Ерікті болу – жүрек қалауым

Жарас КЕМЕЛЖАН

11.10.2021, 17:27

1208

Қазір белсенді жас көп. Мысалы, Жасмин Ашимова  «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде әлемдік деңгейдегі сертификатталған ерікті. Одан бөлек, «Жас медиа» республикалық журналистер курсының сертификатталған журналисідеген атағы тағы бар. Жастар арасында тренер-мотиватор. Оған блогерлік қырын қосыңыз. «Халық алғысы» медалінің иегері. Шымкент қаласы волонтерлер корпусының президенті, «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің төрайымы. Қаршадай қыз қазіргі уақытта «Compass» әлеуметтік білім беру орталығының директоры.

Ерікті деген кім? Аты айтып тұрғандай, шын көңілімен, бар ынтасымен біреуге көмектесетін, еңбегіне ақы сұрамайтын адам. Еріктілік қазақтың қанында бар қасиет. Бұрынғы қазақ қоғамында бір-біріне көмектесуді парыз санаған. Қарап тұрсаңыз, соның бәрі бүгінгі біз айтып жүрген еріктілік екен. Шымкент жастарына үлгі болып жүрген, ақылына көркі сай Жасмин Ашимованы әңгімеге тарттық.

-Жасмин ханым, ерікті деген кім? Өзіңіз ерікті ретінде қай жылдан бері жұмыс істеп жүрсіз?

Жасмин Ашимова: Еріктілік – алғысты тыңдауға ғашықтық. Ерікті – өз қалауымен әрі шын жүрегімен көмектесетін және орнына ештеңе сұрамайтын адам. Олар адамдардың алғысына бөленіп, игі істерге мұрындық болып жүрген азаматтар. Істеген ісіне қаражат алып немесе біреудің күштеуімен емес, көмекті өз еркімен көрсетеді. Егер де қандай да бір табыс тапқысы келіп, дәмететін болса, олар жұмысшы есебінде саналады. Екеуінің ара жігі осы.

Мен көмек қолын созудан рахат табатын адаммын. Менің көмегімнен кейін біреудің жүзі қуанышқа бөленсе болды, өзіме тиімсіз болып тұрса да жәрдем етемін. Осыдан өзімді жеңіл сезініп, бойыма қуат жинаймын. Бастапқыда шығармашылыққа жақын мүмкіндігі шектеулі балалардың өлеңін жазып беріп, оларды газет бетіне шығарып, түрлі жарыстарға қатысуына көмектесіп жүрдім. Ойлап қарасам, менің ресми түрде ерікті болып жүргеніме 7 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында өзіме рухани байлық, әрі тәжірибе алдым деп айта аламын!

-Көптеген адамдар еріктілерді түсінбейді. Біреуге көмектеседі, онысына ақы сұрамайды. Өздерінің еңбегін, уақытын бағаламайтын бұлар қандай адамдар деп жатады. Жалпы, біздің қазақ қоғамы еріктілерді қолы бос, еріккен адамның ісі деп қабылдамай ма?               

Жасмин Ашимова: Біздің қоғамда еріктілікті 4-5 жыл алдын көп адам түсіне бермейтін. Ерікті деген, ол –  қолы бос, еріккен адам деп ойлаушы еді. Уақыт өте келе халық арасында ортақ мүдде пайда болып, еріктілер қозғаушы күшке айналып, олардың көмегімен көп жағдайлар реттеле бастады. Мысалы, «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесі, Арыстағы апат, Мақтааралдағы су тасқыны, пандемия, Риддердегі өрт, т.с.с жағдайларла еріктілердің маңыздылығы артып, дәрежесі айқындалды. Президентіміз Қ.Тоқаев та 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, еріктілерге зор құрмет көрсетті. Қазіргі таңда еріктілердің құрмет-дәрежесі бұрынғыдағыдан жоғарылағандай. Түптеп келгенде, еріктілік қанымызға сіңген қасиет. Біз, қазақ халқы бауырмал, мейірімі мен шапағатын төгіп тұратын елміз. Бір-бірімізге жәрдем беру, асарлатып үлкен іс тындыру секілді дүниелер соның дәлелі. Қазақстанда 18 миллионнан астам халық бар болса, соншама ерікті бар деп айтар едім. Мемлекет басшысынан бастап әрбір қазақтың жүрегінде мейірімділік бар. Яғни, кез келген жағдайда бір-біріне көмектескісі келіп тұратын бірлігі жарасқан елміз.

