04.12.2020, 09:24
2818
Режиссер Еркін Рақышевтың «Жүрегіңіз ауырмасын» атты кітабы жарыққа шықты
«Астанаға көктем кеш келеді», «Жетімдер», «Жаралы сезім», «Үмітіңді үзбе» т.б. көркем фильмдермен қатар, «Ашаршылық», «Тұрар Рысқұлов», «Темір нарком Темірбек» деректі фильмдерінің режиссері, қоғам белсендісі Еркін Рақышевтің жақында «Жүрегіңіз ауырмасын» атты кітабы жарық көрді. Жапон дәрігерлерінің атсалысуымен жазылған бұл кітапта жүрек ауруына ұшырамаудың, жүректі қалай күтіп ұстаудың жолдары жайында жазылған. Біз де автормен осы жөнінде сұхбаттасқан едік.
— Еркін аға, жақында сіздің «Жүрегіңіз ауырмасын» атты кітабыңыз шықты. Бұл кітапты жазуға не себеп болды?
— Мен кино түсіріп жүрген жылдары жүрегім мен басым ауырып, бірнеше рет ауруханада жаттым. Екі жылда үш рет жүрекпен, екі рет «миға қан жетіспеушілік» деген диагнозбен ауырдым. Бесінші рет ауруханадан шыққанымда, дәрігерлерге: «Сендер мені дұрыс емдеп жүрген жоқсыңдар, дұрыстап емдесеңдер неге жазылмаймын? Қайта-қайта неге ауыра беремін?» – дедім. Ауруханаға бес рет жатып шықтым, соның ішінде 15-20 рет жедел жәрдем шақырған шығармын. Мына түріммен өлемін ғой деп ренжіп кеттім. Сол күннен бастап «қой, мыналар мені өлтірмей тұрғанда өзімді өзім емдеудің жолдарын үйреніп алайын» деп іздене бастадым. Жүрек ауруларының шығу себептерін, жалпы, жүрек аурулары, одан қалай сақтанудың жолдары, қалай күтіну керектігі жайлы зерттедім. Нәтижесінде аурудың қалай алдын алудың жолдарын білдім. Содан бес жылғы ізденістің арқасында «Жүрегіңіз ауырмасын: жүрек ауруларының алдын алу жолдары» деген кітап жазып шықтым. Бұл кітапты мен Жапонияның кардиологтары мен нейрохирургтарының көмегімен жаздым.
— Жүрек-қан тамырлары ауруын зерттей жүріп, не себепті елімізде дұрыс емдемейтініне көзіңіз жетті?
— Өзімнің жүрек ауруымды қалай емдеймін деп жүріп, көптеген шетелдік кардиолог мамандардың еңбектерімен таныстым. Соны зерттей жүріп, біздің дәрігерлердің ауруымды неге емдей алмай жүргенін түсіндім. Оның басты себебі біздегі денсаулық сақтау министрлігінің емдеу жүйесінің қателіктері екен. Олай дейтінім, бүгінгі таңда әлемде жүрек ауруымен қайтыс болатындар көп. Соның ішінде Қазақстан алдыңғы орындардың бірін алады. Біздің елде жылына қате емдеудің нәтижесінен жүрек-қан тамыры ауруларынан 40 мыңнан аса адам қайтыс болады. Оған әбден көзім жетті. Дәрігерлердің науқастарды қалай емдейтіні бәрімізге белгілі. Яғни жүрек ауруларын тек дәрі-дәрмекпен емдейді. Бірақ сол дәрі-дәрмектер аурудан айығуға 30-ақ пайыз көмектеседі. Ал қалған 70 пайызы мүлде дәрі-дәрмексіз емделуге байланысты екен. Бұл дегеніңіз – профилактикаға, яғни аурудың алдын алуға байланысты. Ал бізде аурудың алдын алу деген атымен жоқ. Оны біздің елге мүлдем енгізбеген. Неге енгізілмегеніне келетін болсақ, бұл басқа әңгіме.
