«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

03.08.2021, 09:25

1700

      Соңғы кездері елімізде коронавирусқа қатысты жағдай ушығып барады. Күн өткен сайын қауіпті кеселді жұқтырғандардың да, індет салдарынан қайтыс болғандардың да саны артуда. Тіпті індеттің өкпені тез жаулап алатын жаңа штамы жастар арасында тез тарап жатыр. Антиваксерлер де күшіне мініп, екпеге қатысты ақиқаттан гөрі аңызға сенетіндер екпеден жалтарып, медбикемен келісіп, екпені өтірік алатындар, жалған вакцинация  паспортын жасататындар көбейді.

Сәйкесінше, тығылып той жасап, жасырып құдалық өткізушілер де тыйылмай тұр. Жолаушы толы қоғамдық көліктерде де халық сығылысып тұр. Бетперде туралы ұмытқалы қашан! Қызық логика. Басқа жерді жапқаннан не пайда, қаланың келесі бір бұрышы індет ошағына айналып жатса… Әйтпесе дәмханалардың қонақтарды «арт жақтан» жасырын кіргізіп жатқаны талайдан бері айтылып жүр. Тексерушілер келсе, пара беріп құтылатынына сенімді болғандықтан, айылын жимайды. Жемқорлық жайлаған елде індеттің бетін қайтару да қиын екенінің бір айғағы – осы.

Осы орайда айта кетер жайт, мемлекеттің міндеті ең алдымен ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету десек, бүгінгі күні әлем халқы түрлі жолдармен қарсыласып  жатқан індетпен біздің еліміздің күресі миға сыйымсыз. Екпе алу ерікті түрде дедік, қазір соны пайдаланып, антиваксерлер дәлелсіз қарсылықтарын айтып, тіпті екпе салдырмағандарға пәтер сыйлау туралы бастама көтеріп, елді еліктіріп жүр. Мәселен, айтыскер Балғынбек Имашев екпе салдыр­мағандар арасында «Балғынбектен баспана» ұтыс ойынын ұйымдастырып, 500 баспана сый­лайтынын ашық айтты.  Жылжымайтын мүлік қымбат елде пәтерден артық сый болсын ба! Пәтер үшін-ақ екпеден бас тартатындар жетерлік. Яғни екпені ерікті деп алып, ұжымдық иммунитетті қалай қалыптастырарымызды білмей отырмыз. Ал талай жыл бойы екпенің көптеген жұқпалы ауруларды жоюға ықпал еткенін неге ескермейміз?!

Осы орайда айта кетсек, Өзбекстан сенаты міндетті вакциналау туралы заң жобасын мақұлдады. Коронавирусқа қарсы міндетті вакцинациялауға құқықтық негіз беретін заң жобасы қолданысқа енсе, халық түгел екпеге міндеттеліп, қолданыстағы заңнамадағы қайшылықтар жойылып, тұрғындарды жаппай вакциналау жұмысын ұйымдастырудың заңды негіздері нығаяды.

Шешенстанда COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбаған азаматтарға дүкендер мен мешіттерге баруға тыйым салынды. Мешітке барған кезде міндетті түрде вакцинация туралы сертификатты көрсету қажеттілігі айтылып, сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және спорттық ойын-сауық нысандарына, қоғамдық көліктерде жолаушылардан бетперде, арнайы анықтама мен вакцинация паспорты сұралатыны айтылуда.

Вакцина алуды мәжбүрлеуден гөрі ынталандыру арқылы іске асыруды көздеп отырған АҚШ-та вакцина аламын деушілерге 100 доллардан тарату жоспарлануда. Пәкістан елі екпе алмағандардың сим-карталарын бұғаттап,  әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіріп тастауда. Ал біздің елімізде танымал адамдар әлеуметтік желі арқылы ашықтан-ашық екпеге қарсылық көрсетуде.

Оңтүстік Шығыс Азия елдері де вакцинаны жылдамдату үшін айыппұл салуды бастаған көрінеді. 300 бен 1200 доллар арасындағы айыппұл халықтың екпеге қарсылығы мен санитарлық нормаларды бұзуына қарай белгіленген. Ал  Индонезияда кімде вакцина жоқ – оны қоғамдық көлікке кіргізбейді. Бізде екпесі бары да, жоғы да, ауырып тұрғаны да тиеліп бір қоғамдық көлікте жүре береді. Нәтижесін күнде көріп отырмыз. Жұқпалы ауруханалар толып, сыймағандары үйлерінен емделуде. Өлім көрсеткіші артып барады.

