Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Бифат НҰРМАХАН

30.06.2022, 10:33

2063

Соңғы жылдары елімізде қазақы ырымдар мен салт-дәстүрлердің түр-түрі қаптап кетті. Ырымды ата-бабамыз бұрыннан ұстанған дейміз-ау. Бірақ ырымның да жөн-жосығы болған. Мәселен, шешен болсын деп аузына түкіру, белгілі тұлғаларға ұқсасын деп сарқытын алу, не оның атын қою секілді әдемі ырымдар жетерлік.

Ал қазіргі ырымдар қырым кеткен секілді. Өйткені қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, небір есіңнен тандырарлықтай, адамның ойына келмейтін ырымдар толып жүр. Солардың бірқатарын мысалға келтіретін болсақ, кеше ғана кішкентай сәбидің басына күріш сепкендердің видеосы пайда болды. Мұны баланың тісі ауырмай, тез шықсын деген мақсатта жасаған-мыс. Бейнежазбада «Тісің берекелі болсын! Тек адал заттардан жеуді нәсіп етсін. Тістерің ауыртпай шықсын» дейді ырымды жасап жатқан әйел. Сондай-ақ тағы бір бейнежазбада жаңа түскен келін тез құрсақ көтерсін деп басынан жаңа сойылған қойдың ішегімен ұрғылап жатқанды да көрдік. Ол ештеңе емес қой, күйеу жігітті жеңгелері екі қолтығынан демеп, сәлем беріп тұрған салт та көпшіліктің шамына тиді. Елдің ішінде кең етек алып бара жатқан ырымдар туралы этнографтардан сұрағанымызда,  олар мұндай ырымдар мен салт-дәстүрлердің бұрын-соңды болмағанын, әрі дарақылық екенін айтты.

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы:  «Жалпы халық ішінде қайдағы салт-дәстүрлер пайда болып жүр. Соның ішінде күйеу баланың сәлем салады дегенін көрген де, естіген де жоқпыз. Пайғамбар да күйеу баласын сыйлап, төрге отырғызбаса да, сыбағасы мен төс жілігін берген. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген сөздің төркінінде күйеу жігіт жүз жылдан кейін құда болады деген мағына жатыр. Сондай-ақ күйеу баламен балдыздары, жеңгелері қалжыңдасып, ойнайтын жарасымды дәстүріміз бар. Бірақ күйеу балаға сәлем салдыру деген мүлдем болмаған. Ал жаңа түскен келіннің маңдайын тоқішекпен ұруы біреудің ойлап тапқаны шығар. Мүмкін, тоқішекті тоқшылықтың белгісі деп ұстануы да болар. Бірақ маңдайды тоқішекпен ұру дегенді ешқайдан оқымадым да, көрмедім де. Тағы бір шу болып жатқан ырым баланың тісі шықсын деп үстінен тары шашып, жегізеді дегені де мүлдем қисынға келмейді. Өйткені тісі жоқ бала қалай тары жей алады? Осындай біздің қазаққа жат ырымдардың көбісін негізі басқа елдерден алады деп ойлаймын. Ырым, салт-дәстүр керек болып жатса, өзімізде де көп қой. Кейбір адамдардың өзге елдің жат дүниесін көрсетіп, насихаттауы өте өрескел жағдай. Болмайтын ырымдар мен салттарды насихаттауды өзіміздің халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрін құрметтемеуі деп санаймын», – дейді.

Кейінгі кезде тағы бір салт ел ішінде кеңінен қолданылып жүр. Онда жаңа түскен келіннің мінезін ожау арқылы болжайды екен. Яғни                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                      келінді әкелген көліктің үстіне ожау қояды. Содан соң көлік жүріп кетеді де, тойға келген қонақтар темір тұлпардың артынан ожаудың құлап түскен сәтін көру үшін ілесіп отырады. Егер ожаудың ойық беті жоғары қарап түссе, жас келіннің мінезі ашық болады. Керісінше түссе, мінезі тұйық болады деп болжайды екен. Кейде осындай ырымдарды көріп, есіме бала күнімдегі бір қызық оқиға түсе береді. Онда бір сыныптас қыз қолындағы айнасын жерге түсіріп, сындырып алады. Сынған айнаны қолына қайта алып қарай бергені сол еді, мен: «Ой, сынған айнаға қарама, енді түрің ұсқынсыз болатын болды» деп мысқылдап күлдім. Ол сөзіме сеніп қалған құрбым «енді не істеймін? Айнаға қарап қойдым ғой» деп есінен тана сұрақтарын жаудыра бастады. Оның сеніп қалғанына күлкім келіп, қалжыңымды одан әрі үдете «енді айнаға қырық рет түкір де, жерге көміп таста» дей салдым. Аңқау қыз бұл қалжыңыма да сеніп, айтқанымды дереу жасай бастады. Осылайша, құрбылар арасындағы қалжыңнан шыққан ырымды бүкіл мектептің оқушылары қолдана бастады. Кейінгі біздің дәстүрімізге қосылып жатқан ырымдар, салт-дәстүрлер де бала күнімгі оқиғадағыдай жаңадан шығып жатқан ба дерсіз. Әйтеуір бір қисынсыз, қызық дәстүрлер. Тіліміздің шұбарланғаны аздай, жоғарыда айтып кеткен бейберекет ырымдар мен салт-дәстүрлерді тоқтатпасақ, ертеңгі күні халықты адастырып, салт-дәстүрімізге кесірін тигізбеуіне кім кепіл?

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49