22.06.2022, 11:00
1713
Кеншілер қаласының реңі жылдан-жылға солғын тартып барады. Өлкеміздің өткен кезеңдегі гүл көмкерген көрінісі көзден бұл-бұл ұшты. Қарағанды қаласының әкімдігі пандемиядан кейін дағдарып қалғанға ұқсайды. Билік өкілдері қоғамдық орындарды, саябақтарды флорамен көмкеруге қанша қаражат бөлінгені жөнінде жақ ашпайды.
«Қарағанды хабары» газетінің бертіндегі санынан қаладағы 18 су бұрқақтың сегізі жөндеуден өткізілетінін оқыдық. Бірақ жұмыс істеуі тиіс қалған оны қай арада тұр? Құдды, фонтандарды қосуға «вето» қойып тастағандай. Ол аздай, жаз келісімен, облыс орталығын жағымсыз иіс жайлайды. Қолқаны қабатын қоңсықтың қайдан келетінін биліктегілер, экологтар, «Қарағанды су» серіктестігінің өкілдері дөп басып айта алмай отыр. Өзекті мәселені көтеруге тиісті қалалық мәслихаттың депутаттары бейілдік танытар емес.
Маңғаз қаланың марғау кейіпі
– Маусым айы аяқталып қалды. Бұрындары осы кезде Қарағанды көшелерін гүл көмкеріп жатушы еді. Ал көшедегі шөптер тарамданып, өсіп кеткен. Оңтүстік-шығыстағы жаяу жүргіншілер мен велошабандоздар жолында көктей солып жатқан көшеттер көп. Былтыр ашылған Бөкейхан атындағы саябақ өсімдікке жұтаң. Кейбір көшедегі ағынды сулардың көзі бітелуге жақын. Жұртқа аян, Алматыға шығатын көлік жолы кеңейтіліп жатыр. Бірақ ойдым-ойдымы шыққан жерлері тыңайтылмаған. Енді ол араға қылтанақ шөп те шықпайды, – дейді күйінішін жеткізген қоғам белсендісі Аманжол Нұрбеков.
Табиғат жанашырының шағымын Дина Дінисламқызы толықтырды.
– Әдетте, мамыр айында Қарағандының су бұрқақтары іске қосылатын. Аптап ыстықта балаларымыз жасанды субұрқақтарды саялап, рахатқа кенелетін. Жасанды су көзін енді қашан көреміз? Көшелер лас. Таңертең жұмысқа шығысымен, шаhар көшелеріндегі шаңға тұншығамыз. Жолдың тозаңын басып, таңмен таласа, су себетін көліктер сиреді. Қазыбек би ауданының коммуналдық сала қызметкерлері қайда қарап отыр? – дейді оңтүстік-шығыс ауданының тұрғыны.
Әкімдіктен әмір күтпей
Қарағанды медициналық интерколледжінің директоры Аманжол Нұрбековтың айтуынша, енді көпшілік өздерін толғандырған кейбір проблемаларын шешуде билікке иек артпай, өздерінің қарекет еткені жөн.
Біріншіден, ескі әдеттен арылған абзал. Көп ретте, нөпір халық жиналған шара әкімдер келмей, басталмайды. Ескі әдеттен арылатын шақ келді. Атқарушы билік өкілдері бұқарамен санасуға тиіс. Екіншіден, Қарағандының қоғам белсенділері, Жазушылар одағының жергілікті бөлімшесі қала көркін кіргізудің және кейбір мәдени шараларды өздері қолға алғаны дұрыс. Ол үшін жоғарыдағы өкілдердің бір-бірімен ынтымақтастықта болуы маңызды. Мәселен, Абай Құнанбаевтың ескерткіші тұрған алаң сол маңдағы барлық оқу орындарының жауапкершілігіне берілсе, деген ұсыныс бар.
– Қарағанды мен Балқашты тұрғызуға ерен еңбек сіңірген Василий Язевтің тас бейнесі орнатылған алаңқайды біздің колледжге бекітіп берсін. Жауапты оқу орындарының студенттері сол төңіректі ретке келтіріп қана қоймай, біртуар жандардың шығармашылығы мен халық игілігі жолында жасаған қызметін дәріптеп, жылына екі мәрте шығармашылық байқаулар өткізсе, қандай жарасымды болар еді!
Сондай-ақ бұл жастарды ардақты тұлғаларды қадірлеуге, олардың өмірінен сабақ алуға үйретері кәдік, – дейді колледж директоры.
Елдар ел үшін не тындырды?
Сәуір айында Қарағанды қаласының аумағы ауқымды Қазыбек би ауданында кадрлық өзгеріс болды. Бұқара тарапынан «ана тілінен дүбәра» деген айыпқа батқан әкім – Нұрлан Рыстин тағынан түсіп, оның орнына Қарқаралы ауданының әкімі Елдар Дүйсетаев отырды. Қырдан келген әкім алып ауданға креативті бастамалар әкелмек түгілі, көптің көзіне түспей, бой тасалап жүр. Бейнесін халықтан жасырған кабинетшіл әкімнің бұл әрекеті қашанға дейін ұласар екен?
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР