Ғылым саласы өлді, қайтпек керек?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

05.05.2021, 08:45

3122

Қазақстан – әлемдегі  мешеу  елдердің  бірі. Өйткені  бізде ештеңе  өндірілмейді. Тіпті «жоқ,  бізде  анау  бар, мынау  бар»  дейтіндер  болса,  оның  өзі  бөлшектеніп  сырттан әкелініп, осы  жерде  құрастырылатын дүниелер. Яғни  біз  бәрін  сырттан тасымалдаймыз.  Өкінішті.  Сонда  деймін,  мемлекетімізді жаңа  деңгейге көтеретін, заманауи  технологияларды  ойлап тауып,  өндіріске енгізетін ғылымымыз  қайда?  Шошқа  тағалап  отыр  ма?   Оларға   жыл  сайын  бөлініп  отырған  миллиардтаған қаржы   кімнің  жемсауына құйылып  жатыр? Бұл  өте  өзекті  мәселе.

       Жақында осыған дейінгі жылдары мемлекеттік органдарда қызмет атқарған, ал бүгін жеке кәсіпкерлікке бет бұрған Санжар Боқаев еліміздегі ғылым саласының ақсап тұрғанына шүйлікті және видеоқаратпа арқылы білім және ғылым министріне «ғылымда жаңалық ашпаған басшыларды бос қоя беру керек» дегенді ашық айтты.  

‒ Елімізде 386 ғылыми ұйым және 21 843 ғалым бар, оның 7420-сы 35 жасқа дейінгілер. Бізде Ғылым комитеті, Ұлттық ғылым кеңестері, Ұлттық ғылым академиясы, одан қалды, қаншама ғылым институттары бар. Алайда патент саны бойынша әлемдегі елдердің рейтингінде Қазақстан 145-орында тұр. Ал патент статистикасы дегеніміз ‒ мемлекеттің инновациялық және технологиялық даму көрсеткіші. Қазақстанмен салыстырғанда ғылымға ақша бірнеше есе аз бөлінетініне қарамастан, патент саны бойынша бізді 88-орындағы Қырғызстан, 114-орындағы Тәжікстан, 128-орыннан көрінген Ауғанстан, тіпті 138-орындағы Солтүстік Корея шаң қаптырып кетіп тұр. Сонда не үшін Қазақстан мемлекеті өнімді жұмыс көрсетпей отырған ғылыми институттарға миллиардтар құйып отыр? Ғылым ашқандар мемлекеттік бюджеттің қаржыландыруына ғана қарап отырмай, ғылыми жұмысын коммерцияландыруы тиіс. Өйткені бизнес пен ғылым арасында байланыс жоқ екені туралы мәселе жиі көтеріледі. Жалпы, ғылымда жаңалық ашпаған басшыларды орындарынан босату керек, ‒ дейді Санжар Боқаев.

Патент санына қарап елдегі ғылымға баға беруге бола ма? Бұған қатысты әйгілі ғалым Темірғали Көкетай: «Патентті ғылыммен байланыстыруға болады, бірақ содан қорытынды шығаруға болмайды, – дейді. – Мәселен, бір мемлекетте патенттің саны көп болса, ендеше онда ғылым керемет дамып кеткен екен деген қорытынды шығаруға болмайды. Мысалы, іргелі ғылым, қолданбалы ғылым және технология деген болады. Егер де бір мемлекетте іргелі ғылым дамитын болса, ал қолданбалы дамымаса патент берілмейді. Патент деген – қолданбалы ғылымнан шығатын шаруа», – дейді.   

         Патенттің жайы осылай, алайда айтпағымыз бұл емес. Күнде қолымыздан тастамайтын, армансыз рахатын көріп жүрген ұялы телефондарымыз АҚШ, Қытай, Корея өндірісінен шыққан. Кеңселерде пернетақтасын тарсылдатып басып, пайдасын көріп отырған компьютер мен ноутбуктеріміз де осы елдерден бізге жетеді. Мініп жүрген көлігіміз де, ақау бола қалса, оған қажетті техникалық құралдары да өзіміздікі емес. Медицина саласы болсын, экология немесе аграрлық сала болсын заманауи озық деген технологияларын өзге елден тасымалдаймыз. Тіпті үстіміздегі қарапайым киіміміз бен ішіп-жеміміздің өзін сырттан әкелеміз. Бәрі импорт. Сонда 30 жыл ішінде жеке өндірісті, ауыл шаруашылығын, медицинаны, ғылымды, білімді дамытпай, тек шикізат сатып, мейрамханалар мен сауда-ойын-сауық орталықтарын, бизнес-орталықтарын, мешіттер ғана салудан ары аса алмадық па?    

