Халықтан бұрын, қызығын жемқорлар көрді

Қымбат құрылысты қоя тұрамыз-ау...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

04.11.2021, 08:40

1187

        Өткен аптада Алматыда ЛРТ салу қажеттілігі туралы мәселе тағы көтерілді. Шыны керек, астанадағы ЛРТ салу ісінің жылдарға созылып, тіпті аяқсыз қалуы, жемқорлық араласып, бөлінген қаржының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетуінен кейін халықтың көңілінде ЛРТ-ға қатысты жағымсыз сезім қалыптасты. Талай ел игілігін көріп, мініп алып жүйткіп жүрген жеңіл рельсті транспорт жүйесі біздің елімізде көкке қол созған бағандар кейпінде, қиял күйінде қалып келеді.

Статистиканы сөйлетсек, LRT туралы 2005 жылдары бастап айтылып,  2011 жылы Қала күнінің қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде алғашқы тасын қалап, LRT құрылысын бастап берген болатын. Одан бері он жылдан асты, миллиардтарды жұтып, тағы талай миллиардтарды күтіп, ЛРТ елесі жемқорлыққа қойылған ескерткіштей самсап тұр. Бас қаладағы жағдай осындай болғанда, Алматының ЛРТ-сы туралы сөз қозғаудың өзі артық секілді.

Айтпақшы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «пандемия кезінде әр теңгенің орнымен жұмсалуы керектігін, мерейтой тойлауды да қоя тұрып, ақша үнемдеу қажеттілігі» туралы бірнеше рет айтқан болатын. Ал елімізде ЭКСПО, ЛРТ секілді миллиардтаған ақша айналымы жүретін үлкен жобалар кезінде жемқорлық деректерінің де көбейетініне көзіміз жетті. Ендеше Алматы ЛРТ-сы елімізде тағы бір ірі жемқорлық ісіне себепші болмасына кім кепіл?!

Осы орайда айта кетер жайт, о баста бес жылға жоспарланса да, 1927-30 жылдар аралығында мерзімінен бұрын үш жылда біткен Түрксібтің теміржолы көп нәрсені аңғартады. 1145 шақырымға созылған  теміржолды таулы өзендер, тасты жоталар, ыстық құмдар арқылы құбылмалы ауа райында техникасыз, жалаң қолмен үш-ақ жылдың ішінде бітірсе, елорданың ЛРТ-сын миллиардтаған ақша бөліп, техниканың күші дамыған заманда 14 жылда 17 пайызын ғана аяқтап отырмыз. Қаражат та әлденеше рет бөлінді. 2015-19 жылдар аралығында бюджеттен 150 млрд теңге шығындалған. Оның 40,7 млрд-ы жерді алуға, 124 млрд-ы құрылыс келісімшартын жасауға, 31,4 млрд-ы несиені жабуға жұмсалған. Соның өзінде жұмыстың бар-жоғы 17 пайызы орындалған.

 «Астана LRT» 2016 жылдың қыркүйек айында құрылыс келісімшартынан бөлек, сырттан негізсіз қарыз алуға өтініш берген. Сол жылдың желтоқсан айында қаржы Астана банкінің шотына түскен. Осылайша Қытай даму банкінен алынған 415,5 млн доллардың тек 86 млн-ы ғана құрылысқа жұмсалған. «257,6 млн Астана банкінің салымына салынып, оны алу мүмкіндігі төмендеген» делінген есеп комитетінің есебінде. 2018 жылы Астана банкі жабылып қалды да, ақша банкте «күйіп» кеткен. Кейін Проблемалық кредиттер қоры қаражаттың тек 3,4 млрд теңгесін әзер қайтарып алғанын жариялады. Министрлер кабинетінің отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жобаға қатысты қаржыны іздестіру жұмыстары 2020-21 жылдар бойы жүргізілетінін, депозиттерге салынған қыруар қаражаттың қайтарылуы 30-40 пайыздан аспайтынын, қалған миллиардтаған қаржыны мемлекеттің шығынына жатқызуға тура келетінін мәлімдеді. Жолы ауыр астаналық ЛРТ жобасын жемқорлар одан әрі ауырлатты. Кейін Astana LRT-да жымқыру ісі бойынша жеті айыпталушының үкімі жарияланды. Ал сотталушыларға «5,8 миллиард теңге жымқырды» деген айып тағылған болатын.

