«Дәуірдің» дәуірі қайта орала ма?

Жарлы БАЙҒАНИН

29.07.2022, 07:18

1090

«Халуа, халуа деп жүз қайталасаң да аузыңа халуаның дәмі келмейді» демекші, өз жерімізде жүріп, қазақ тілі, қазақ тілі деп қақсаудан біз де жалықпадық. Одан өзгеріп жатқан көп ештеңе тағы байқалмайды. Пысқырып жатқан билік те жоқ сияқты...

Қарап отырсақ, орыс географы И.П.Корнилов «Орыс найзасы аяқтамағанды орыс мектептері аяқтайды» («Что не доделал русский штык, доделает русская школа») десе, әлгі миссионер Ильминскийдің өзге ұлт өкілдерін, әсіресе қыз балаларын орыс мектептерінде оқытудың қандай пайдалы екендігін айтқандығы жайлы да аз жазылып келе жатқан жоқ. Рас екен. Өз қозысын жатсынған тұмса туған тоқтыдай, орыс мектебін бітірген «аналар» балаларын шүлдірлетуге құмар. Өздерінің түк бітірмегендері аздай, тағы «орыс мектебінің білімі жақсы» деген сандырақты алға тартады.

Оның үстіне, соңғы жылдары қосылған «Ютуб» және т.б. арналардың да орыс тілінде жүргізілуі салдарынан, сансыраған сәби саналар сандалуда.

Ауылдық жерлерде сол «Ютубпен» тілі шыққан балалар – тауық басып шығарған үйректің балапандарындай, аналарымен ұғыса алмайтын халге жеткен.

Біздің бала кезімізде осындай бір әдемі әңгіме болатын. Тауыққа бастырған үйректің жұмыртқасынан шыққан балапан үйрек анасының зәресін алып, суға қойып кете беретіні жайында.

Ана байғұс балапаным ағып кетер ме екен деп, су жағалай жүгіргені туралы әңгіме естеріңізде болар? Қазір сол тауықтың күйін кешкен кей аналар туған балаларымен туажатындай, тіл табыса алмай дал болуда. Бұл да қазаққа қарсы жасалынып жатқан ақпараттық майданның жеңісі.

Жетпіс жыл қызыл империяның қол астында орысша оқыса да азын-аулақ сатқын ұрпақ болмаса, қазақ мұншалықты мәңгүрттеніп көрмеп еді. Тәуелсіздік алғалы тек орысша оқығандарды төрге оздырып, соларды үлгі тұту арқылы ұлтты аздырған НӘН билік өз дегеніне жетіп, тынған сыңайлы. Бұл тұрғыдан алғанда, Кеңестік Қазақстанның «астыртын жүргізілген» ұлттық идеологиясы дұрыстау болған екен-ау деген де ойға қаласың.

Сосын, қазақтың қазақтығын сақтап қалған алыстағы ауылдар мен қазақы баспасөзі болғандығын еріксіз мойындайсың.

Ауылдағы шопан мен механизатордың етігінің қонышында, оқығанның қолтығында, жаңбырлы күндері сулығының қалтасынан қылтиып тұратын қазақша газит-жорналдары талай қарадомалақтың нағыз қазақ болып қалыптасуына ықпал еткені де жасырын емес.

Қазіргі таңда кешке дейін бір бітпейтін арзанқол телехабарлардан басқа бала көретін жөні түзу дүние жоқтың қасы. Оның да жартысынан астамы орысша. Қалғаны «Хабар»-сабар арқылы халықты алдау.

Қазақы өркениетті тұралату мақсатында НӘН көкесінен тікелей тапсырма алған Мусиндер қазақша БАҚ-тың бағын байлап, жазылған газит-жорналдарын айлап кешіктіріп, ауылдағы ағайынды шынайы ақпаратсыз қалдырды. Соның салдарынан, «Жас Алаштай» жанашырлары жетпей қалды. Соның салдарынан, таралым кеміді. Уақтылы келіп тұрса, шынайы ақпараттан кім қашсын. Есесіне, «енді бір газеттердің» 500 данасын соқырлар қоғамына тегін жаздырып берген «мырзалар» дәріптелді...

Бір қызығы, қайда барсақ та елден еститініміз – елдің ыстық ықыласы ғана. Сондайда еріксіз, бізді қалай да тұралатуға мемлекеттік деңгейде тапсырыс берілген бе деген ой түйесің… Шалғай аудан, ауылдар тұрмақ, Алматының өзінде 2-3 апталық сандарын жинап, бірге қосып апарғанды ұлтқа жасалған қастандық емес деп кім айта алар екен?! Шақырған таксиі 10 минутқа кешіксе, шатақ шығарып, сотқа жүгіретін жұрт бұл тұрғыда үнсіз тұншығуда!

«Еститін үкімет» пен «үкілеген үміттерімізге» газитіміздің алдынғы сандарының бірінде базыналап, жеткізуге тырысқан да едік. Ләм-мим! Депутаттар демалысқа кетіп қалыпты, екі айға. Шаршаған болар?..

Тағы бір қызығы, КСРО-ның Бас жоспары бойынша Орталық Азияға жобаланған ең ірі екі нысанның бірі – Тәшкен метрополитені болса, екіншісі – Орталық Азияға осы басылымдарды басып тарату үшін Алматыда салынған «Дәуір» баспасының дәуірі өтіп, НӘН-нің жекесіне өтіп кеткенде, шұлғауын жалаулатып, шуылдаған жағымпаз журналистер «мәу» деуге жарамастан, қаңғырып далада қала берген!

Өзбек метрополитені әлі күнге дейін ұлтқа қызмет етіп келсе, біздің ғимарат әтірленгіш, көфеленгіш көргенсіздердің тастай салатын талағындай, талай «байын» ауыстырып үлгерген сыңайлы. Осы ғимаратты да «Журналистер үйі» ретінде кері қайтару туралы бастама көтермекпіз. Бізді қолдаушылардың да аз болмасына сенім мол. Солай!

Айтпақшы, қазекемнің «Керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алдына шығадысы» айдай келіп, өліарада, өз жерінде, ұлттың тілін тұқыртып, бас гәзитке айналып шыға келген «Караванның» да Дәрикөшінің дәурені сықылды дәм-тұзы таусылған сыңайлы. Бірінші қыркүйектен қысқаратын «Керуеннің» жүгін кім көтерер екен?

Оқымаса да орысша газиттің бірін қолтығына қыстырып жүруді мода санауы арқылы орыс басылымының санын арттырып келген қазаққа – әлем теріс айналған тілден тәлім іздеу ендігі жерде ерсі көрінбесе?..

Амал нешік, жейтін еті болса, қазаққа қол сүрткенге болса да, газит керек болар еді, әттең, жейтін ет те тапшы деп сылтауратпай, «Жас Алашыңа» жазылып жүрші, ағайын!

Тегтер: басылым пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49