Дүниеге несібемен емес, несиемен келіп жатыр қазақтың баласы...

Қарлығаш Зарыққанқызы

29.09.2020, 09:45

1029

      Еліміздің қаржылық сауаттылығын зерттейтін «Барометр» орталығының мәліметінше, Қазақстанда несиені  орынсыз алатындардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, қазір жалпы Қазақстан халқының үштен бірінде несие бар десек,  солардың дені жоспарлы, мақсатты түрде алынбаған несиелер екен. Аталмыш орталықтың қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, тіпті баласы дүниеге келгенде шілдехана жасау үшін де несие алатындардың саны артқан. «Алматы қаласы бойынша 420 мың адамға сауалнама жүргіздік, олардың 54 пайызы той-томалаққа, шілдехана өткізуге, баласын үйлендіруге, ата-аналарының мерейтойын өткізуге 3-5 млн теңге көлемінде несие алған. Мұндай несиені қаржыгерлер ақылсыз, ретсіз несиелердің қатарына жатқызады», – дейді Арман Мусин.

                  Бала капиталын жасақтап үйренейік

       Қаржыгердің пайымдауынша, болашақта дүниеге келетін баласына да несие қарызы артылып тұрмау үшін қазаққа балаға арналған капитал жинауды үйрену керек. Осы арада біз  еліміздегі  Адам ұрпағын өрбіту орталығының маманы Аида Тілеукинаның мына пікірін мысал етуді жөн көрдік.  Эко-орталық маманының айтуынша, тіпті эко әдісін жасайтын кезде ақшалары болмай, несие алып, бала сүйіп жатқан отбасылар да кездеседі екен.

-Менің алдыма бала сүйгісі келген бір әйел келді. Ол осы әрекеті арқылы отбасын сақтап қалғысы келетінін, өмірге бала әкелсе, отбасылық мәселелері шешілетінін айтты. Мен біздің орталықта адам ұрпағын өрбітудің құнын есептеп беріп едім, әлгі әйел ондай қаржысы жоқ екенін айтып, жағдайын түсінуін өтінді. Сонымен, өз құнынан бірнеше есе арзан бағамен біз ол әйелдің өтінішіне құлақ астық. Сөйтіп, әлгі отбасы біздің орталықтың бірнеше есе арзан етіп ұсынған бағасының өзін тауып бере алмай, банктен несие алды. Банктен алынған несие ақша екенін ескеріп, біз барымызды салып, әйелге өзіндік тәсілімізді қолдандық. Іс нәтижелі болып, әлгі кейіпкеріміз дүниеге бала әкелді. Бір қынжыларлығы, әйелі мына жақта қиналып, бала туу үшін тырысып, отбасын сақтап қаламын деп жанталасып жатқанда, күйеуі ішімдік ішіп, баланың дүниеге келгенін «тойлатып» та жүрді. Осындай жағдайлар мені еріксіз толғантады. Бала сүйгісі келіп, несие алып, нәресте сүйіп жататын жайттар бізде жиі кездеседі. Бұған байланыстыра айтарым, әр нәресте дүниеге несиемен емес, несібемен келсін десек, балаға арнап капитал жинаған артық болмайды. Сондықтан біздің қаракөздер айлық табысының кем дегенде 5 пайызын баласына арнап салып отырса жөн болар еді. Балаға арнап инвестиция жинау – бұл болашаққа капитал жинау, сол баланың болашағын қамтамасыз ету. Демек, мұны бізге үйренетін кез әлдеқашан жетті, – дейді эмбриолог Аида Тілеукина.

                             Еврей мен қытайдан кембіз бе?

      Бала капиталы туралы сөз еткенде өзге елдердің тәжірибесі ойлантпай қоймайды. Мысалы, еврейлер баласына бес жасынан бастап бизнес әлiппесiн үйретедi. Ондағысы – «балам есейгенде ешкiмге кiрiптар болмай, ауқатты жан болса» дегенi.Ал жапондардың «Бала капиталы» атты мемлекеттiк бағдарламасын Жапонияның әр отбасы төрiне iлiп қойып, жата-жастана жүрiп оқиды. Бұл да бала капиталын дамытудың бiр үрдiсi. Ағылшындар тапқан табысының 25 пайызын мiндеттi түрде баласының есепшотына салып отырады. Ол да ержеткенде баласының алдында жерге қарап қалмаудың бiр амалы.  Ал Қытайда балаға инвестиция салуға үкiметпен қоса, мемлекеттiк компания да жәрдемдеседi.

