Диплом бар, жұмыс жоқ

Назерке АЙДЫНҒАЛИҚЫЗЫ

11.08.2021, 14:49

1120

      Жастар арасындағы жұмыссыздық – еліміздегі күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Бүгінде оқуын бітірген түлектердің дені жұмыс таппай сандалып жүргені жасырын емес. Қолында «табақтай» дипломы бар, еңбекке қабілетті жастарымыз еңбек етер кәсіп таба алмай жүр. Бұған себеп не? Жастардың жалқаулығы ма, әлде мемлекет тарапынан мардымды жұмыстың жоқтығы ма?

      Дипломын енді ғана қолына алған жас маман қандай да бір мекеменің есігін қақпасын «тәжірибең бар ма», «бізге білікті мамандар керек еді» сынды жауыр болған сөздерді естуге мәжбүр болады. Ал төрт жылын білім алуға сарп еткен түлекте жұмыс өтілі қайдан болсын.    

      Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыссыз бойжеткендер мен бозбалалардың көпшілігі Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады екен. Барлығы 51,5 мың адамды құрайды. Халық тығыз орналасқан Алматы облысы мен Түркістан облысында да жұмыссыздық басым. Алматы облысында 48,1 мың адам, Түркістан облысында 41,6 адам жұмыс істемейді. Finprom.kz-тің хабарлауынша, Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болды. Елімізде жұмыссыздар саны 442,4 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға азайған. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қалада тұратын жұмыссыздар саны 266,1 мың болса, ауыл тұрғындарының 176,3 мыңы жұмыс істемейді. Елімізде жұмыс істемейтін әйел саны – 238,4 мың, ерлер – 204 мың деп көрсетеді.

     Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ЖОО-ны енді ғана бітірген түлектерге көмек көрсету мақсатында «Жастар тәжірибесі» атты жоба қарастырылған. Ұзақтығы алты айға созылатын бұл жобаға 29 жастан аспаған жұмыссыздар оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жыл ішінде жіберіледі. Еңбекақы ай сайын мемлекет тарапынан төленеді. Айына беретін жалақы мөлшері 102 092 теңгені құрайды. Ал барлық әлеуметтік шегерімдерді ескергенде бұл сома кем дегенде 20 мың теңгеге қысқарады. Мұндай жалақы мөлшері кей жастарды қуанта қоймайтыны айдан анық. Сонымен қатар егер жұмысты туған жерінен емес, басқа қаладан қарастыратын болса, алты ай көлемінде қаланың өзіне уақытша тіркеуге тұру қажет болады. Ал басқа қалаға уақытша тіркеуге тұрудың өзі үлкен мәселе. Міне, осындай жайттардан жастардың сағы сынып, дер кезінде жұмыс таппай қалады немесе өз мамандығынан тыс, айлығы көп жұмыстарды жасап кетеді.

       Алматы қаласының тұрғыны Әлібек Садиков академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жылу энергетикасы мамандығын бітірген. Бір қызығы, әлі күнге дейін өз мамандығымен қызмет атқармаған. «Жұмыс жоқ. Мемлекет ұсынатын жұмыстардың айлығы күлкіңді келтіреді. Ал жоғары жалақы төлейтін мекемелерге кіру үшін «Бәкең» мен «Сәкең» болуы қажет», – дейді ол. Ал Шахризат Сисенбаева есімді ару болса қазіргі уақытта асханалар желісінде кассир қызметін атқарады. Кезінде білдей ҚазҰУ-дың орыс филологиясы мамандығын бітірген. «Жақсы жерден жұмыс таппадым, тапқан жұмысымның айлығы бір басымды асырауға да жетпегендіктен, мүлдем басқа салада еңбек етіп келемін. Бұл жердің айлығы әлдеқайда жақсы. Әрине, дипломымды пайдаға жаратқым келеді. Төрт жылдық еңбегімнің жемісі үйде сувенир болып сақталып тұрғаны қынжылтады. Амал нешік?» – деп, келіншек жан сырымен бөлісті.

     Әрбір адам өзінше күн көріп, шамасы жеткенше еңбек етеді. Қазір қолынан келген, қонышынан басатын қу заман болып тұр. Заман ағымына сай, көптеген жаңа мамандықтар дүниеге келуде. Олардың ішінде SMM бар, таргетологы бар, сату маманы дейді, айта берсең көп. Инста желіні ашып қалсаң, блогерлерден көзің сүрінеді. Аталған салаларда жұмыс атқарып жүрген жандарды қарасаң, қомақты қаржы табады. Ал мемлекетке қарап жұмыс істейтіндердің алар айлығы – 150 мыңның ар жақ, бер жағы. Содан келіп әлгі жастарда осынша жыл оқыған еңбегім қайда қалды деген заңды сұрақ туындайды.

     Әрине, еңбек етемін деген жанға жұмыс жетерлік. Әрдайым екі қолға бір күрек табылары сөзсіз. Алайда оқыған еңбегіңе өз таңдаған мамандығыңмен қызмет қылғанға не жетсін!

Тегтер: жұмыссыдық диплом жастар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39