Димаш және ұлт

Жеңіс ТЕМІРХАН

21.07.2021, 15:10

1786

Өткен жылдары Димаштың қытай жерінде үлкен өнер додасына қатысып жеңіп алғанында шексіз қуандық, тәубе дедік. Тума талант иесі Димаш әлем елдеріне шығып, өзінің ерекше өнері тәкаппар Еуропа халықтарына, атақты поп-жұлдыз Майкл Джексонның Отаны – алпауыт Американың талғамы жоғары  жұртының ойынан шығып, бірін шыңғыртып, бірін билетіп, бірін жылатып, бірін мұңайтып, дүниені дүр сілкіндіріп, әдемі дүрбелеңге салды да қойды. Димаштың өнерін басында еліміздегі кейбір мамандар жай ғана айқай, шамадан тыс шыңғыру деп қабылдап, аса мән бермегенсіп, нақты кәсіби ойларын білдіруге асықпап еді, сәті түсіп, Қытайдың үлкен өнерпаздар додасына ілігіп, Димаш өз өнерін дүйім жұртқа мойындатты, содан барып, кеңістікке кеңінен тез тарала бастады. Кәсіби мамандардың тұжырымдары бойынша  Димаштың  дауыс диапазоны алты октаваға дейін  жететінін ескеріп, әлемде мұндай құбылыс жүз жылда бір байқалатынын айтып жүр. Әрине, дауыстың диапазоны, оның күш-қуаты сияқты көрсеткіштер физикалық өлшемдермен сипатталатыны белгілі. Ал шығармалардың ішкі иірімдерін, ырғақ-бұлғақ тұстарын, адамның жан дүниесін қозғап, тылсым-тыныс  табиғатын ашатын құдіретті күштерді  ән мен әуеннің әдемі сарынына сыйдыра алатын өнерпаздар арамызда аз кездесетіні белгілі. Димаштың әнді орындау барысында оның сырын ашып, ішкі қуат көздеріне тереңдей білетін қабілетін бағалап, халық әншіні сүйіп тыңдаумен қатар, оның өзін-өзі сахнада ұстауы, инабат пен кішіпейілдігі, түр-сипаты мен салмақты сабырлығы сияқты қасиеттері бізді өнерпаздың алдында еріксіз бас игізеді.

Бұл тұста айналып өтуге болмайтын бір мәселені қозғамақпын. Азаттыққа ие болдық деп, басында алақайлап секіре бастағанымыз рас. Бірақ  біздің толып кеткен шолақ өнерпаздарымыз бір сарында айтылатын мән-мағынасы мардымсыз ыңырсыған әндерге секеңдеген бишілерді араластырып, даңғаза-думандатып, тыңдаушының назарын қырық пышақ қырқындап, есін шығаратын көріністерге кеңістікті толтырды. Мұндай жұпыны ырғақтар мен сұйық сартылдар жастардың жарым-жартысына ұнауы да мүмкін. Бірақ талғампаз қазақ халқы ән өнерін Абайша сүйетін болғандықтан, біздің табиғатымызға аса жатпайтын құбылыстар батыстан ендеп кіріп жатқан жайы бар. Бұл үрдісті тоқтата алмасақ та, біраз әрекет жасауға болады ғой. Мысалы, ана заманда  мәдениет саласында әртүрлі деңгейде шығармашылық (көркемдік) кеңестер жұмыс істеп тұрды. Осы кеңестер әр жобаны жан-жақты талқыға салып, көпшілігінің қолдауымен бекітпесе, бірде-бір салмағы төмен шала шығарма немесе орта қол орындаушылар халық алдына шығарылмайтын. Сөйтіп, тұтынушының ақындарға, сазгерлерге және орындаушыларға деген талғам-талабын біршама жоғары сатыға көтеріп, жалпы мәдениет деген ұғымға жаңа сипат, жаңа көзқарас қалыптастыра бастағанбыз. Амал не, «еркіндіктің арқасында» нарық-марық деп жалаулатып, ұлттық мәдениетімізді анархиялық (бетімен кеткендік) саудаға (коммерцияға) салып, икемсіз иірімге жіберіп алдық.  Бұл тұста ескеретін бір мәселе – ретсіз қатаңдатамыз деп, саяси ықпалға түсіп, әркімнің сойылын соғатын құралдарға айналып кетпей, тек кәсіби талаптармен жұмыс істеуді алға тартқан жөн болар.

Димаштың орындаушылық қабілетін аса бір сәнге бөлейтін сәттер оның ұлттық нақышта қазақ әндерін орындауымен қатар, ұлттық көріністер, сиқырлы қазақи сипаттар, бояуы сіңген ұлттық болмыстар сияқты құндылықтардың  ұтымды пайдалануы және қазақтың қара домбырасында сахна төрінде отыра қалып Құрманғазы бабасының күйлерін дауылпаздық (виртуозды) деңгейде тартып беруі әншінің отансүйгіштігін, ұлтжандылығын және ұлттық намысының өте жоғары екенін білдіреді емес пе? Бұл тұста айта кететін тағы бір жайт, қазақтан шыққан қаншама өнер майталмандары шетке шығып, бөтеннің ботқасын жеп жүргендер аз емес. Мысалы, Мәскеуде қоқырайып жүрген Абай шыққан тобықтының ұрпағы, продюсер Бари Алибасов, «А студионың» қазақ мүшелерін «құртып», шошайып жалғыз қалған керейден шыққан Серкебаев, көпке аса көріне бермейтін  әнші қаракесек Қайметов т.б. сияқты шала қазақтар ататегі қазақ екенін айтуға ұялып, көздері сығырайса да, тектерін жасыруға тырысатындары халықтың ызасын тудырады. Неге? Себебі әу баста бойларында ұлттық намыс, ұлттық рух қалыптаспаған мұндайлар  Ресейге барып, орыс халқын  көгерте қоюы да екіталай.

