Доскейдегі дәруіштің күйін кешкен донор

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

15.04.2021, 14:38

1125

Адамның тұла бойын тіршілік нәрімен  сусындатып тұрған қанның кісі баласына қымбаттығы мен қажеттілігі орасан зор.  Әлемдегі әрбір үшінші тұрғын өмірінде бір рет донорлық қанды керек етеді екен. Тіпті медициналық препараттар жасау үшін де донорларға жүгінеді. Бұл – бұлтартпас статистика.  Осы олқылықтарды жойып тұрған жандардың көбінің жағдайы жүдеу.

        Қарағанды облысында 850 тұрақты донор бар.  Былтыр  ерікті қан тапсырушылар  3500  науқастың өмірін ажалдан арашалап қалған. Алайда қанатымен су сепкен қарлығаштардың қатары соңғы екі жылда 32  кісіге кеміген. Донорлардың сиреуін  қызметақы  мөлшерінің төмендігімен және әлеуметтік жеңілдіктердің көрсетілмеуімен байланыстыруға болады.  

      Қарағандының іргесіндегі Доскей ауылында тұратын Сәуле Есенбекова 150 жанның өмірін сақтап қалған. Ол  16 жылдың ішінде   64 литр қан тапсырған. Қаhарман әйел қанша адамға араша болғанымен, бір басына жетерлік тауқыметі бар.  Бейнетқор ана  туған бауырлары мен жұрағаттарының   босағасында екі жылдан бері  алма-кезек  қонақтап жүр.  Баспана мехнаты оның берекесін қашырған.

    – 2019 жылы жекеменшік үйім өртеніп кетті.  Өрт сөндірушілер  тілсіз жау электр тоғының тұйықталуынан орын алғанын айтты. Содан бері әркімнің босағасын сағалап келемін. Тентіреген күйімді көрген  туысқан інілерім мен ауылдастарым үйімнің  сыртын қалыпқа келтіріп берді. Бүтіндей отқа оранған шатырды осында жалдамалы жұмысқа келген өзбек азаматтар жауып берді.  Бірақ  әзірге онда тұруға мүмкіндік жоқ. Үйдің ішіне  әлі жылу құбыры тартылмады, қақыраған қабырғалары сол қалпы тұр. Төл босағамды толық жөнге келтіру  үшін әлі біраз қаражат пен зор күш керек болып тұр, – дейді қарағандылық белсенді донор.  

        Басынан бейнет арылмаған сәулелі жанның өмірге өкпесі көп. Жүрегі шер мен өксікке толы. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші,  аналарына  жәрдем беруден аянбайтын екі ұлының да басыбайлы шаңырағы жоқ. Жалқаулықтан емес, жалақысы мардымсыз жұмыстан несібелері өспей келеді.  Ел десе алып ұшып, елпеңдеп тұратын елу бес жастағы бірегей донор бүгінде әр мекеменің есігін қағып жүр. Жұрт секілді  кәсіп талғайтындай жағдайы жоқ. Кез келген жұмысты арланбай атқаруға әзір.  Жалын шарпыған баспанасын кезінде   үздік сауыншы болғаны үшін кеңшар беріпті.  Кейін кеңшар тарап, жекешелендіру келгенде ашылған құс фабрикасында  табан аудармай 30 жыл еңбек етті. Бертінде нарықтың  қыспағына ілінген  кәсіпорын тоқырауға ұшырап,  тоқтап тынды.  Қазір Доскейдегі халықтың 80 пайызы қалаға қатынап қызмет істейді.  Донор Сәуле  үшін   еден жуу жұмысына кіру де қиямет-қайым болып тұр.

    – Жұмыс берушілер  қалыбыма қарай ма, құжатыма  сүйене ме, бәрі «бізге жастар керек» дейді. Сенсеңіз, теледидардағы жүгіртпемен  берілген, көшеде ілінген  жарнамаларды  қалдырмай жазып алып, қоңырау соғамын.  Барлығы да «елуге  дейінгілерді қабылдаймыз» деп шорт кеседі. Сонда  елуден асқандар қалай және қайтіп күн көруі керек? – дейді кемсеңдеген Сәуле Есенбекова.

        Дәруіштің күйін кешкен донор тұрақты  қан тапсырушыларға тым болмағанда  денсаулық сақтау саласы  қолдау көрсетпейтініне налиды. Белсенді қан беруші Сәуле  Есенбекова 2019 жылы «ҚР денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін»  төсбелгісімен марапатталған.  Бірақ бұл атақ бүгінде  түбімен жойылған. Қан орталығы беретін ақы айлығы түгіл, шайлығына жетпейді. Бар болғаны 700 теңге қай жыртыққа жамау болсын?  Түскі тамаққа деп берген ақша  қала мен ауыл арасына бір мәрте  барып келуден артылмайды.    

Қаннан зәрулік көргенде қан қақсаймыз. Ал қасқалдақтың қанындай аз  қан тапсырушыларды қоғам  әлі бағаламай келеді. Қазақстанда бір қан берген еріктіге  небары 0,25 пайыздық есептік көрсеткіш бойынша қаржы төленеді. Әр нәрсенің парқын бағалайтын Германияда бір рет қан бергендерге 10 евродан басталып,  әр келген қадам үшін бағасын тоқтаусыз өсіре береді. Ресей астанасы Мәскеуде 20 рет келген донорға «Мәскеудің құрметті доноры» деген атақ беріледі. Оларға  қоғамдық көлікте тегін жүруге құқық берілген. Коммуналдық төлемақыны  төлеуге  50 пайыздық жеңілдік жасап қойған.  Біздегі  құзырлы министрлік осылай бағалаудың  тетігін  неге   таппайды?  Бәрін президентке ысырып,  бейқамдыққа салынады. Беруге келгенде сыныққа сылтау іздеп,  берекемізді қашырады. Оспадар әдетке салынып, халықты «Құдайдан қайтады» деп қашанға дейін алдаймыз?

Тегтер: донор медицина жекеменішк мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі
Еркежан АРЫН 19.10.2021, 14:40
еGov принциптері банктерді цифрландыру саласында қолданыс табуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2021, 14:01
Алматыда "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы асында 1100-ден аса жоба қаржыландырылды
Нұрай РАХЫМ 19.10.2021, 12:49
Тағы да «СК-Фармацияның» жыры
Бифат ЕЛТАЕВА 19.10.2021, 11:16
Жаңарған ҚазҰУ
Қуаныш ЕРМЕКОВА 19.10.2021, 09:43
Көші-қон саясаты қуантып тұр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31