 - Қытайда қазiр 100 мыңға тарта мемлекеттiк компания бар. Мiне, сол компаниялар тапқан табысының 25-28 пайызын ел балаларына  жәрдемақы ретiнде мемлекет қазынасына аударып отырады. Сонда Қытай балалары үкiметтен бiр қаржыландырылса, мемлекеттiк компанияларарқылы тағыбiр қаржы бөлінедi. Ал біздегі компаниялар салықтан жалтарып, жұмысшыларына еңбекақыны уақтылы төлей алмай, үнемі шу болып жатады. Бізге неге осындай шараларды қолға алмасқа?! Ресейдің «Ана капиталы» да бүгінде үлгі боларлықтай деңгейде.  Жалпы, балаға салынған инвестиция болашаққа капитал екенін бүгінде бірқатар қауым мойындап та үлгерді. Экономист-сарапшылардың бағамдауынша, Қазақстан халқының 8 пайызы ғана баласына инвестиция салуға ықылас бiлдiретiн көрiнедi. Ал қалғаны «балам жоғары бiлiм алса болды» деген бағытты көбiрек ұстанады, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

       

                           Қаржы заңдылығын меңгеру қажет

       Негiзiнде, мамандардың байыптауынша, шындап келгенде Қазақстан халқының 58 пайызының баласына инвестиция салуға мүмкiндiгi бар. Бұл ретте экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева: «Әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 12 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi», – дейді.

— Қазақтар балаға инвестиция салу мәселесiне мүлде мән бермейдi. Бұл  өте қате нәрсе. Балаға қосымша қор жинауды қазақтың санасына сiңiретiн уақыт жеттi. Қазiр «әр баланың өз несiбесi бар» деп, арқаны кеңге салудың кезi өттi. Негiзiнде, кез келген отбасы, мейлi 30 мың теңге тапсын, мейлi 50 мың теңге жалақы алсын, соның тым құрығанда 5 пайызын баласының капиталына салып отырса, аз да болса қор жиналатын едi. Сосын, ол бiртiндеп көбейе бередi. Бұл жерде ата-ананың мiндеттi түрде ауқатты болуы шарт емес. Тек балаға қор жинаудың қыр-сырын үйренуге ұмтылса болғаны, шаруа дөңгеленiп жүре бередi», – дейдi экономист-сарапшы.       Бұған қоса, мамандар әр баланың өзіне қаржы үнемдеуді, қаржы жинауды үйреткен абзал дейді. «Қазір біздегі «Банктер және банк қызметі» туралы заңның томпақ тұстары көп. Мысалы, заңда несиені мұраға қалдыру тармағы бар. Ол бойынша, егер несие рәсімдеген әке-шешесі қайтыс болса, ол несие мұра ретінде баласына беріледі. Бала 18 жасқа толғанда сол әке-шешесінен қалған несиені төлеуге міндетті болып шыға келеді. Дерек бойынша, елде жеке тұлғаларға берілетін жалпы несиенің алынған көлемін адам басына шаққанда, әр қазақстандық банктерге қарыз болып шыға келеді.  Сондықтан бұл арада несиесіз өмір сүруді жоспарлау керек. Нәресте несиесіз болу үшін бала капиталын балалардың өзіне үйрету керек. Абзалында, қазіргінің баласына дейін әке-шешесі «ұсақ-түйегіңді түгендерсің» деп беретін қаржыны тықпыштап, жинауға бейім. Мұны қайсыбіреулер «нарық заңына ыңғайлану» деп түсінеді. Ал бұл шынымен нарық заңын ұғыну ма? Болмаса біз күнделікті тірлік қамына бола қаржымызды жинаған болып жүрміз бе? Осыны зерттеу керек. Балаға ақшамен жұмыс істеуді үйрету керек, – дейді Меруерт Молдабаева.

      Бұдан бөлек, ақша жинау турасында қаржыгерлер: «Болашақта халыққа берілетін мемлекеттік жәрдемақының үлесі артып, елді жұмыспен қамту мәселесі шешілуі қажет. Еңбекшіл қоғам құрылуы керек. Сол кезде халық та ақша жинауға қабілетті болады», – дейді.   

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:34
Жер астероидпен соқтығысуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 10:36
Елімізде тағы 158 адам пневмониямен ауырып, 4 науқас көз жұмды
Сайт әкімшілігі 17.10.2020, 09:19
Өткен тәулікте 100 адам коронавирус жұқтырды

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33