«Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

07.06.2023, 11:00

1924

Шымкентте халқымыздың біртуар ұлдары Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровқа жасалған ескерткіш әлі күнге тұғырына қойылмады. Он жылдан бері қос алыптың мыстан құйылған ескерткіші жеке тұрғын үйдің ауласында тұр. «Жас Алаш» газетінің тілшісі осы дүниені жасатқан, қоғам белсендісі Ержан Қалдыбаевпен жолығып, сұхбаттасып қайтқан еді.

Егер қисынға салсақ, көпшіліктің қолдауына ие болған ескерткіш былтыр Қонаевтың 110, Асқаровтың 100 жылдық мерейтойында қойылуы тиіс еді. Бұл мәселеге Қаңтар оқиғасы, «Жаңа Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстан» да қозғау сала алмаған болды ғой...

– Солай десек те болады. Жоғарыға жазылған хаттарды құлағына қыстырып жатқан ешкім жоқ. Мен сізге тек соңғы жаңалықтарды ғана айтайын, бұл іске Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері де араласты. Кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев деген азамат бастап жан-жаққа хаттар жазды. Жақында маған бірнеше ардагер ұйымдары қолдау білдірді. Оның ішінде Шымкент қалалық және Ішкі істер, Ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымдары бар. Олар Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке арнайы хат жазды. Хатқа келген жауапқа қарағанда, ескерткіштің тағдыры Мәдениет және спорт министрлігіне байланып тұрған көрінеді. Ал министрлік ешқандай жауап бермей отырғанға ұқсайды. Бірнеше жыл бұрын бас-аяғы елуге жуық азамат тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған. Оның ішінде кезінде Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кеңес Аухадиевтен бастап, өнер қайраткерлері, ғалымдар, спортшылар бар. Бірақ оған да жауап болмады. Ескерткіштің тағдырына қазір бүкіл ел алаңдап отыр. Егер Қаңтар оқиғасынан кейін оны тұғырына қондырғанда, бұдан билік ұтпаса, ұтылмас еді. Бұл шын мәнінде халықтың «Жаңа Қазақстанға» деген сенімін арттырар еді. Бірақ жоғарыдағылар бұл жағын ескерген жоқ.  

Ескерткіш қазір қайда?

— Осы Шымкентте жеке үйлердің бірінде тұр. Биіктігі үш метрден асады. Оны жасауға бірнеше адам қатысқан. Оның ішінде Қырғызстаннан келген мүсіншілер де бар. 2017 жылы  ескерткішті көруге Асанбай Асқаровтың жұбайы Фатима апамыз, қызы Жанна, Дінмұхамед Қонаевтың немере інісі Дияр Қонаев, елге белгілі азамат Мүсілім Дайырбеков, белгілі жазушы Марал Ысқақбай келді. Ол кезде Фатима апамыздың жасы 93-те еді, қазір жүзге жақындап қалды. «Қарағым, бұл ескерткіш қойыла ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді, бірақ көзім тіріде Құран оқып кетейін деп келдім» деді. Бір сағат отырып, тебіреніп әңгіме айтты, ескерткіштің жасалуына ризашылығын білдірді.

Жалпы, ескерткіштің жасалғанына биыл 10 жыл толып отыр. Бәрі 2012 жылы Қонаевтың жүз жылдық мерейтойының елеусіздеу өтіп кеткеннен кейін басталды. Біз Қонаевтың, Асқаровтың еңбектерін оқып, Тәшеневтің тағылымын біліп өскен ұрпақпыз. Қонаевтың өмірі Қазақстанның тұтас бір дәуірін құрайды. 43 қала салдырды. Елімізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы қарыштап дамыды. Қонаев қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп кеткен тұлға. Алайда осының бәрі неге ескерусіз қала беруі тиіс. Әрине, ескерткішті жасатуға аз қаржы кеткен жоқ. Ондай ақшаны табуға достарым, басқа да жанашыр азаматтар қол ұшын созды. Ескерткіштің тұғырын да жасап қойғанбыз. Оның ұзындығы да 3 метрден асады.

Ескерткішті қою мәселесіне министрлік неге енжарлық танытады?  Жергілікті әкімдерден не қайыр бар?

— Ол жағын білмедім. Бәлкім, жоғарыдағылардың қас қабағына қарайтын шығар. Мен осы жөнінде Ақтоты Райымқұловаға да кіргенмін (ол кезде мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқаратын). «Егер Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков келіссе, қоюға рұқсат береміз» деген еді. Бірақ бұл істің арты сұйылып кетті.

Уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке де осы мәселені айтқанбыз. Ол кезде Бақытжан Әшірбаев деген азамат облыстың бас сәулетшісі еді. «Мырзахметов онша ыңғай білдірмей отыр» деді. Кейін әкімдік Қонаевқа ескерткіш жасатып, оны Оқушылар сарайының алдына қоятын болды.  Мырзахметов Астанаға ауысып кеткен соң ол да жайына қалды.