         ‒ Ғылымның дамуы қазір өте нашар жағдайда. Бұрын бүкіл ғылымды басқарып отыратын Ғылым академиясы бас штаб болатын. Оны жауып құртты. Қазір академия білім және ғылым министрлігінде бір бөлім ғана болып қалды. Мемлекеттің Ғылым академиясын жабуы – ғылымға көңіл бөлмеді деген сөз. Бұрын бюджетті бөлгенде академияға бәленбай миллиард ақша қарастырылатын, қазір ондай жоқ. Бес-алты адамнан құралған академия қазақтың ғылымын басқарып отырған жоқ, академик деген атақты берумен ғана айналысып отыр. Кеңес уақытында Қазақстан ғылым бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алатын. Соны құртып жібердік. Енді оны қатарға қалай қосамыз? Мектептер мен жоғары оқу орындарында білім нашар. Бәрі бір-бірімен байланысты дүние. Ендігіде академияны қайта құрған жөн дер едім немесе ешбір министрлікке бағынбайтын, тікелей президентке я болмаса премьер-министрге қарайтын комитет құрылып, сол жерге ақша бөлінсе деймін. Бұл ғылымды дамыту үшін кемінде 10-20 жыл керек. Қазір жаңа министр келгелі қаражат та, көңіл де бөлініп жатыр. Үш рет байқау жариялады. Бұған дейінгі 14 министр ғылымды да, білімді де оңдырмады. Қазіргі министр жанын салып жұмыс істеп жатыр. Соның өзінде етегінен тартушылар табылып отыр. Отыз жыл бойы дамымай қалған саланы қалай бір күнде орнына келтірмек? Ол оңай шаруа емес, – дейді ғалым Темірғали Көкетай.

Әдетте ғалымдар аталған салаға салынатын қаржының аздық ететінін айтады. Есептеп көрейік, 2019 жылы ғылыми зерттеулер мен еңбектерге 134,37 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 90 пайызы биотехнология мен инфекцияға қарсы әзірлемелерді қоса алғанда, жаратылыстану ғылымдары мен инженерия саласына тиесілі болған. Өңірлерге бөліп қарастырғанда Алматы қаласына – 64,4 млрд,  Нұр-Сұлтан қаласына – 29,1 млрд, Шығыс Қазақстан облысына – 10,56 млрд,  Атырау облысына – 10,4 млрд, Маңғыстау облысына 10,34 млрд теңге үлестірілген. Ал соның алдындағы 2018 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге шамамен 125 миллиард теңге жұмсалыпты. 2017 жылы инновациялық қызметті қамтамасыз етуге 34,7 млрд теңге бөлінген екен. «Нәтиже қайда?» деген заңды сұрақ туындайды. Ол үшін бұл миллиардтар да мардымсыз болды ма, әлде ғалымның өзіне жетпей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ме?

 Ғылым саласында 2014 жылы – 25 793, 2015 жылы – 24 735, 2016 жылы – 22 985, 2017 жылы 22 081 адам еңбек еткен. Ал биыл 21 843 адам, олардың шамамен 33 пайызының ғылыми дәрежесі бар: 1703 ғылым докторы, 4240 ғылым кандидаты, 1045 PhD докторы және 317 бейіні бойынша доктор.  

Былтыр ғана министр Асхат Аймағамбетов ғылымның қарқыны күшті екенін, қазақстандық ғалымдардың әлемдік журналдарға ғылыми мақалалары басылып жатқанын және 2011 жылмен салыстырғанда Scopus деректер базасында мақала жариялану көрсеткіші 34,5 есеге артқанын ерекше атаған болатын.

Алайда материалдың жарияланғанынан бөлек, оның екінші бір тұсы – жарияланымдардың дәйексөз индексі (индекс цитируемости) неге қоса айтылмайды? Бұл – белгілі бір ғалымның еңбегінің маңыздылығын, өзектілігін өлшейтін көрсеткіш. Яғни ғалымның жазған еңбегі қаншалықты пайдаға жарады, аргумент ретінде қолданылды ма, ғылыми мерзімді басылымдарда дәйексөз ретінде еңбекке неше рет сілтеме жасалды дегенге жауап береді. Мысалы, осы индекс рейтингісі бойынша Қазақстан 2016 жылы Нигерия (52), Кения (67), Эфиопия (78) және Оман (80) сияқты кедей елдерден кейінгі 83-орынға түсіп кеткен болатын. Бұл туралы Ноттингем университеті Халықаралық энергетикалық орталығының ғылыми сарапшысы (Ұлыбритания) Марат Қаратаев: «Көбі ағылшыны әлсіз болғандықтан, жақсы журналдарға шыға алмайтынын айтады. Бірақ мәселе онда емес. Қазақтың көптеген ғылыми зерттеулері атүсті жүргізіледі. Біраз ғалымдар тіпті орыс немесе қазақ тілдеріндегі зерттеулерде қолданылған әдіснаманы, тіпті қол жеткізгісі келген нәрсені түсіндіре алмайды», – деп сынаған еді.

‒ Негізі, тұралап қалған ғылымды қайтадан жаңғырту ақшамен емес, адамның әрекетімен істелетін шаруа. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда қаншама ғылыми мектеп болды, мен де сол мектептің бір бөлігі едім. Осы Қарағандыда жүріп 32 ғылым кандидатын, 8 ғылым докторын, 3 Phd докторын қолымнан ұшырдым. Бірақ жағдай жасалмағаннан кейін барлығы өзге елдерге кетіп қалды, басы істейтін қаншама біліктілер Америка, Англия, Ресей т.б. елдерге жол тартты. Сондықтан ақшаны далаға шашпай, тиімді жұмсаған жөн, – дейді Темірғали Көкетай.

Тегтер: ғылым білім қоғам мәселе интелект руханият

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 19:23
Өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31