Гендерлік теңдік - отбасы институтын нығайтатын тірек

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

07.10.2021, 15:32

602

Қазіргі таңда гендерлік теңдік ұғымы қоғамымызда кеңінен қолданылады. Себебі гендерлік теңсіздік мәселесі әлем бойынша көптеген елдердің, діндердің, ұлт пен мәдениеттің ұстанымдарына айналып, кеңінен тараған. Осы мәселенің алдын алып, қоғамымызда гендерлік теңсіздік мәселесін шешу үшін еліміздің мемлекеттік саясатының маңызды басымдықтарының бірі ана мен баланы қорғау, нәзік жандылардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту болып отыр. Негізі гендерлік теңдіктің адам құқықтарын қорғауда маңызы зор.

Өйткені дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, негізгі басшылық орында ер адамдарға басымдылық беріліп, қызметтік баспалдақпен де ер адамдардың тезірек көтерілетінін ескерсек, қоғамда то­лық­қан­ды тепе-теңдік орнауы үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керектігі сезіледі. Жалпы гендерлік теңдікке 1979 жылдардан бастап бет бұрыла бастады. Осы жылы БҰҰ-ға мүше жер бетіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсіту­ші­лік­тің барлық түрін жою жөніндегі кон­венцияны қабылдады. Оның ішін­де біздің еліміз де бар. Еліміздің бас құқықтық құжаты Ата Заңда адам­ды жынысына қарап кемсітуге тыйым салынған. Қазақстан Республикасының Ата заңының 14-бабы 2-тармағында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген.

Сондай-ақ соңғы жылдары осы бағытта елімізде көптеген стратегиялар мен заңдар да қабылданды. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Рес­пуб­ли­касының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. Және алғашқы гендерлік теңдік стратегиясының уақыты өткен соң 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға де­йін­гі отбасылық және гендерлік сая­сат тұжырымдамасы жарияланды. Осылайша ұзақ мерзімді құжат 2006 жылдан бері кезең кезеңімен ұзартылып, қоғамымызда гендерлік теңдік ұғымын қалыптастыруға, әйел мүмкіндіктерін арттыруға жұмыс істеуде. Алайда әлі де болса қоғамда гендерлік теңдік аясында шешілмей жатқан мәселелердің бар екені рас. Атап өтер жайт, гендерлік теңдік ұғымын тек қана әйел теңдігін қорғайтын, оның құқықтарын асыра пайдалануды көздейтін ұғым деп қарастыруға болмайды. Ол қажет болған жаңдайда әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын, кемсітушілік болған жағдайда ер адамның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық процесс.  Кейде осы бір сыңаржақ пікірмен бұл ұғымды құнсыздандырғысы келгендер кездесетінін ескерсек, гендер ұғымының қолданыс аясын тым тарылтып тастағандай боламыз.

Әсіресе қазір ген­дерлік бағыттағы кадрлық саясатқа аса мән берілуде. Мемлекеттік қыз­меттің барлық деңгейінде нәзік жандыларымыздың жұмысқа араласуына мүмкіндік беріліп, оларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, қызмет бабымен көтерілу үшін тең мүмкіндіктер беру қарастырылуда. Соның арқасында қазір елімізде кәсіпкер қыз келіншектер көбейіп, Пар­ламентте, Үкіметте, Орталық сайлау комиссиясында жұмыс істейтін әйелдердің үлесі артты. Тіпті облыс пен аудандарда әйел әкімдердің үлесі артып, әкімдердің орынбасарлары секілді лауазымды қызметтегі нәзік жандылар көбейді. Тұтас облысты басқарып, өңірдің экономикасын өрге сүйреп сүйреп жүрген әкім әйелдердің іс басқаруда әлдеқайда епті екенін көзіміз көріп отыр. Әйелдердің кәсіпкерлігі де үнемі қолдауға ие болу үшін Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ҰКП және отбасылық демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясы арасында үш жақты меморандумға қол қойылып,  өңірлерде 17 әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары құрылды. Бастама аясында әйелдерді оқыту бағдарламалары мен маркетингтік зерттеу жобалары қолға алынып, әйелдер бизнесін танымал етуге бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылу жоспарланды. Қазірдің өзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдап отырған жобалардың 51 пайызы әйелдер кәсіпкерлігіне тиесілі екен. Бұл елімізде әйелдердің кәсіпке ептілігін ғана емес, оларды қолдау бағытында да жұмыстар атқарылып жатқанының бәр дәлелі.

Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлердің нақты саны 88 409 адамды құраса, оның ішінде 49 031-ы, пайызға шақсақ 55,5 пайызы әйел адамдар екен. Яғни мемлекеттік қызметтегі әйел адамдар саны басымдылыққа ие. Ал мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаратын әйелдердің саны 39,8 пайызды, яғни 9531 адамды құрап отыр. Оған да талдау жасай кетсек, мемлекеттік қызметтегі жалпы басқарушы лауазымды атқаратындардың жалпы саны – 23 961 адам болса, жергілікті мемлекеттік органдардағы әйелдердің үлесі –  51,9 пайыз, яғни  21744 адам екен.  Салыстырмалы түрде алып қарасақ, үш жыл бұрын 2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің 55,4%-ын әйелдер құраған екен. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 39,8% болған. Демек, аз да болса бұл бағытта алға ілгерілеушілік бар.

Қазақстандық әйелдердің кәсіпкерлікке деген ықыласы ерекше артып келе жатуы байқалады. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту туралы эксперттік отырыста «еңбек сүйгіштік пен мақсатқа ұмтылудың және мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесі 43 пайыздан асты. Елімізде тіркелген жеке кәсіпкерлердің жартысынан астамы – ел дамуына белсенді атсалысып жүрген әйелдер. Әйелдердің іскерлік белсенділігі арқасында қазір миллионнан астам қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылып отыр» деген болатын. Табиғатынан ұқыптылық пен қаржыны үнемділікпен көбейтуге бейім әйелдердің кәсіпкерлік саладағы жетістігі қуантпай қоймайды. Әйелдердің іскерлік белсенділігі олардың әлеуметтік мәртебесімен қатар жалпы қазақстандықтардың әл-ауқатын да көтеруге ықпал етуі үлкен жетістік.

 «Халық банк» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова да шағын және орта бизнестегі әйелдер белсенділігін жоғары бағалап, «Алматыда несие алушылардың 53 пайызы әйелдер, ал Алматы облысында бұл 60 пайызды құрайды. Банктің жеке кәсіпкерлік несие портфелінде, шағын бизнесте әйелдер үлесі жоғары. Ал орта бизнесте ерлер жоғары. Бұл әйелдердің аздаған сомалармен тәуекелге баратынын көрсетеді. Сондай-ақ қарыз алушы әйелдер өте тәртіпті. Біз банк ретінде әйелдер кәсіпкерлігін бөлек қолдаймыз. Бізде 5 пайыздық мөлшерлемемен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл бастаманы бір жыл бұрын жарияладық» дейді. Демек статистика да бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екенін танытып отыр.

Қоғам тарапынан қаншама қолдау болып жатқанына қарамастан, елімізде әйелдерге қатысты күш қолдану істері азаймай тұр. Жо­ғарыда аталып өткен  Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының  бір бөлігі отбасындағы әйелдің құқығын арттыру болғандықтан, қоғамымызда осы бағыттағы жұмыстарды арттыру қажеттілігі сезілуде. Әсіресе жылдар бойына созылған тұрмыстық зорлық зомбылық оқиғаларының соңының ауыр дене жарақаттарын салумен, қайғылы жағдайлармен аяқталуы ойлантпай қоймайды. Атап өтер жайт, әйелдерге көрсетілетін әлімжеттік жағдай­ларының біразы көп­ке бәй­мә­лім күйінде қалады екен. Көбінесе күйеуінің әрекетін жасырып, жауып, ауыл аймақ, ағайынға сыр білдіртпеуге тырысатын әйел қауымы ауыр күйзелістерді де басынан өткізіп жатады. Сондықтан әлі де болса қоғамымызда әйел­дердің қадірін арттырып, олардың құқығы тиісті деңгейде қорғал­уы үшін көптеген жұмыстар жүргізілу қажеттілігі сезіледі. Сондықтан қоғамымызда отбасы құндылығын арттыру, ажырасатын отбасылар санын азайту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Гендерлік теңдік отбасындағы ерлі зайыптылардың бір бірінен артық екендігін көрсетіп, олардың шаңырақтарын шайқалту емес, керсінше олардың құқығын тең қорғай отырып, отбасы институтын жетілдіру болып табылады. Айта кетер жайт, елімізде ажырасушылардың артуының салдарынан толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл ұлтымыз үшін үлкен мәселе екені сөзсіз.

Сондықтан жылдар бойына елімізде бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білім­ді ұрпақ қалыптастыруға бағыт­ында жүзеге асып жатқан жұмыстарды одан ары жүргізіп, ана мен баланы қолдау бойын­ша бағдарламалық құжаттар мен гендер­лік теңдікті сақтау стратегиясын өзінің көздеген мақсатына жеткізу қажет.  Дәл қазір қоғамымызда көп балалы аналарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың  сәтті жүзеге асып жатыр. Оларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл са­йын артып, оларды баспаналы ету жұмыстарының қоғамымыз үшін өте нәтижелі бастама болып жатқаны рас. Сондықтан алдағы уақытта гендерлік теңдікті отбасы құндылығын арттырып, ұлтымыздың демографиялық ахуалын жақсартумен ұштастыра білсек, нұр үстіне нұр болмақ!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31