Облысқа әкім болып Жансейіт Түймебаев келген кезде біраз адам «ескерткіштің бағы енді жанады» деп еді. Бірақ Түймебаев та үмітімізді ақтамады.

Қайбір жылы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып Шыңғыс Мұқан деген азамат тағайындалды. Арнайы қабылдауына кірдік. Маған ол көп оқыған, руханиятқа жақын азамат ретінде өте жақсы әсер қалдырды. «Ескерткішті халық көп баратын Дендропарктің алдына қояйық» деген жақсы ұсыныс айтты. Қуанып қалдық. Бірақ Шыңғыс Мұқан қаланың әкіміне кіріп шыққан соң бұл ойынан күрт айныды. «Болмайды» деді. Ал өз басым Мұрат Әйтеновтің қабылдауына кіре алмадым.

Ескерткішті қою бізге сын болып тұр. Жоғарыда Назарбаевқа жазылған ашық хатқа қол қойған азаматтардың біразы бұл дүниеден өтіп кетті. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев, Халық әртістері Құман Тастанбеков, Ескендір Хасанғалиев, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бар. Ол кісілер хатқа қол қойған кезде «айналайын, алған бетіңнен қайтпа, осы істі соңына дейін жеткіз» деп, ақ баталарын беріп еді. Ескерткішті орнату сол кісілердің маған жүктеген аманаты сияқты болып қалды. Енді ұлттың бетке ұстар азаматтарының талап-тілегіне президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құлақ түреді, тиісті тапсырмалар береді деген үміттеміз. Асыл азаматтарымыздың сөздері жерде қалмасын деген ниетпен халықтың атынан президентке үндеу жолдаймыз.

Енді құжаттарды «сөйлетейік». Жоғарыда аталған ардагерлер ұйымдарының Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке жазған хатына жуырда келген жауапқа тоқталайық. Хатқа жауапты қалалық мәдениет басқармасының басшысы С.Шакеев берген. Оның сөзіне қарағанда, былтыр тамызда Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына идеялық ұсыныстар жолданған. Егер комиссия ұсынысты мақұлдаса, онда аталған комиссияға тиісті құжаттар жіберіледі. Комиссия оны да мақұлдаса, ескерткішті орнату жөнінде хаттама түзіліп, тиісті шешім шығарылады екен. Бірақ тамыздан бері міне, он ай өтті. Бұл іс неге созбалаңға салынды?

Осыдан екі жыл бұрын Түркістанда Назарбаевтың ескерткіші облыстық әкімдіктің алдына қойылды. Оның бастамашысы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, белгілі бизнесмен Болатбек Әлиев. «Көзі тірі адамға неге ескерткіш қоясыңдар, бұл заңға қайшы емес пе?» деген ешкім болған жоқ. Болатбек Әлиев биыл өткен сайлауда «Аманат» партиясының атынан мәжіліс депутаты болып сайланып кетті.

— Маған сол кезде көптеген азаматтар «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болып кетер едің» дегенді айтты. Әрине, бұл әзіл шығар. Бірақ оның астарында шындық бар. Қонаев пен Асқаровқа арналған ескерткіштің қашан орнатылатынын дәл қазір айту қиын. Бірақ мен оның күндердің күнінде тұғырына қойылатынына толық сенімдімін. Қазір ойға алып, жоспар құрып жүрген бастамам бұл ғана емес. Кеңес одағы кезінде Қазақстанда қазақ халқынан шыққан республиканың тұңғыш бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов еді. Хрущевтің озбыр саясатына қарсы шыққаны үшін ол  Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына төмендетілді. Шаяхметов Қонаевтың билікке келуіне тікелей ықпал еткен, оны Риддердегі кен металлургия комбинатынан орталыққа алып келген азамат. Қазақстанды қилы кезеңде басқарған Шаяхметовтың есімі архивтерде шаң басып жатпауы тиіс. Сондықтан мен қазір Шымкентте Шаяхметовке ескерткіш қою мәселесімен де айналысып жатырмыз, деді Ержан Қалдыбаев әңгімесінің соңында.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 15:31
Геология комитетінің төрағасы елдегі жерасты суының қоры қанша екенін айтты
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 12:57
Министрлер мен әкімдер қазақ тілін білуге міндеттеледі
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 11:40
Прокурор Қайрат Боранбаевқа 6 жыл сұрады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 23:15
Азаттықтың Орталық Азия қызметтері құрылғанына 70 жыл толуына орай медиафорум өтті
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 14:45
Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің соты басталды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 14:03
«Камызяки» КВН командасының Қазақстандағы концерттері өтпейтін болды

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55