Былтыр індетті толықтай жеңген Қытай елі биыл екпеге қатаң тәртіппен қарап, қажет болса жұмыстан шығарып, зейнетақыдан айыруға дейін баруда.

Осы орайда, ел ішіндегі жағдаймен санасып, дер кезінде шешім шығарып, ұлт қауіпсіздігінің алдын алуға тырысып отыратын елдерден неге үлгі алмасқа?!

Жылда шенеуніктердің мемлекеттің қыруар қаражатын шығындап  қымбат көлік алғанын жыр қылып жатамыз. Ал кеше ғана  Өзбекстанда шенеуніктерге қымбат көлік сатып алуға тыйым салынды. 1 тамыздан бастап өзбекстандық шенеуніктер 490 миллион сумнан, яғни шамамен 46 мың доллардан артық қызметтік көлікке тапсырыс бере алмайды. Бізге де заң жүзінде осылай тыйым салуға не кедергі?

Сондай-ақ  Өзбекстан президенті Мирзияев тиктокерлерді тәртіпке салуға тапсырма берді. «Бұлар бетімен кетіп барады. Хайп қуған қауымға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай тұр. Алдымен Әмір Темірдің ескерткішін қорлаған еді. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан 400 мыңға жуық өзбек жауынгеріне құрмет етіп қойылған «Азалы ана» ескерткішінің төбесіне шығып кетті», – деп, ашуға мінген көрші елдің басшысы ұлт мақтаныштарын келемеждеген блогерді 15 күнге қамауға алды. Сондай-ақ Twitter, TikTok және «ВКонтакте» желілерінің жұмысына шектеу енгізілді. Жасыратыны жоқ, біздің елімізде де TikTok  қолданушылары Абай атамыз бен ұлт ұстазы Ыбырайды келеке қылып, одан қалды, қазақ деп құрбан болған Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлын да селкілдетіп билетіп қойды. Бірақ асауға тұсау салынбады. Еріккендердің ермегіне айналған ұлт мақтаныштарына ара түсе алмадық.

Осындайда билік халық арасында болып жатқан нәрселерден хабарсыз ба, әлде ұлтқа жаны ашымай ма деген ой қалыптасады. Әйтпесе ұлтқа қауіп төндіріп тұрған нәрсенің алдын алып, дер кезінде шешім қабылдап, мүмкіндігінше халықтың зардап шегуінің неге алдын алмасқа? «Еститін үкімет», қаптаған шенеунік, саны көп құзырлы орындар қайда? Неге біздің үкіметіміз ел ішінде орын алып жатқан мәселелерге сергек санамен қарамайды?

         Шыны керек, дәл қазір мемлекеттің үгіт-насихат, ақпараттандыруынан гөрі ұялы телефонның whatsapp қосымшасындағы екі-үш аудионың «ысқырығы жер жарып» тұр. Еліміздегі дерт жұқтыру көрсеткішінің жоғары болғанына шетелдік сарапшылардың өзі дабыл қағуда, ал өз үкіметіміз үнсіз. Осы мәселеге орай, пікірін білгіміз келіп қоңырау шалғанымызда, әлеуметтанушы Нұрбол  Айекешов үкіметіміз бір жақта, халық бір жақта өмір сүріп жатқандай күйде екенімізді айтты.

– Халық арасында қуаңшылық орын алса да, індет тарап кетсе де, халық бірінші өзін-өзі құтқаруға ұмтылады. Ал үкімет елдің соңынан қимылдайды. Мәселенің алдын алуға ұмтылмаймыз. Бізде бәрі асқынып, шегінен шыққан соң ғана қимылдау әдетке айналған. Халық пен биліктің арасында тығыз қатынас, кері байланыс жоқ. Сондықтан қоғамда қордаланған, шешімін таппаған мәселе көп.

Халықты да кінәлай алмайсың, билігіне сенуден қалған, не айтса да тыжырына тыңдайтын ел мемлекеттің құрғақ уәдесінен әбден жалыққан. Тоқаев айтқан «еститін үкімет» енді не істейді? Халық қырылып болған соң ғана әрекет ете ме?!

Тегтер: үкімет отставка сын пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39