Еліміздің демографиялық саясаты өз жемісін беруде

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

12.10.2021, 16:00

562

Барлық ел үшін демографиялық саясат маңызды рөл атқарады. Өйткені мемлекеттің басты байлығы — адам. Сондықтан мемлекет ұлттың өсіміне, денсаулығына, әлеуметтік жағдайы мен біліміне айрықша мән беріп, халықтың сапалық тұрғыдан барынша дұрыс дамуына, демографиялық саясаттың дұрыс жүруіне жағдай жасайды. Мемлекеттік басқару ісінде халықтың нақты санын да біліп, соған сай әлеуметтік экономикалық жоспарлау да маңызды. Осы орайда еліміз он жыл да бір рет Ұлттық халық санағын өткізіп тұрады.

Дәл қазір біздің елімізде де Ұлттық науқан халық санағы өткізілуде. Негізі соңғы науқан 2009 жылы өткен болатын. Соған сай кезекті санақ 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданды. Ал 2020 жылы еліміздегі коронавирустық инфекцияның таралуы мен енгізілген шектеулі карантиндік шараларға байланысты тағы да науқанды кейінге қалдырған болатынбыз. Екі жыл қатарынан кейінге шегінген ұлттық халық санағы биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығына жоспарланып, өткізілуде. Санақ екі кезеңге бөлініп, онлайн және офлайн өтуде. Онлайн халық санағын бірінші қыркүйектен бастау жоспарланып, дәл қазір онлайн санақтан өткендер саны 7 млн адамнан асып отыр. Санақ жұмыстары бойынша Түркістан облысы алда келеді. Мұнда 913 мыңдай тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Тағы 746 мың азамат Алматы облысында тіркелген. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеп тұр. Мұнда 707 мың адам санақ сауалдарына онлайн жауап бере алған. Әзірге соңғы екі орында Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 215 мың және 165 мың тұрғын санақтан өтіпті. Осылайша халық санағына онлайн қатысқан азаматтардың үлесі 37 пайызды құрап отыр. Енді халықтың қалған бөлігі дәстүрлі санақтан өтеді.

Осы орайда айта кетер жайт, тексерілген, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін халықтың нақты санымен қоса жас құрамын, жыныстық құрамын, урбанизация дәрежесі секілді маңызды мәліметтерді анықтап, бұл жолғы санақ барынша жан жақты өткізілуде. Онлайн санақтан өту үшін арнайы сайтқа тәулік бойы кіру қамтамасыз етілген. Кез келген адам  орналасқан жеріне қарамастан, виртуалды көмекшінің көмегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін сауалнамалар арқылы толтыра алады. Ал онлайн санақтан өте алмаған азаматтар дәстүрлі үздіксіз санақтан өтеді. Ол үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін дәстүрлі санақ жұмыстары жүргізіледі. Атап өтер жайт деректер барынша дұрыс әрі нақты болуы үшін барлық жағдай жасалған. Оның ішінде деректер факторына адам факторының әсерін барынша азайту, ЖСН қолдану арқылы сенімділік деңгейін жоғарылату, ақпараттың қайталануына жол бермеу шаралары қарастырылған. Санақтан онлайн өтушілер арнайы мобильді қосымшаның көмегімен интервьюер кіріктірілген арифметикалық және логикалық бақылауды ескере отырып сауалнама жүргізе алады. Ал алынған мәліметтер тікелей ортақ дерекқорға жіберіліп отырады. Шыны керек басында халқымыз санақтағы түрлі сауалнамалар да сескеніп те қалған болатын. Алайда халықтың жағдайымен жете танысып, соған сай әрекет етуді ойлаған мемлекетіміздің бұл қадамы құптарлық екенін байқап отырмыз. Қазір халықтың тұрып жатқан жылжымайтын мүлкінің жағдайына шейін білу арқылы қаншалықты қауіпсіздігі қамтылғанын анықтау мүмкіндіктері ескеріліп отырғанын түсінуге болады. Ал ұлттық санақ жұмыстары біткен соң санақты ұйымдастырушылар қолданған электронды планшеттерді тиісті аймақтардағы мектептерге беру жоспарланған. Яғни санақ кезінде қолданылған планшеттерді де санақ біткен соң халық игілігіне сай қолдану алдын ала шешілген. Жалпы еліміздегі жасалып жатқан жұмыстар мен қабылданған мемлекеттік бағдарлама, заңдардың барлығы халық игілігі үшін екені даусыз. Сондықтан санақтан соң да мемлекетіміз халықтың тұрмыс тіршілігін ескерген, келелі жобаларды қолға алады деген үміт зор!