-Сіздің түсінігіңізде ерікті жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

Жасмин Ашимова: Ерікті жастың бойында ең алдымен отансүйгіштік, ұлтына, еліне деген жанашырлық, адалдық болуы керек, сонда әрбір жас отанының дамуына үлесін қосып, еріктілікпен айналысады. Жастайынан елдің тыныс-тіршілігін танып, халыққа адал қызмет етуге бейімделеді.

— Ерікті ретінде осы уақытқа дейін қандай игі істердің бел ортасында болып, қысылған, қиналған жұртқа көмек қолдарыңызды создыңыздар?

Жасмин Ашимова: Команда құрып 2015-2018 жыл аралығында ірілі-ұсақты 408 іс-шара өткіздік. 2018 жылдың өзін ғана айтсақ, өз командасымен ірілі-ұсақты, жеке және біріге 108-ден аса іс шара ұйымдастырыппыз. Жыл бойы балалар үйіне 10 мәрте барып, ойын машиналары мен дастархан, концерттік бағдарлама сияқты қызықты бағдарламаларымен балаларды қуантуға арналған акциялар өткіздік.

Көктем мезгілінде Шығыс Қазақстан облысының Аякөз елді мекеніндегі су тасқынына көмек жинау кезінде белсенділік танытып, 1 тоннаға жуық азық-түлік пен керекті тұрмыстық заттар жинауға командасымен ат салыстық. Шымкент қаласында салынып жатқан Қазақстандағы ең үлкен мешіт құрылысына жұмыс істейтін 300-ден аса құрылысшыларға арнап командасымен бірнеше рет ас беріп, бірнеше рет ас тарату акциясын өткіздік. Ораза айында Шымкент қаласындағы Бекжан мешітінде 200 адамға ауыз ашар беріп, командамамызбен бірге сауапті іс жасадық. Көктем, қыс айларында жыл бойы 20 мұқтаж отбасыға көмір, азық-түлік, киім-кешектермен қамтылуына ықпал еттік. Қарттар үйі мен мүмкіндігі шектеулі балалар орталықтарына да барып қайрымдылық іс-шараларын өткізген.

Сонымен қоса, мерекелік іс-шаралар мен ардагерлерге құрмет акцияларының өтуіне белсенді түрде ат салысқан. Арыс қаласында болған жарылыс салдарынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету барысында ерікті жастарды жұмылдырып белсенді жұмыс атқарды. Жыл басында Шымкент қаласы аумақтық кәсіподақ ұйымдарымен ЖРО КММ-лерімен бірлесе қаламызда алғаш еріктілер форумын өткіздік. Одан ары қарай қала жастарына еріктілер жылын дәріптеп, біршама оқу орындарында қайрымдылық қобдишаларын салтанатты түрде ашып, ізгілік бастамаларын қалыптастыруды қолға алдық. «Ізшілік елшісі»  жобасы аясында «Compass»  әлеуметтік тілдер орталығы ашылды. Орталықтың негізгі ерекшеліктері: волонтер жастар курсты 30 пайыз отбасылық жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға 30 пайыз жеңілдіктер, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін оқытылады. Сонымен қоса Біздің ерікті жастар қаңтар айының соңынан бастап індеттің алдын алу шараларына кірісті.

-Індет демекші, ел басына күн туғанда сіздің ерікті жастар не істеді?