Бұл жерде біздің денсаулық сақтау министрлігі халықтың денсаулығын ойлап отырған жоқ. Шетелдік фармацевтикалық компаниялардың мүддесін ойлап, солардың дәрілерін сатуды өздерінің басты мақсаты етіп қойған. Бұлар соны ойлап отыр. Соның кесірінен жылда көп адам қайтыс болып жатыр. Статистиканы айтар болсам, жүрек-қан тамырлары ауруларының бағдарламалары енген елдерде инфаркт пен инсульттан қайтыс болатын адамдардың саны 60-65 пайызға төмендеген. Әсіресе Финляндия, Жапония, Корея, Израиль, Еуропа елдерінде аз. Сол сияқты, мына кітабымда жазылған аурудың алдын алу жолдарын біздің денсаулық сақтау министрлігі бағдарлама ретінде қабылдаса, жүректен қайтыс болатындар санын екі есеге дейін азайтуға болар еді. Соны айтып жүргеніме екі жыл болды. Бірақ олар мұны істегісі жоқ. Айтып отырғанымдай, бір жылда қайтыс болатын 40 мың адамның кемінде 15 мыңының өмірін сақтап қалуға болар еді. Бұл жөнінде министр Елжан Біртановқа талай рет ескерттім.
Биыл індет өршіген уақытта да қазақ халқы орны толмас қасіретке душар болды. Еліміз ауру жұқтыру жөнінен әлем бойынша бірінші орынға шығып кетті. Бұл деген нағыз масқара ғой. Оның басты себебі неде екенін білесіз бе? Қайталап айтамын, емдеу жүйесінің қателіктерінен болды. Сол кезде министрдің өзі де мойындады. Айналасы бір жарым айдың ішінде 12 рет протокол ауысқан. Яғни қалай емдейтінін жазып алады да, «міне, мына қағаз бойынша емдеңдер» дейді. Үш күннен кейін «ол дұрыс емес, былай емдеңдер» деп қайта өзгерте салады. Осылайша протокол көп ауысты. Бұларға қалай сенуге болады? Тіпті көпшілік ауруханаға барып емделуге қорқып, өз-өздерін үйде емдеп жазды. Себебі дәрігерлерге сенім жоқ. Бірақ дәрігерлерге деп, толық кесіп айтуға да болмайды. Бұл олардың кінәсі емес, мәселе елімізде қалыптасқан емдеу жүйесінің дұрыс еместігінде. Сол індеттен негізінен қарт кісілер қанның қоюланып, бауырдың бітеліп қалуынан қайтыс болды. Жүрек ауруының алдын алғанда қоюланған қанды сұйылтып, бітеліп қалған тамырларды тазалау керек екенін ескерсек, бұның жүректен басқа да қан ауруларына пайдасы мол.
— Жоғарыда айтқаныңыздай, кітапты жазу үшін Жапонияның кардиологтары көмектесті дедіңіз. Олармен қалай байланыс жасадыңыз?
– Тура сол кезде Жапонияға барып, жапондар жайлы кино түсіріп жүргенімде елшілікте тәуелсіздікке арналған жиын болды. Оған Жапонияның сыртқы істер министрлігінің экс-министрі Йорико Кавагучи келіпті. Сол кісімен таныстым. Таныса келе, менің киномның ішінде жүрек ауруларын емдеудің жолдары да болатынын біліп, маған «сені Жапонияның мықты кардиологтарымен таныстырамын» деп, көп көмектесті. Экс-министр таныстырған жапонның мықты кардиолог-дәрігерлерінің кеңесінің арқасында осы кітапты жазып шықтым. Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі болған, қазір Қазақ тамақтану академиясының директоры Төрегелді Шарманов, Байқоңырда ғарышкерлердің денсаулығына жауапты болған Қартамбай Саудабеков ағаларым қолдап, ақыл-кеңестерін берді.
-Кітаптың жалпы мазмұны қалай?