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз ұлт денсаулығын басты назарда ұстап келеді. Соның дәлелі осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, олар толығымен іске асырылды. Атап айтсақ «100 мектеп, 100 аурухана», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламаларының нәтижесінде еліміздің түкпір түкпіріндегі ескі ауруханалар жаңарып, кейбір медициналық ғимараты жоқ өңірлерге заманауи жарақтанған ауруханалар салынды. Халық ем іздеп аудан мен облыстарға шабылмасы үшін ауылдық жерлерге медициналық амбулаториялар салынып, пайдалануға берілді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы арқасында медициналық көмектің қолжетімділігі артып, дәрігер жетіспеушілігі мәселесін шешуге көңіл бөлінді. Жалпы осынау мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Қазақстан халқының орташа өмір сүру жасы 72-ге жетті, халық саны 18 миллионнан асты, ел ішіндегі туу көрсеткіші көбейді. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілуі жақсарды. Мемлекет басшыларының да жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында ел медицинасының мәселелері шет қалмай үнемі атап өтіліп, шешу жолдары қарастырылуда. Тағы бір атап өтер жайт,  Қазақстанда дүниежүзілік стандартқа сай ауруханалар мен емханалар салынып, ғалымдары, дәрігерлері әлемнің үздік емдеу орталықтарында білім алып, еңбек жолын елімізде жалғастырып жатыр. Қазір көптеген қиын оталарды шекара аспай ақ өз елімізде жасау мүмкіндігі артып отыр. Мұның барлығы еліміздегі демографиялық саясатта халық саулығының айрықша орны бар екенінің бір дәлелі деуге болады.

Халық демографиясын арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде Тәуелсіздік алған тұста,  1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осылайша 14 миллионға дейін кеміген халқымыздың саны қазір қайтадан өсу үстінде. Атап айтсақ халық саны қысқа мерзім ішінде 16 миллион 793 мыңнан 14 миллион 867 мыңға дейін азайған болатын. Ал қазір өсу көрсеткіші байқалады. Үлкен демографиялық дағдарысқа тап болған еліміз 40-тан астам елден 5 миллионға жуық қандастарды елге қайтаруға бағытталған демографиялық саясатын әзірлеп, ол сәтті аяқталды. Халық санын туу көрсеткішімен ғана емес, көші қонмен де көбейтудің арқасында миллиондаған қандастарымыз тарихи отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне айтарлықтай ықпал етті. Он жыл ішінде тарихи отанына, негізінен ТМД елдерінен, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Ираннан ресми статистикалық дерек бойынша 650 мыңнан астам адам оралыпты. Мүмкіндік туған соң квотаны күтпей-ақ өз бетінше көшіп келушілердің де қатары артты. 2020 жылы қабылданған жаңа заңға сәйкес, елге көшіп келген этникалық қазақтарға  тұруға ықтиярхатпен бірге елдің азаматтығын алуға да өтініш беру мүмкіндігі берілді.

Сондай-ақ, Қазақстанның тұрғылықты халқы да өсіп-өне бастады. Бүгінде республикадағы өлім-жітімге қарағанда туу көрсеткіші жоғары. Осынау кең байтақ жерімізді игеру үшін халық санының көбеюі аса маңызды. Жалпы еліміз жер өлшеміне қарай әлемнің ең үлкен елдерінің  арасында 9-шы орында. Сондықтан осынша кең байтақ жерді игеру үшін халықты көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Әсіресе ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік жағдай жақсарып келеді.

Соның дәлелі баланың дүниеге келуіне орай төленетін жәрдемақы көлемі жыл өткен сайын артып келе жатыр. Мәселен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшеріне келсек, бірінші немесе үшінші баланың туылуына орай берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге теңдей төленіп, бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК яғни 110 846 теңгеге жеткен. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңгені құрайды. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.  Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жасқа толық толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 25 962 теңге болып өскен.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы жәрдемақы да өсіп,  атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленуде. Жәрдемақылардың мұндай өсуі халық санағына да оң ықпал етті. Соның дәлелі 2021 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 100,5 мың сәби дүниеге келген. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен көрсеткіштердің бірі деп бағаланып отыр. Өйткені өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 8,4%-ды құраған. 2019 жылы 91,9 мың сәби дүниеге келсе, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 92,7 мың бала дүниеге келген. Жалпы, еліміздегі бэби-бум қуантып тұр. 2020 жылы Қазақстанда барлығы 425 мың бала дүниеге келген екен.  Бұл 2019 жылдағы көрсеткіштен 6 пайызға көп. Биыл да бұдан көп болмаса аз болмасына үміт мол! Сондықтан елдегі бала туу көрсеткіші демографиялық саясатқа да оң ықпал етіп, ұлтымыздың жыл санап көбейіп жатқаны көңіл қуантады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 22.10.2021, 19:23
Қуатты өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31