«Елорда жастары» жастарға берілген мүмкіндік

Нұрай РАХЫМ

12.10.2021, 14:31

298

Қазіргі кезде миллионнан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласында елорданың даму жоспары бойынша халық саны 2030 жылға қарай 2 млн адамға жетіп,  2050 жылға қарай 3 миллионнан асады деп болжамдалған. Ал бұл дегеніміз халық санының өсуіне байланысты қалада қосымша әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу қажеттілігі артатынын, жыл сайын баспанаға мұқтаж адамдардың саны ұлғаятынын көрсетеді. Осыған сәйкес, астанада биылғы 14 қазаннан бастап жастарға арналған «Елорда жастары» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Осы күннен бастап құжаттар қабылданбақ.   

Жеңілдетілген бұл әлеуметтік несиелендіру тұрғын үй бағдарламасы елорданың жас мамандарына арналған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, полиция департаменті, ТЖД қызметкерлері, коммуналдық кәсіпорындардың бейінді қызметкерлері және т.б. осы бағдарламамен пәтер ала алады.

Мәселен, былтыр елордада әлеуметтік осал топқа жататын 45 мыңнан артық азамат баспанаға кезекте тұрғаны айтылса, соның 3 мыңға жуығы жетімдер санатына жатады. Айта кету керек, биыл астана күніне орай кезекте тұрған 400 отбасы баспаналы болған. Оның ішінде, жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер және т.б. Сол кезде қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік тұрғын үй қаланың барлық ауданында салынып жатқанын хабарлаған болатын. 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, ал 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілген екен.

Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын 29 жасқа толмаған, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын әрі жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалдамалы пәтер беріле бастаған. Бұл бағдарлама да өз кезегінде жастар үшін біраз жеңілдігін тигізді деуге болады.

«Елорда жастары» бағдарламасына неше жастағы азаматтар

қатыса алады?

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда, жұбайының/зайыбының жасы маңызды емес) жастар қатыса алады. Оған мынандай талаптар кіреді: қалада кемінде бір жыл тіркеулі, Отбасы банкте жинақ шоты бар, бағдарлама үміткерінің жеке тұрғын үйі болмауы тиіс (соңғы 5 жыл ішінде), ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем емес.

Осылайша, аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. (жылдық 5% жеңілдікпен). Сатып алынатын тұрғын үйдің құны — шектеусіз. Қарыз 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Үй алу үшін өтінім қайда тастау керек?

Өтінімдерді қабылдау qatysu.zhilfond.kz порталында жүзеге асырылады. Қатысушылардың санаттары, тұрғын үй алу талаптары мен алгоритмі бойынша қосымша ақпаратпен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ сайтында (zhilfond.kz) танысуға болады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыларды іріктеу балдық жүйеге сәйкес басталады.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров:

«Бағдарлама бойынша қатысушы үйді өзі таңдайды»

‒ «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы туралы негізінен журналистер естіген шығар, ал жастарға әкімдік қалай хабар беріп жатыр?  

‒ Жастардың көпшілігі қазір уақыттарының көп бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді. Сондықтан қаламыздың танымал парақшаларында таратуға тырысып жатырмыз. Отбасы банк тарапынан ақпараттық жұмыстары да жүргізілуде. Себебі тұрғын үй мәселесі жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Сонымен қатар, бағдарламаның басталысымен, бізбен, Тұрғын үй басқармасымен телеканалдар, журналисттер байланыс орнатып, мақала, сюжеттер жасалуда. Оған қоса, студенттік жастар, волонтерлар арасында да жиындар өткізіп, бағдарлама туралы сөз қозғаудамыз.

‒ Қазір бұл бағдарламамен баспана алуға үміткерлер бар ма?

‒ Құжаттарды қабылдау 14 қазаннан басталады. Оған дейін ештеңе айта алмаймын, себебі құжаттарды қабылдау электронды түрде жүзеге асады және барлығы ұпаймен есептеледі. Аталған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға Отбасы банкі көмектеспек және 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы негіз болады. Себебі, бұдан бөлек, «Elorda Jastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу және т.б. бағыттар да бар.

‒ Қазір нарықта үйдің бағасы қымбаттап кетті. Сіздер айтып жатқан 18 млн несиеге кейбір аудандардан 1 бөлмелі пәтердің өзі түспейді. Сонда бағдарлама бойынша берілетін үйлер қандай?

‒ Бағдарлама бойынша қатысушы үйді өзі таңдайды. Сонымен қатар, 18 млн-мен шектеліп қалмай, өз қаражатынан да қосуына мүмкіндік бар.

‒ Бұл бағдарламаға қатысатын жастардың жалақысы қандай болуы тиіс?

‒ Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы 6 ең төмен күнкөріс деңгейінен немесе 205 812 теңгеден (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды шегере отырып) аспауы тиіс. Мысалы, өтініш беруші некеге тұрған және  кәмелетке толмаған 2 баласы бар делік, отбасы құрамын ескере отырып, ерлі-зайыптылардың қолына тиетін жиынтық табысы айына 823 248 теңгеден аспауы тиіс (4*205 812=823 248).

‒ 29 жасқа жетпеген Астана, Алматы, Шымкент  қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы болды. Қазір мұның жағдайы не болды? Бағдарлама бар ма, тоқтап қалды ма?

‒ Әрине, бағдарлама жалғасуда. Жыл сайын құжаттарды қабылдау қараша айында жүргізіледі. Биыл 1050 пәтер бөлу көзделген.

‒ Астананың тұрғындарының/жастарының үй-күйсіз сенделіп жүруі әкімдікке сын. Осы уақытқа дейін елордада қанша жас отбасы өз баспанасына қол жеткізді?

‒ Жастар саясатымен айналысқандықтан, оларды қолдау, дамуына ықпал ету – біздің міндет. Осы орайда, тұрғын үй сұрағы барлық санаттағы азаматтардың мәселесі. Өз тарапымыздан 2019 жылы Елбасы тапсырмасымен бастау алған әрі өзіңіз атап өткен «Жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» мен «Елорда жастары» бағдарламаларын атап өте аламын. Біріншісі бойынша осы уақытқа дейін 1450 жас азамат тұрғын үймен қамтылды. 5 жылда олар коммуналдық қызметтерге максимум 15 мың теңге көлемінде төлеп, ақырындап өз пәтерлеріне ақша жинауларына мүмкіндік алады. Бағдарлама балдық жүйе арқылы жүзеге асырылғандықтан, жастардың отбасы мен балаларының болуы үлкен плюс. Себебі ол үшін ұпайлар беріледі. Сондықтан пәтер иелерінің көбі жас отбасылар.

Тегтер: тұрғын үй пәтер үлескер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31