Халық «осынша қарызға батырған ЛРТ керек пе еді» деп күйінеді. Тіпті мемлекет басшысы: «Білуімше, жобаны жүзеге асыру барысында сәулетшілер мен арнайы мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлікпен бір тәулікте шамамен 146 мың адам жүреді деп жобаланған. Бірақ бұл ақиқаттан алыс жатқан болжам. Себебі дәл осы маршрутпен қазіргі күні әуежай мен теміржол вокзалына дейін бар-жоғы 2-ақ мың адам қатынайды. Сонда жолаушылар санын 70 есеге қалай көбейткелі отырсыздар?» – деген болатын. О баста дұрыс жоспарланбаған істің соңының осылай аяқталуы да түсінікті секілді. Айтпақшы,  бастапқыда Нұр-Сұлтандағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің ұзындығы шамамен 60 шақырым болуы керек еді. Бірақ біршама түзетулерден кейін ол едәуір қысқарды, 2019 жылғы жобада LRT желісінің ұзындығы 22 шақырымды құраған. Ендеше ақшаны жеткізе алмай, ұзындығын да қысқартып, айналамызға күлкі болып отырғанымыз аздай, Алматыда да ЛРТ саламыз деудің жөні бар ма?

Рас, Алматыға да, Астанаға да жолаушылар тасымалын жеңілдететін, халықты көлік тығынан құтқаратын әдіс керек. Әсіресе Алматыда Кеңес Одағы кезінде халық тығыз қоныстанған аудандардағы тұрғындарды қала орталығына жеткізу үшін трамвай жұмыс істесе, қазір оны алып тастадық. Оның үстіне қала шетінен жаңа аудандардың ашылуы көлік инфрақұрылымын да жедел дамыту қажеттігін сездіртуде. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, сыртқы қарыз еселеп өсіп, Ұлттық қордағы қаржы ортайып бара жатқан тұста мұндай қымбат құрылыстың не қажеті бар?

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала бюджетіне ол құрылыстың 300 миллион доллар құрайтынын айтқан болатын. Жемқорлардың аранын ашатын мұндай қаржы құйылатын жердегі ашықтық пен тазалыққа ешкім кепілдік бере алмауы қынжылтады. Айтпақшы, Сағынтаев қала бюджеті мұндай қаржыны көтере алмайтынын, ал республикалық бюджеттен бөлінген қаржының метрополитен жұмысына бағытталып жатқанын да атап өтті. 2018 жылдан бері метроның «Сарыарқа», «Момышұлы», «Қалқаман» бекеттерін іске қосу үшін 280 миллион доллар жұмсалған. Сондай-ақ соңғы үш жыл ішінде жолайрықтарды іске қосу үшін 200 миллион доллар бөлінген көрінеді.

 Астанадағы ЛРТ жұмыстары созылып кеткен соң, аудиторлар үкіметке Астана LRT құрылысын әрі қарай жалғастыру тиімсіз екенін бірден кесіп айтты. Алайда жақында, 13 маусымда Astana LRT Қазақстанның мемлекеттік кепілдігі бойынша 1 миллиард долларлық несиеге жаңа тендер жариялағанын хабарлады. Қалай болсын астананың кейпін бұзып тұрған бағандарды бұзып тастауға обал, амал жоқ, намысқа тырысып, қарызға батсақ та, кәдеге асыру міндет болып отырған секілді. City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, биылдың өзінде құрылысқа 700 миллион доллар жұмсалмақ. Ал жобаны толық жүзеге асыру үшін әлі 1,08 млрд доллар керек. Сондықтан құрылысты тоқтатпау үшін қажетті қаржыны қарызға алу көзделген. Енді миллиардтар табылса, жобаны екі жылда аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша тиімділігі толық дәлелденбеген, бірақ миллиардтарды жұтатын жобаны қиналсақ та, бітіруге тырысып отырмыз.

Осы орайда,  қуатты Канаданың өзі былтыр «дағдарыста ақшаны үнемдеуіміз керек» деп, Кисайд ақылды қаласын салудан бас тартты.

Жалпы, қазір әлемде дағдарыс ушығып тұрғанда қымбат құрылыстар керек пе? Кейбір салынарын салынып алып, қажетке жарамай қалған немесе сапасы сын көтермейтін кешендердің құрылысына қарап «мұндай құрылыстар  мемлекеттен ақша бөлгізіп алуды ғана көздейтін, ебін тапқандар екі асап, ақша жеп қалуды қалайтын жемқорлықтың көзі емес пе» деген көңілде күдік ұялайды.

Әлі күнге LRT ісі бойынша шетелге қашып кеткен қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» экс-басшысы Талғат Арданды  халықаралық іздеуге беріп таппай отырмыз. Бүгінде олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрады. Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды жазаға тартпақ түгіл, ешкім іздестіріп те жатпағанын айтып, мәжіліс депутаттары жақында сұрау салған болатын.

        Қара халықтан гөрі қызығын алдымен жемқорлар көретін қымбат құрылыстардан бас тартып, дәл қазір халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлген дұрыс-ау… Әйтпесе Алматының ЛРТ-сы Нұр-Сұлтанның жолын қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Тегтер: құрылыс компания ереже заң айыппұл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30