Халықтың өкілі тайсалмай, халық сөзің сөйлеуі тиіс

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

01.10.2020, 10:46

852

«Жас Алаш» газетінде жарық көрген ««Ұлттық кеңес ұлтым» дейтіндердің мекені емес!» (№68, 2020 ж. санында) атты мақалаға пікір білдірсем деймін. Бүгінде халықтың бойында билікке деген сенімсіздік басым. Бізде айтылған сөзі құнсызданып кеткеннен кейін билік ұлттық сенім кеңесін құрды. Бұл құрылым – мемлекеттің дамуына, қоғамның ашықтығына, әлеуметтік саладағы түйткілдерді шешуге, халықпен билік арасында диалог орнатуға деген ізгі ниеттен туындаған. Бірақ арада жыл өтсе де, сенім кеңесі ел сенетіндей тірлік жасамады. Тіпті «ұлттық» деген атауы бола тұра, бұл кеңестің ұлттың тілінде емес, өзге елдің тілінде сөйлеуі – бүкіл жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды. Қазақ халқы өз тіліне тіксіне қарайтын, жат елдің тілін ана тіліндей көретін ұлттық кеңеске қалай сенім артсын!

         Орыс тілінде шүлдірлескендер «Жас Алаш» жазғандай, ұлттық мүдде жөнінде өрелі мәселе қозғайды дегенге сенім аз, жоқ десе де болады. Исі қазақтың бұл құрылымға сенбейтіні де сондықтан. Тіпті елдің көкейіндегісін айтатын азаматтарды ротациялау арқылы кеңестен шығарып тастап жатыр. Мұның өзі кеңесте қандай жағдай қалыптасып отырғанын көрсетсе керек. Қоғам белсенділері Арман Шораев, Азаматхан Әміртай, Мұхтар Тайжан, Жәнібек Қожық сияқты ұлт мүддесін қорғайтын, халықтың сөзін сөйлейтін азаматтар кеңеспен қош айтысыпты. Сонда бұл Ұлттық кеңесте «ұлтым» дейтін азаматтарға орын жоқ па? Әлде оларға биліктің сөзін сөйлейтін, ымырашыл, билікшіл, биліктің ыңғайындағы қайраткерлер керек пе? Шын мәнінде, солай сияқты. Онда ұлттық кеңестен қандай мән-мағына қалады? Халықтың жанайқайын, мұң-мұқтажын, талап-арызын билікке жеткізіп, шешіп беруге жарамайтын кеңестің қажеті қанша? Бүгінде жұртшылықтың: «түк шешпейтін құзыреті жоқ құрылымдар бізге қажет емес» деп наразылық танытуы тегін бе? Радикалданып, халықтан алшақтап бара жатқан ұлт жанашырлары емес, билік екенін халық көріп, сезіп отыр.

         Ұлтшылдық – жақсы қасиет. Әрбір адам ұлтшыл болмай, мемлекет болмайды. Әсіресе, ұлтшылдыққа бой алдырмай,  өз ұлтыңды сүйсең, еліңе жаман ба? Ұлт мүддесін қорғайтын, халықтың сөзін сөйлейтін ұлт жанашырларына неге ырық бермейді осы билік? Неге кедергі жасалады? Кімнен, неден қорқады? Оларды бөле бермей, ішке тартатын кез келген шығар. Әр саладан осындай белсенді әрекетке барса, қоғам оңалар еді. Өкінішке қарай, кемшіліктерді айтқан жаны ашитындарды қазір ашынғандар тобына итермелеп жатыр. Биліктің «көрмес түйені де көрмес» деген саясаты. Бүгінгі билік отырса – бәрі тыныш, ал елім, жерім дейтін халықшыл азаматтар шықса – қасірет. Міне, елдің тірегі болатын жастарды билік осылайша тәрбиелеуде. Осындайда саясаттанушы Д.Сәтбаевтың: «Биліктің басты қателігі – әлдеқайда көп зияны тиетін жағымпаздар мен күні үшін уақытша жүргендерден сақтанудың орнына өзінің ашық қарсыластарын жау ретінде қабылдайды. Жағымпаздық адалдықпен сыйыспайды, күні үшін жүргендер патриот бола алмайды. Сондықтан сын айтушылардан гөрі жағымпаздардың ортасында болған әлдеқайда қауіптірек» дегенін тағы бір еске алайықшы («Жас Алаш» №18,              2016 ж.) шындығын жоғалтып алушылардың көбеюі ұлт үшін үлкен қасірет. Жауапкершілікті сезінбей өскен адамдар мемлекетке үлкен қауіп төндіреді. Президент Қ.Тоқаев халыққа құлақ асатын мемлекет құру қажеттілігі туралы айтудан жалыққан емес. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып жатқан сыңайлы. Биліктегі, қоғамдағы былықтарды, келеңсіздіктерді жасырмай ашық айтып, жазып, сынап жүрген азаматтарды көзге шұқи бергенше, президент шынайы шындықты шыжғырып, елден қол үзіп кеткен, тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен шенеуніктерді бетіне басуы керек еді. Егер қатты айтып, зор талап қойса, олар да сескенер еді, халық та ойланар еді. Бірақ бәрі керісінше болуда. Өйткені біздің билікке белсенді азаматтардан гөрі, бағыныштылар әлдеқайда тиімді екенін аңғару қиын емес. Ал халықтың сенімін арқалаған депутат биліктен әділдікті талап етуге, халықтың құқын қорғауға міндетті. Халықтың көзі, халықтың өкілі болғаннан кейін олар халықтың сөзін айтуы керек еді. Алайда бізде халықпен санасайық деп жүрген Парламент жоқ. Парламент қандай шешім қабылдар екен деп жүрген халықты көрмейсіз. Себебі, Парламент шешім қабылдамайтынын, тек тапсырма орындайтынын ел жақсы біледі. Тіпті елімізде індет жайлаған, төтенше жағдай жарияланып, халық карантинде отырғанда, халыққа жауапкершіліктің бар екенін көрсету үшін Парламент індет жағдайына тікелей қатысты заңдарды қабылдауы тиіс еді. Егер Парламент алапат індет кезінде тәртіпті қатаңдату мақсатында заңдарға, кейбіреулер орынды айтқандай, соғыс жағдайындағыдай өзгерту енгізу керек еді. Өкінішке қарай, осындай заңдық өзгерістердің болмауынан алыпсатарлар бес тиындық айыппұл төлеп, әкімдер мен министрлерді «сөгіс» пен бұрышқа тығумен іс бітіп жатыр. Біздің қоғам билікке қарап қимылдайды. Сол үшін де билік дұрыс нәрсемен айналысатын болса, жеке бір ісімен, әрекетімен үлгі берсе жөн болар еді.

         Билік тарапынан бүгінгі әлеуметке, халыққа қарай жасалған бетбұрыс, атқарылатын шаралар шынайы болуы керек. Шын ниеттен, мемлекеттік, ұлттық, перзенттік борыштан туындауы қажет. Яғни, ұлт ұпайын түгендемейінше, ұлтқа темірқазық болмайынша, президенттің Ұлттық кеңес халыққа жақын болады деген ниеттен түк шықпайды. Ұлттық сезімдерін жоғалтпаған, туған елінің бүгінімен ертеңіне шынайы алаңдаған халықшыл азаматтарға дұшпан көзбен қарау, оны тұншықтыру іс-әрекеттері керісінше халықтың билікке қарсы әрекетін оятып арандата түседі. Халықтың ой-пікірімен бөліскісі келген ұлтжанды азаматтарға билік қанша тосқауыл қойып, кедергі жасап баққанымен, елде өз жағдайын ғана күйттемей тұтастай ел мен жерін, оның болашағын ойлайтын азаматтардың көбейіп келе жатқаны шындық. Биліктің өз қолымен жасаған саяси дағдарысынан шығудың жолы бұл емес, бұл жол керісінше, жағдайды одан әрі ушықтырады.

         Қазір сырты өзгерген, іші сол қалпы саяси реформамен халықты алдағанмен, уақытты алдау әсте мүмкін емес. Биліктің болсын, шынайы халықшыл азаматтар, оппозиция болсын алға қойған мақсаты біреу – ол халыққа қызмет ету. Кез келген саяси реформаның алғы шарты – сенім мен өзара түсіністікті қалыптастыру. Ал билік өз қарсыластарын, өзгеше ойлайтын азаматтарды қудалаған кезде мұны іске асыру мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі мақсат – елдегі процестерге өзіндік балама пікірі бар азаматтарға дұшпан көзбен қарау емес, пікір тоқайластыратын жер іздеу. Алға жылжу тек бір-бірін толықтырғанда ғана бола алады. Еліміздің сындарлы, парасатты, қақтығыссыз дамуының кілті де осы. Ал өз күшіне сеніп, мықтылығын дәріптесе, бұл биліктің әлсіз тұсы. Өз қателіктері мен мүлт кеткен тұстарын мойындау – билік мықтылығының белгісі. Олай болса, билік халыққа біртабан жақындауы тиіс. Халыққа жақындау дегеніміз – шынайы, толыққанды саяси реформа жасау. Қоғамның өзіне деген сенімін ояту мақсатында нақты қадамға баруы керек. Өзінің саяси қателіктерін түзетіп, халықтың таңдауына сыйластықпен қарауы керек. Дәл осындай алмағайып заманда сөзі мен ісі үйлескен, халыққа тірек болатын, елін ойлар ерлер керек. Қазақ халқының ниетіне қарай ел атынан сөз айтар, айтар сөзін тайсалмай тура айтар, өресі биік саналы азаматтар көптеп саналса ғана елдің еңсесі қашанда биік болмақ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 11:03
Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
Мариям МАҚСАТ 10:59
Ауылдықтар ауызсуға жарымай отыр
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 10:39
Жолдың жыры келер жылы тамам болмақ
Бифат ЕЛТАЕВА 09:44
«Жасанды жолмен туған бала табиғи жолмен ұрпақ жалғастыра алмайды деген бос сөз»
Айжан БҮРКІТБАЕВА 09:39
Көлеңкеде қалған ауыл жастары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 16:24
Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04