Халық алдындағы жауапкершілікті сезінбеу қылмыс

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

24.09.2020, 10:28

491

Кімнің кім екені, мемлекеттің, биліктің қабілет-қарымы осындайда көрінеді. Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен күшіне енген карантин барымыз бен жоғымызды анық көрсетті. Бізде үкімет мүшелері «алаңдауға негіз жоқ, мемлекет барлығына көмектеседі» дегенімен, халық толыққанды ол көмекті сезініп отырған жоқ. Қарапайым халық әзірге биліктің ұтымды іс-әрекетіне емес, цифрларды түрлендіріп сөйлейтінін ғана көріп жүр. Коронавирусқа 6 трлн теңге жұмсалды, қосымша  тағы 150 миллиард теңге бөлінді. Қалай дегенмен де 6 трлн теңге медицинаны мықтап алуға жеткілікті еді. Алайда не дәрі жоқ, не дәрігер жетіспейді. Не маска жоқ, масканы халық өзі тігіп киді. Мына індеттен өзін-өзі емдеп, қиындықта өз жағдайын өзі жасап, қажетті дәрі-дәрмекпен, тыныс алу аппаратына дейін бірлесіп ақша жинап, өз бетінше  қаракет етті. Халық қорғансыздың күйін кешті. Қаншама адам қыршын кетті. Үкімет бейқамдық танытты, оның зардабын халық тарттының кері келді.  Енді келіп  «біз барлығымен қамтамасыз етеміз, жеткіземіз» деп жатыр.

       Алдын ала неге жеткізілмеді? Неге міндетті түрде ел дүрлігіп, есі шыққан кезде ғана үкімет қозғалады? Неге шынайы статистиканы жасырады? Жалған статистика елдің жауы екенін мамандар қанша мәрте ескертіп  шырылдағанымен, атқарушы билік тарапынан халыққа шынайы ақпарат жетпей қалады. Қағаз бен сөздің шындығымен қатар, өмірдің шындығы бар екенін жақсы білеміз. Тек жалған ақпаратқа машықтанған саясат өмір шындығын жоғалта бастайды. Халықты мәңгі алдау мүмкін емес. Әсіресе интернет заманында, әлеуметтік желілері дамыған қоғамда биліктің алдап-арбауы өтпейді. Баспасөзде жарияланған деректерге сүйенсек, Қазақстан коронавирус дертіне шалдыққан науқастар саны жағынан 1,4 миллиард халқы бар Қытайдан озып кетіпті. Бүгінгі таңда еліміздегі бұл қауіпті дертке шалдыққандар саны 100 мың адамнан асса, Қытайда бұл көрсеткіш 83 959-ды құрады. Сонымен  қатар Қазақ елі коронавирус дертіне шалдыққан елдердің әлемдік рейтингінде 213 елдің ішінде 26-орында тұрақтады. Осыған қоса, ТМД елдері ішінде Ресейден соң, 2-орынға жоғарылады.

      Аталған ақпаратты саралай келіп, біздің биліктің қаншалықты нашар деңгейде дертпен күрескенін көруге болады. Міне, осы жағдай билік басындағыларды жаңа жол іздеуге, халық сенімсіздігінің алдын алуға итермелейді. Дәл осындай жағдайда билік кеткен қателіктерін мойындап, одан сабақ алудың орнына, керісінше, баяғы үйреншікті әдетіне салып, халықты кінәлағысы келеді. Елдің шетінде, желдің өтінде биліктің біліксіздігінен, іске олақтығынан жылдар бойы зардап шегіп келе жатқан ауылдарды «паразит» деп атайтын да, «екі сиыр ал да, өзіңді асыра» дейтін,  «менің балам көп, айлығым аз» деген ата-анаға «Сен не ойладың? Бұл сенің проблемаң, сен ол кезде мемлекетпен ақылдасқан жоқсың ғой» деп, көпбалалы аналарды биліктен көмек сұрай бергені үшін сөгетін де осы билік басындағылар емес пе? Бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінсе де, билік құтқара алмаған ауылдар енді келіп «паразит» атанды. «Он шақты бала туып, асырап отырған аналарды масыл дегеніміз ұят болмады ма?» деп қысылып отырған билік жоқ. Елді төрден бақылап отырған басшылары солай деген соң, өзге шенеунік қайтсін, көмек сұрап, жағдай айтып келетін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды тұқыртуды жалғастырып келеді.

    Былтыр көпбалалы әйелдерге  21 мың теңгеден төлеу үлкен дауға айналды. Министр, әкімқаралар түйткілдерді тез арада шешудің орнына халықпен айтысып-тартысты. Ақыры үкімет оны көпсініп, жәрдемақының көлемін азайтып тастады. «15 бала тапсаңдар 159 мың теңге алуға мүмкіндіктерің бар» деген министрдің сөзі халық арасында қызу талқыға түсті. Карантин кезінде жұмыссыз халыққа 42 500 теңгеден бөлді. Оны алу үшін қарапайым халық тағы айтысып-тартысты. Карантиндік режимді ұмытып, банктерге жүгірді. Халық айтса айтқандай, 42 500 теңге елдің әл-ауқатын көтеруге көмек болатын көлемді қаражат емес. Қалың жұртшылық бұл әлеуметтік төлемді қанша сынаса да, үкімет шамасының жеткен жері осы болды. Биліктегілердің сөзіне қарағанда, соңғы уақытта мемлекеттің әлеуметтік міндеті артқан. Өйткені атаулы көмек алатындар саны қатты өсіпті. Енді осының кесірінен бензин қымбаттап жатыр. Міне, бәріне халық кінәлі, ал халықтың наразылығы қашанда орынсыз.

