Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек

Елеусіз МҰРАТ

03.08.2021, 09:20

2009

        Еңбектеген  баладан еңкейген шалға дейінгілерді өзіне телміртіп, тас кенеше жабыстырып, табындырып  қойған интернет ресурстары әдеп пен иба атаулыдан жұрдай, өтірік пен өсектің, жалғандық пен жала жабушылықтың көзіне айналып барады. Ойы бұзық, сауаты төмен немесе пікір алаңын бақай есебіне пайдаланғысы келетін  пасық адамдарға әлеуметтік желінің терезесін ашып жіберіп, өзіне ұнамайтын кісінің жасы  мен сақалына қарамастан, аппақ арына күйе жағып, құсығын төге салу түкке де тұрмай қалды. Олардың санасында  әлеуметтік желі  дегеніміз – бас иесі мен жауапкершілігі жоқ жай пікір алаңы ғана, ал  заң алдындағы жауапкершілікке  түрлі жазбалары  арқылы өзгелердің беделіне нұқсан келтіретін  газет-журнал басылымдары жауап берсін  деген соқыр түсінік қалыптасып қалған.

        Қарап отырсаңыз,  мұндай ойдың да  жаны бар, расында да, өмір тәжірибесіне сүйенсек,  қолында өкілеттігі бар құзырлы органдардың  өздері де еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының  талаптарына  сәйкес,  ақпарат көзіне жататын интернет ресурстарында орналастырылатын  хабарлар мен пікірлердің  қаншалықты заңды екеніне көз жұма қарап,   көбінесе баспасөз басылымдарындағы деректерді  төңіректеп кетеді. Мұндай көзқарастың салдарынан адамның арына тиіп, қорлайтын  жағымсыз  ақпараттар тарату, әсіресе,  бақылаусыз  фейсбук желісінде өрттей өршіп тұр. Онда өңір-өңірге, ру-руға бөлініп айтысу, бірін-бірі төбелеске шақыру, бір-біріне жуынды  шашуы  көз үйренген дағдылы  әдетке айналып кеткен.

       Фейсбукте не көп – топ көп, айғайлап тұрған атауына қарап, алыстан атойлап жеткеніңмен, оқитын нәрсең сол баяғы іші толған қате, күдігі мен күмәні көп шикі ақпараттар болып шығады. Журналистикадан хабары жоқ блогерсымақтарымыз  матаның даңқымен бөздерін өткізу үшін  сол татымы жоқ, арзан ақпараттарының  шекесіне  «мынаны қара», «сөйдепті ғой», «масқара-ай» деп ішегін ішіне тартып, таңдайын қаққан кейіп танытып, аңқау  оқырмандарын  алдап шақырып алатынын қайтерсің. Ұлтшыл қауым атам замандардан  алтыбақан алауыздығынан тоз-тоз болып,  шашырап жүрген  үркердей қазақтың басын біріктіре алмай  жүрсе,  фейсбуктың оқырмандары «Албан», «Найман», «Қожа» деп жеке-жеке топ ашып, ру-руға бөлініп алған.  Солардың арасында өтірік аккаунт ашып алған  кейбір  усойқылары ру мен рудың арасына ши жүгіртіп, тонның ішкі бауындай араласып кеткен азғантай  ағайынды қырқыстырып  қоюға құмар немесе әр өңір адамдарының мінез-құлқы мен  салт-дәстүрін  жамандап, ел-жұртты жағаластырып қоятын  оспадарлар  қаншама... 

        Қайбір жылы  Жамбыл жақтан «қызық» іздеген  кейбіреулердің айдаладағы албан руының намысына тиетін сөз жазып, қырылыстырып қойғаны бар. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желі  әркім ойына келгенін айтатын жүгенсіз кеткен жүйеге айналып отыр. Жардың  ығында  жасырынып отырып,  жұртқа күл шашатындардан бөлек,  тікелей эфирге шығып алып, «мынауың қалай» деген адамның  сақалы мен самайының ағына қарамастан, заматында жеті атасын  түгендеп, түгін қалдырмай  сыбап салатын Мұрат Әбділда деген  тағы біреу бар. Ол кеш бата жұрттың аузын боқтыққа толтырып, тікелей эфирді  ластап жатса да, оған қой деп айтатын  ешкім жоқ. Әлеуметтік желі оның құдды бір құтты мекені сияқты. Әлде топ әкімшісі Әбділда сияқтылардың боқтыққа толы сөздерін  көбірек берсек, топ арасындағы беделіміз биіктеп, абыройымыз  асқақтап кетеді  деп ойлай ма екен? Мүмкін, капиталистік қоғамда  пікірдің ашықтығы да қажет шығар,  алайда  көпшілікке айтылатын ой мен уәж  әдептен аспауы керек  емес пе?!

        Мұны да қойшы, соңғы кездері  әлеуметтік желі бетінде  ыңғайға келсін-келмесін белгілі тұлғалардың  руын түгендеп,  соның  сойылын соғатындар  көбейді.  Осы биыл қайбір жылы  сотталып,  таяуда мерзімінен бұрын шартты жазаға босап шыққан бұрынғы шенеунік Ислам Әбішті қайтадан қолтығынан демеп,  атқа қондырғысы  келетін ағайын-туыстарының қара-құрасы тіптен мол. Сондағы олардың түпкі ойы  – «іскер кісі еді, әттең, әділетсіздіктің құрбаны болып  кетті, егер Ислам Әбішті қайтадан таққа отырғызсақ, ол  мына былықты   жөндер еді» деген гөй-гөйге саяды. Ислам Әбіштің жеке басының адалдығы мен іскерлік қабілетіне күмәніміз жоқ, тек қолданыстағы заңдарымыздың сотталып шыққандарға қатысты ханға да, қараға да ортақ қағидаты Ислам Әбішке жүрмеуі тиіс пе?