— Басын ашып айтайын, жалпы, бұл кітап адам емдемейді, аурудың алдын алу жолдарын көрсетеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, қарапайым қазақ ауырмайтын жолды қайдан іздейді? Дәрігерге барады. Өкінішке қарай, дәрігер оған ауырмайтын жолды айтпайды. Себебі ауырмайтын жолды біздің ЖОО-дағылар оқытпайды, тек емдеуді оқытады. Ал басты нәрсе аурудың алдын алуды оқыту керек екен. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, мысалы, гүл ектің делік, гүл егуін егіп алып, жайбарақат жүресің. Бір күні қарасаң, гүлдерің қурап жатады. Бұл дегеніңіз – гүлдеріңіз инфаркт, инсультке ұшырады деген сөз. Жалма-жан суғарасың. 30 пайыз гүлің аурушаң болып өседі, 30 пайызы қурап қалады, қалғаны өйтіп-бүйтіп күзге жетеді. Сол сияқты инфаркт, инсульт ауруына ұшыраған адамдардың 30 пайызы қайтыс болады, 30 пайызы жарымжан мүгедек, қалғаны дәрі-дәрмекпен өмір сүруін жалғастыра береді. Міне, сол секілді гүлдерді уақытында суғарып, күтімін жасап отырғаныңда күз келмей, біреуі де өлмейтін еді. Жүрек ауруы да сол секілді күтімді қажет етеді. Кітаптың басты мақсаты – осы. Жапон мамандарының айтуынша, жүрек ауруының алдын алған адам өмірін 17-18 жылға ұзарта алады.
— Жүрек ауруларының алдын алу үшін не істеу қажет?
— Ең бастысы – дұрыс тамақтану. Дұрыс тамақтану үшін қанды қоюландыратын тамақтарды шектеп, керісінше, қанды сұйылтатын, бітеліп қалған қан тамыр түтікшелерін тазартатын тағамдар мен жемістерді пайдалану керек. Бүгінде әлемде қайтыс болатын адамдардың 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулардан қайтыс болатынын ескерсек, мұның маңызы өте зор. Елімізде бұл проблема одан да асқынып тұр. Сол үшін тамақты қарным тойса болды деп жей бермей, жапондар сияқты талғаммен жеу керек. Екіншіден, жүрекке пайдалы жаттығулар жасау керек. Бүгінде адамдардың көп қимыл-қозғалыс жасамауының арты жүрек ауруына алып келеді.
Жапондардың тәсілі бойынша 50-55 жастан асқан адамдар күніне 10-15 минуттай жылы ваннада отырады екен. Себебі жүрек ауруының алдын алуға ең тиімді жолдың бірі – жылы ваннада отыру. Жүрек ауруларының басты себебі қанның қоюлануынан болғандықтан, жылы суда қан тамырлары ашылады әрі қан айналымы жақсарады. Осы секілді жеңіл әдістер көп.
— Дұрыс тамақтану үшін қандай тағамдардан бас тартқан дұрыс?
— Ең бастысы, шамамен 40-45 жастан бастап қуырылған, майлы, тұзды, тәтті тағамдардан шектелген дұрыс. Адамның жасына байланысты жейтін асының пайдасы мен зияны өзгеріп отырады. Мысалы, балаларға сүт пайдалы болса, ересектерге сүтке қарағанда ашыған айран пайдалырақ. Себебі адамның жас кезінде холестерин дене мүшелерінің жетілуін аса қажет етеді. Есею процесі тоқтаған соң, ағзаның холестеринге мұқтаждығы азаяды. Міне, біздің медицинамыз халықты осылай ақпараттандыру керек. Тибетте жүрек ауруын емдеу үшін тамақтанудың дұрыс мәзірін жазып береді екен. Содан кейін дәрігерге барғандардың көпшілігі қайтып келмейді екен. Ал бізде дәрілерін өткізу үшін үйіп-төгіп дәрі жазып береді. Міне, «Ауру – астан...» деген осы. Толығырақ мәлімет алғыңыз келсе, барлығы кітабымда жазылған.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР