәрігер-мамандары мезгіл-мезгіл шетелдерге (оңтүстік Корея, Израиль, Ресей, Түркия және т.б.) шығып, білімін толықтырып жүргенін білеміз. Бірақ, ондай мүмкіншілік барлық облыста, әсіресе аудандық және ауылдық аурханалардың дәрігерлеріне қол жетпейтін қиял-арман болып қалды.

Білім жетілдіру институтына альтернатива ретінде, бәсекелес ретінде көптеген қалаларда коммерциялық ынтасы бар пысық азаматтар әртүрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС), яғни ТОО-лар ашып, «біз дәрігерлердің білімін арттырамыз» деп ұрандатып, өз мекемесін заңдастырып, арнайы лицензия алып, мөр жасатып, ғимарат қабырғасында әдемі, көрнекті маңдайша-паспорттар алыстан айқайлап тұр. Бірақ, олар ұйымдастырған сол ЖШС-да сабақ беріп жүрмін деген бір тірі жанды көрмедім. Ал: «ЖШС-ға ақша төлеп, білімімді жетілдіріп, пәлен сағат көлемінде білім алды деген куәлік алдым», – дегендер жетіп артылады. «Кім оқытты? Кімнен дәріс алдың?», – деген сұраққа жауап таба алмай, жер шұқылағандай күмілжиді. Міне, қазіргі қарапайым ауыл, аудан, қала дәрігерлерінің жағдайы… Осылай жалғаса берсе, жылдар өте барлығы қиындыққа, білімсіздікке тап болады, еш прогресс болмайды. Дәрігерлердің қолдарындағы куәліктер білімін жетілдермей-ақ ақшаға сатылып алынғаннан кейін қандай білім болады? Содан кейін халық: «Бүгінгі дәрігерлер білімсіз, түк білмейді. Оларға барғанша халық емшілеріне, сынықшыларға, балгерлерге барғанымыз жөн», – деп дәрігерлерді кінәлайды. Ал, ЖШС иелері терлеп-тепшімей-ақ «арам ақшамен» қалталарын толтыруда. Олардың үзіліссіз ақшаға таратып жатқан куәліктері кімді жарылқайды? Дәрігерлер кімге «жем» болып жүр? Әлгі, көктемгі жылы жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақтай әр облыс орталықтарындағы ЖШС-лардың қызметінің сапасын кім бақылап жатыр? Ол ЖШС-лар кімнің қолжаулығы болып жүр? Барлығы жұмбақ. Түсіну қиын...

Осы мәселе еліміздің көптеген дәрігерлерін толғандырып жүр. «Ащы болса да ақиқат қымбат» демекші, оған кім нақты жауап береді? Министрлікте отырған билік иелері бұл сұрақтарға не дер екен?

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30