       Әлеуметтік желі бетінде рушылдықпен ауырған кейбір дімкәс адамдардың ұзақ жылдар бойына мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарып, өз еркімен демалысқа шыққан Иманғали Тасмағамбетовтің де құлағын шулатып, «осы кісі президент болса, дауыс беріп қолдар ма едіңіз» деген тәрізді елдің қамынан гөрі белгілі бір рудың сойылын соғуды көздеп, түкке тұрғысыз  пікірлерін  көпшіліктің көкірегіне қайта-қайта тыққыштап жүргендер қаншама. Ақыры ауруы асқынған әлеуметтік желі бетіндегі өсек-аяң жазушы Аягүл Мантайдың қайғылы қазасымен аяқталды. Қазір  желі оқырмандары жазушы қыздың тосын өліміне оның дүние саларынан бір күн бұрын  Шымкентте қайтадан шыға бастаған «Ақжүніс» хабарының жүргізушісі  Сәуле Әбілдаханқызының  аты-жөнін ашық  айтпаса да, астарлап  өкпе-назын білдірген   пікіріне қарап, себеп содан болды-ау деп  топшылауда.

        Анығында, болжам мен дәлел екеуі екі бөлек нәрсе.  Шын мәнінде  Аягүл Мантайдың өз-өзіне қол жұмсауына себеп болған қандай жағдай?  Егер  жұрттың айтып жүргеніндей,  кісі өліміне жазықты  Сәуле Әбілдаханқызы болса, кешегі күнге дейін  апалы-сіңлілі болып, әңгімелері жарасып жүрген адамдардың арасынан қара мысық кейпінде жүгіріп өткен қандай бас араздық? Әлде бұл жерде  басқалай себептер бар ма? Біздіңше,  Аягүл Мантайдың өлімінің себеп-салдары тым тереңде жатқан сияқты. Оның қазасы талантты бағаламайтын тасбауыр қоғамның құрбандығына ұшыраған сандаған жастардың бүгінгі жиынтық бейнесі сияқты көрінеді де тұрады. Талантты қыздың қабырғаны қайыстырып кеткен тосын өлімі  жүрегі адалдық деп соғып, ашығын айтқан адамдардың  мына  әлдінің сөзі үстемдік жасап тұрған қоғамда  қоқыспен бірге күресінге  сыпырылып, керексіз болып қалатынын,  көзі тірісінде сыртқа тепкен таланттыларымызды  өлгеннен кейін  сықсыңдап өтірік жылап, еске алатынымызды  тағы да көрсетіп берді. «Бір сынаған жаманды екіншілей сынама, Тіріде сыйласпаған ағайын, құм құйылсын көзіңе, Өлгенде бекер жылама», – деп Махамбет ақын айтқандай, енді аһ ұрып, сан соққаннан не пайда?!

         Талантты жасынан қапияда көз жазып қалған қарапайым халық  бұл жолы да талантты қызын жоқтап  тағзым етті. Ал кезінде талантты жастың    тауанын қайтарып,  табалдырығынан  қайтарғандар  үшін  ғұмыры  қапияда  үзілген Аягүл Мантай – бар болғаны  запыранын сыртқа шығара алмай,  өксігін ішке жиып, құсалықпен өткен бір  адам ғана. Дөңгеленген дүние бір қазамен тоқтап қалмайды. Бір сәтке кідіріп қалған тіршілік қайтадан жалғасып, тіршіліктің көш-керуені  алға жылжиды.

        Сырт естуімізше, Аягүл Мантай  Жазушылар одағына мүшелікке де өтпеген.  Бәлкім, одақтың мүшелігіне әдеттегідей шал-шауқандарды жағалап, тамыр-таныстың көмегімен қабылданғанды ар көрді ме екен? Әлде заман өзгерсе де, шығармашылық адамдарына деген қасаң көзқарасы өзгермей қалған Жазушылар одағына мүше болуды қаламады ма екен? Әйтеуір, көңілде сұрақ көп.  Қалай десек те, Аягүл Мантайдың өлімі  қалың ұйқыдағы қазақ қоғамын  түртіп оятты. Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров  әлеуметтік желіде  өзін-өзі ұстаудың  әдебі болуы керектігін  айтып, Әлеуметтік желі кодексін қабылдау мәселесін көтерді. Халық қалаулысының  бұл пікіріне алып-қосарымыз жоқ, тек оның кештеу көтеріліп отырғаны болмаса… Ал әлеуметтік желі бетінде өзгенің арын таптап, қорлайтындарды  жазалау тетіктері қылмыстық, әкімшілік заңнамаларымызда жан-жақты қарастырылған. 

      Талантты қызымыздың  өліміне  тікелей кінәлі табылып жатса, заң алдында жазаланар,  алайда онымен  іріңдеген қоғамның жан  жарасы жазылып, әлеуметтік желі бетіндегі өрттей қаулаған өсек-аяңға тыйым бола ма?

        Кезінде танымал жазушы Мольер өзінің атақты комедиясы – «Тартюфті» жазып болғаннан кейін «Менің сорлы Тартюфтерімді Францияның кез келген деревнясынан кездестіруге болар еді» деп мұңайған екен. Қазақстанда да тағдыр тауқыметін  қанша тартса да, мойымай,  өз азабын өзі бөлісіп,  тасада жүрген Аягүлдеріміз аз ба?  

Тегтер: заң әлеуметтік жері талап шағым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39