        Денсаулық сақтау министрі брифингте шенеуніктерге шаң жуытпайды. Шенеуніктердің жұмысты сауатты атқарғаны соншалық – қазір жағдай тұрақталды, ауру жұқтыру көрсеткіштері төмендеді, бұл жерде дәрігерлер мен шенеуніктерді тыңдамайтын халықтың өзі бәріне кінәлі болып отыр дегендей сыңай танытады. Ал енді әкімқаралар «әлеуметтік желіде біреулер хайп жасап жатыр, біз дәріні барлығына жеткізіп жатырмыз» деп ділмәрсиді. Халықтың қажетті дәрісін таппай, сағаттап дәріханада кезек күтіп сандалғаны, бір жұтым ауаға зар болып қиналғаны, ауруханадан орын таппай, қапыда қыршын кеткені жайында айтып, дабыл қаққандар, шенеуніктердің ойынша, хайп қуғандар қатарынан екен. Халықтың биліктегі өкілі, жоқтаушысы, қорғаны дейтін бір депутат «мемлекет есебінен күн көруді доғару керек, олардың несиесіне дейін кешіріліп жатыр, мемлекетке масыл болғанды қою керек» дейді. Жағдайы бола тұрып, әлеуметтік көмекті алғандарды әлеуметтік масылдар деуге болатын да шығар. Бірақ жоқшылықта отырған қалың бұқараға осындай қысымшылық көрсеткен шенеуніктерді кім демек керек? Президент биліктің халыққа жақындағанын қаласа, бұлар, керісінше, жаңағыдай іс-әрекетімен халықтан алыстай түскенді жөн көретіндей.

       Рас, талай жылдан бері бір-бірінің қуанышына, қайғысына ортақтасып, үйреніп қалған қазақ халқының карантин кезінде де бас қосқанын жоққа шығаруға болмас. Мемлекетшілдік санасы қалыптаспаған, жауапкершілігі төмен, құқық бұзуға даяр жандар жоқ емес. Алайда «санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтамады, маска тақпады, карантин талаптарын бұзды» деп, қазақты бас-көз жоқ, кінәлай бергеніміз жөн болмас. «Өтпелі кезең» дейтіннің шұбатылған ашішектей созылып бара жатса, оған 30 жыл бойы билік басында отырғандардың айтқанына көніп, айдауына жүріп келе жатқан қарапайым халық кінәлі емес. Бұдан бөлек, медицина саласындағы қалыптасқан ахуалды да, пандемия кезінде талай салаларда былық ашылды, бірқатар салалардың салы суға кеткенін, ресми көрсеткіштер мен шынайы көрсеткіштердің арасы алшақтағанын, даму жоқтығын, өмір сапасы жақсармағанын халық көріп-біліп отыр.

     Президент Тоқаевтың: «Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмады. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді, мемлекеттік басқару ісіндегі және идеология саласындағы қателіктерді дер кезінде түзеткен жөн», – деуі көп жағдайды аңғартса керек. Әкімдер мен министрлердің басқа жағдайда жұмыс істеп үйреніп қалғанын, мұнай өнімдері мен металдар сатылып, жақсы өмір сүргенін, имидждік іс-шаралар атқарылып, әдемі баяндамалар жасалып, мұның бәрі мемлекеттік аппаратты түбегейлі босаңсытып жібергенін байқатса керек. Билік – халық сеніміне ие болу, халыққа сүйеніп билік жүргізу. Конституция бойынша биліктің жалғыз қайнар көзі – халық. Президент, әкім, министр болсын, ол халықтың қызметшісі болуы тиіс. Конституция талаптары өкілетті бір топ емес, бүкіл ел үшін орындалуы керек.

      Бүгінде көпшілік болашақта үкіметтен қорытынды шешімдер қабылдауды, елді қиындықтан құтқаратын сауатты топ-менеджерлер легін қалыптастыруды талап етуде. Шын мәнінде халыққа аздап қана қаржы беріп, жағдайды сырттан бақылап, президентке «барлығы орнында» деп есеп беретін үкімет емес, қиын сәтте елді нақты істерімен қолдап, оған қамқор болуға қабілетті менеджерлер легі  керек болып тұр. Бізге кез келген ахуалға бейімделіп, жедел шешім қабылдайтын, жаңартылған тиімді мемлекеттік аппарат қажет. Қоғамда проблемалар қордаланған сайын, температура көтерілген сайын халықтың айтар сөзі күшейеді. Ащырақ, анығырақ бола түседі. Бұл – саясат заңы. Сондықтан биліктегілер қоғамдық температураның қаншалықты дәрежеде көтеріліп келе жатқанын сезінуі тиіс. Билік өз ойымен емес, қоғамдағы жинақталған проблемалармен өмір сүруі тиіс.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38