Мәскеу төрінде атақты продюсер, сазгер Игорь Крутой мен Димаш берген сұхбаттарында кезекті «Евровидение» байқауына қатысу туралы сөз болғанда, Димаш «бұл додаға қатыссам, тек Қазақстанның атынан түсер едім, бірақ қатысуға енді құлқым жоқ» деп, бұл сұрақтың нүктесін бір-ақ қойды.  Бұл жауаптан байқағанымыз, Димаштың алдына қойған мақсаты «Евровидениеден» әлдеқайда жоғары екенін жорамалдауға болады. Әлемді жайлаған коронавирус індеті қазақ жерінде де тарала бастағандықтан, Димаштың Еуропа елдерінде жоспарланған турне-концерттері кейінге қалдырылып, халықтар сұранысы саябырлаған сияқты. Бір қызығы, Димаштың концерттерін қытайлықтар, Австралия, Аргентина  т.б. елдердің азаматтары соңынан қуып жүріп көреді екен. Бұлар әншінің репертуарын әбден игеріп, көптеген әндерін жатқа білетін көрінеді. Тіпті қазақшасын да айнытпай айтып жүргендерін байқадық. Көптеген көрермендер Димаштың әндерінің қуатымен құлан-таза емделіп кеткендерін айтып, көздеріне жас алып жатқандарын да көрдік. Не деген ғаламат, мұндай құдіретті күшті ертеде тек пайғамбарларымызға ғана тән құбылыс екенін естуші едік.

Әлемде талай тума талант иелері болған, көбінің тағдырлары әртүрлі қиындыққа ұшырап, ақырында көреалмаушылықтың, бақталастықтың  немесе қызғаныштың құрбаны болғандарын тарихтан білеміз. Демек, бұл жерде жеке Димаштың және басқа да еліміздегі атақты мәдениет және спорт қайраткерлерінің қауіпсіздігі туралы сөз етпекпін. Атам қазақ «Жаман айтпай – жақсы жоқ» дейді. Өткен ғасырда жұмбақ жағдайда опат болған  Күләштің, Әміренің, Шәкеннің мезгілсіз өлімдері түрлі ойларға жетелейді. Біздің заманның өзінде қапыда құрбан болған Бекзатты, Тенді, Мәскеу кландарының қолынан қаза тапқан Мұрат Насыровты, аяқасты көз жұмған Батырханды, тағы басқа ардақтыларымызды еске алғанда көзің қарауытып, жүрегің сыздайды. Себебі біз ұлт болып, мемлекет болып заңды түрде асылдарымызды қорғай алмай жүрміз. Қорғағанның өзінде, «ұзын шылбыр, кең тұсауға», «ұят болады» деген сенгіштігімізге, жалтақтығымызға салып, қатаң қорғанысқа бара қоймаймыз. Мәскеудің өзінде орыстардан басқа, еврейлер, армяндар, грузиндер, поляктар сияқты ұлттардың клан-топтары ұйымдасқан түрде жұмыс істейтінін естіп жүрміз. Солардың иіріміне түсіп, қармағына іліккен бәсекелестерін жойып жіберуге дейін барады екен. Бұл жерде айтайын дегенім, біздің таланттар сыртқа шыққанда ең бірінші олардың ата-аналары, топ мүшелері, болса жеке оққағарлары өте сақ болғандары абзал, еш уақытта шеттегілерге сенуге болмайды, әсіресе Мәскеу төріне барғанда қауіпсіздік тұрғысынан өте қатаң талаптар қоя білу керек. Бұл мәселе қонтракт-келісім құжаттарында шегелеп шешетіндей дәрежеде көрсетілуі шарт.

Димашты тыңдап отырып талай ойға кететін әдет әркімде байқалатын  болар. Менің бар ойым – Димаштың амандығы, оның барынша ұзақ өмір сүріп, «Ғалам әншісі» деген атақпен адамзаттың асыл мұраттарына жетелейтін маңызды миссиясын орындай берсе екен» деген тілек күні-түні санамнан шығар емес. Негізі, қаны таза, тегі (гені) тұрақты, ниеті дұрыс, көңілі кең, санасы салмақты, пәлсафасы терең Алаш жұртынан әлі-ақ талай даналар, әйгілі ғалымдар, өжет спорт саңлақтары, озық мәдениет қайраткерлері шығатынына өзім толығымен сенемін. Қазірдің өзінде бұл болжамның кейбір көріністері елес бере бастады. Тек, Абайша айтқанда, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» демекші, қазағымыз тез арада есін жиып, жұдырықтай жұмылған ұлт қалыптастыра алса, әлі талай асуларға шығарымыз анық.

Соңында айтарым: қазаққа Құдай берген Димашты Тәңірі сақтап, Алла жар болсын деген тілек-батамыз қабыл болғай!

Тегтер: өнер опера руханият тұлға

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 19:23
Өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31