Жасмин Ашимова: Алғаш «Сақтансаң сақтайды» атты тұрғындарға бетперде тарату шарасымен бастадық. Шымкент қаласы волонтерлар корпусы ізгілік елшісі төтенше жағдайларға байланысты біршама жұмыстар атқарды. Мысалы, 51850 дана маска тігілді. Ақысыз таратылған бетперде саны 1029050 дана. Ал ақысыз таратылған антисептиктер – 530 дана. Көмек көрсетілген отбасылар саны – 2103. Әр пакеттің құны 10 000-15 000 теңге көлемінде. Жалпы 7000 тоннаға жуық азық-түлік үлестірілді. Рейдтік іс-шарада 20 000 -ға жуық қала тұрғыны ескертпе алды. 650 балаға арналған мектеп-интернатында Covid-19-дан сақтану шаралары жайында семинар өтті. Осының бәрі еріктілердің ұйымдастыруымен атқарылды. Тағы да айта кетейін, 50- ге жуық шетелдік студенттерге азық-түлік жағынан көмек көрсеттік. Мақтаарал ауданына 4,5 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді. Дәрі тапшылығы байқалғанда қаламыздың фармацевттепімен бірлесе 10000-нан аса тұрғынға «Аптеки Шымкента» ватсап және телергам сайттарын ашып дәрі-дәрмектерін уақытында тиісті бағада табылуына ықпал еттік. Риддер қаласындағы өрттен зардап шеккен 35 үйді толықтай қажетті заттармен қамтамассыз етуге 1 млн теңгеге жуық қаржыны демеушілер арқылы таптық. Осы шаралардың бәріне ат салысқан волонтерлік топтар – жастар ресурстық орталығы, Жас отан, Жақсылық ордасы, Жастар қуаты, Бізбен бірге, Ізгілікте жарысайық, Клуб Добряков, Теміржол жастары, Жастар мәслихаты,Asaa access, Progress, Мейрімді жастар, Харекет.

-Жастар мәселесімен де айналысасыз. Жастар мәслихатының депутатысысыз. Мегаполистегі жастардың  оқу, жұмыс табу, кәсіп ашу сияқты әртүрлі өзекті мәселелерін қалай шешіп жатырсыздар?

Жасмин Ашимова: Біз жас болған соң бойымызда энергия көп. Жастар мәслихаты қоғамға керек. Біз қала әкімдігіне, мәслихатқа жергілікті жастардың мәселесін жеткізуге тырысамыз. Сонымен қатар, қаланың дамуы, мәдениеті, өркениетіне жастардың көзімен қарап, жоғары жақтағыларға ұсыныс-пікір айтамыз. Жастар саясаты, қоғамдағы орны, белсенділігі мен бағыты, білімі мен бос уақытын тиімді өткізуі сынды мәселелер бойынша да бірлесе жұмыс істейміз. Шымкент қаласының дамуында жастардың алар орны ерекше. Осы орайда жастар мәслихатының  қоғамдағы орны да маңызды.

Бүгінгі таңда жастар арасындағы өзекті мәселелер: баспана, жұмыссыздық, мемлекеттік грант, т.б.  Әлеуметтік, қоғамдық бағыттағы шешіліп жатқан мәселелер де жоқ емес. Қалалық мәслихат деңгейінде де ұсынылып және ұсынысқа дайындалып жатқан мәселелер көптеп кездеседі. Түптеп келгенде, барлығы да қала халқының игілігі үшін жасалуда.

— Жастар – ел болашағы дейміз. Шымкент жастары ел болашағы үшін қандай игі істердің басы-қасында болып, көпке үлгі-өнеге көрсетіп жүр?

Жасмин Ашимова: Қазіргі жастарымыз өте зерек әрі білімді. Дегенмен мына пандемия деп екі жылдай оқшауланып көптеген шараларды өткізе алмадық. Дегенмен ерікті жастарымыз жоғарыда айтылғандай, елге қиын қыстау кезде қолғабыс болып, жанынан табыла білді. Қазіргі таңда түрлі жобалар әзірленіп, енді белсенділік өмірге қайта оралуда. Жалпы көбі еріктілік жұмыстар болды.

Тегтер: жастар саясаты жұмыспен қамту шара жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31