Ғани мен «Жас Алаш» егіз ұғым

Қараша ҚАРАМАН

17.03.2022, 12:49

1729

Бұл уәжімізге нақ осыдан бір ғасыр бұрын, яғни 1921 жылдың 21 наурызында сол тұстағы исі қазаққа, алты Алашқа пана, рухани астана болған Ташкент шаһарында жарқырап жарық көрген, кең байтақ қазақ даласына жыл құсындай тараған, бүгінгі республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси үнжариясының әу бастағы тарихы бұлтартпас дәлел. Тамырын тереңнен алатын газеттің шырайлы Шымкент өңірі, Жетісай ауданындағы белсенді қоғамдық авторы Махамбет Сапармұратовтың бейнелі тілімен айтсақ:

«Шекпенінен шығып Ғанидың,

Есігін қақты әр үйдің.

Шындықтың жаққан шырағын,

Сөзінен жазбай танимын» – деген сипатқа ие басылымның бастауында көрнекті қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың (1902-1925 жж) тұрғаны біздер үшін зор мақтаныш.

Бүгінгідей мүмкіндікті пайдалана отырып, сөз болып отырған басылымды шығарудың бастауында тұрған, қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың мына бір жазбасына жүгінейікші. «Бұл жылы біз Ташкентте оқитын едік. Ғани университетте оқитын. Бірде Ғани көптің ортасына «Жастардың газетін шығару керек», деген ойды тастады. Жиналыс мұны  мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Сәдуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан құр газеттің қағазын, ақшасын тапты. Саны екі бетті қазақ жастарының тұңғыш газеті, – кішкене «Жас Алаш» газеті наурыз күні жарыққа шықты.  

Әлі ұмытпаймын: газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «Бұған бір ұран (лозунг) жіберелік. Тұңғыш жастар газетінің жас жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!», – деп еді. Қаріп түзушілердің еңбегін төлеп, тізілген газетті қайта бұзып, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттің маңдайына қойған ұраны міне: «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп, ұйымдасуда! Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!», – деген еді ақын ағамыз кейінге қалдырған естелігінде.

Байқалып отырғандай, жалындап өткен жас ғұмыр, небәрі он тоғыз жасында Орта Азия мен Қазақстан жастарының білім көзі мен саяси сауатын ашу мақсатында сол тұстағы Түркістан республикасының орталығы – Ташкентте шығарылған «Жас Алаш» газетінің тұңғыш редакторы болған. Небәрі 23 жас ғұмыр кешсе де Күншығыс жастарының көсемі дәрежесіне көтерілген Ғани Мұратбаев есімі және іс-қызметі бір ғасырдың бедеріндегі ұрпақ, сан миллиондаған жастардың рухани сырласы, жарқын өмірге жол бастаушы құбылнамасы, бүгінгі ақиқаттың алдаспаны бола білген, өзі дара, сөзі сара басылыммен тығыз байланысты. Бейнелі тілде бедерлесек, Ғани мен «Жас Алаш» егіз ұғым. Себебі, ұлы Тұран даласындағы Түркістан жастарының көшбасшысы деңгейіне көтерілген Ғанидай мұзбалақ қыранды еске алған тұста «Жас Алаш» газеті, ал аталған басылымның талайлы тағдырын сөз еткенде сол бір қытымыр заманның өзінде барша Алаш жастарына арнап, «Ездіктен арыл, ерлікке ұмтыл, қазақ жастары!», – деп шамырқана үн қатқан, бүгінгі жарқын болашағымыз үшін білімін, жігерін, күш-қуатын аянбаған, тіпті ғұмырын да сарп еткен, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген ардақты Ғани ағамыздың болмысы мен тұлғасы ойға оралары анық.

Иә, сонымен артта қалған бірде жеңіс, бірде жеңілістен тұрған, отыз жылдан соң Жаңа Қазақстанды бастауға беташар болар Барыс жылында Балтабай ағамыз: «Қайтейін қайран Ғани қыршын кеткен, жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен. Қазақы қараша үйден көтеріліп, жарқырап жұлдыз болып тұрсың көктен!», – деп жырлаған, өн бойында  жанартаудай атқылаған күш қуаты мен тірнектеп жинаған білімі, өнегелі атаға тартқан тектілігі арқасында заманында Түркістан жастар Одағы орталық комитетінің бас хатшысы, РЛКСМ орталық комитетінің бюро, коммунистік жастар интернацианалы (КИМ) атқару комитетінің мүшесі бола білген Ғани Мұратбаевтың туғанына 120 жыл толады. Кеңестер одағы тарап (1991 жыл), коммунистік партия мен оның ізбасары комсомол ұйымдары жабылып, келмеске кеткен, алағай-бұлағай сәтте қазақ жастары ардақ тұтқан тұлғаның тоқсан жылдығы (1992 жыл) елімізде елеусіз, ескерусіз қалғаны бар. Асыра мақтанғанымыз емес, осы қиындықтан араға он жыл салып (2002 жылы) сонау 1921 жылы наурызда қаржысын тауып, редактор болып, қол қойып шығарған, туған перзентіндей болған «Жас Алаш» онда да көсемсөзші қаламгер Қ.Сәрсенбайдың «Ғаниды ұмыту, Алаштың жастығын ұмыту» («Ж.А.», №20, 16.02.2002 ж.) атты тебіреністі, жанайқайға толы  мақаласы құтқарып еді. (Осы ерен ерлігі үшін Қали інімізге мың да бір алғыс. Авт.). Ұлт руханиятының бұл ұсынысы жер-жерде қолдау тауып, жастар жетекшісінің 100 және 110 жылдық мерейтойы республика көлемінде, әсіресе өз топырағы Сыр бойында кең сипатта тойланғанын, асыл туған арысымызға мемлекеттік және елдік тұрғыда құрмет көрсетілгенін айтқан орынды. Демек ащы мен тәттінің дәмін, бар мен жоқтың қадір-қасиетін ажыратуға ұмтылған бүгінгі жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтар мен Отансүйгіштік қасиетті терең сіңіреміз десек ұлтын сүйген, халқының жарқын болашағы жолында жас өмірін құрбан еткен, қыршын кеткен Ғанидай ардақтымыздың биылғы мерейжасын ел болып, жоғары деңгейде атап өтудің қамын – қолында билігі бар құзырлы мекемелер, зиялы қауым өкілдері қазірден бастап ойластырғаны абзал-ақ. Қамқоршы мемлекеті, сүйікті халқы, ісі ширақ, сөзі өткір «Жас Алаштай» газеті барда, өршіл тұлғаның жасампаз істері тозаң тартып, ұмытылмасына бек сенімдіміз. Бүгінгі сағынта келіп жеткен Наурыз мейрамы алдағы игі іске бастаушы, әрі ұйытқы болуға арналса екен дейміз, ырымға жорып.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА 26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ 26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31