Хантағының жайын кім ойлайды?

Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ

19.08.2021, 17:10

2179

Хантағы...Республикалық қорықтардың қатарына оныншы болып ресми түрде енген «Қаратау қорығы» орналасқан бұл мекенді бірі білсе, бірі білмес. Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылы бүгінде қараусыз қалған қара мекенге ұқсайды. Он мыңға жуық халқы бар ауылдың жайын ойлайтын ешкім болмай тұр. Айтатын мәселе көп. Ең алдымен көшедегі жарық шамдардан бастасақ.

      ҚР заңнамасына сәйкес, елді мекендерде көше жарық шам бағаналары орнатылып, көше бойы жарықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда Хантағыда бұл заңнама іске аспай отыр. Халық қараңғыда өмір сүруге мәжбүр. Бұл жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілеріне де өте тиімсіз. Өйткені кешкі уақытта қараңғыда көлік айдап, жол апатына түсу қаупі жоғары. Яғни адам өміріне қауіпті жайт.

Келесі мәселе – жылу. Ауыл тұрғындары әлі күнге от жағады. Мұнда газ да, орталық жылу жүйесі де орнатылмаған. Оны қойшы, Хантағыда Кентау қаласын жылумен қамтитын жылу жүйесі орталығының от жағатын ордасы орналасқан (ТЭЦ), ал бірақ жылу орналасқан мекеннің өзіне жылу жетпей қалған. Мейлі, оны да хош делік. Ал жылу жүйесі орталығынан ауылға баратын қара түтіннің жыры не болмақ? Қыс бойы ауыл халқы түтіннің зардабын татып жүр. Бұл ауыл экологиясын нашарлатуда. Халық «түтін жұтып шаршадық» деп қанша рет шағым айтса да, еститін құлақ болмай тұр. Иә, айдаладағы ауылдың тұрмысы кімді қызықтырсын? Жылу мекемесінің басшылығы ауа тазартатын құрал қою мәселесін шешпек түгіл, оны жергілікті әкімдікпен бірлескен жиналыстарда мәселе етіп көтермейтін де сияқты. Биыл Хантағы ауылы әкімінің 10 өкімі мен комиссия хаттамаларының күші жойылып, заңға сай емес деп анықталған болатын. Осы үшін Түркістан облысы әдеп жөніндегі кеңесі оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолдануға ұсыныс білдірген. Бұл былық жасырын қалар ма еді, егер әкімнің қол астындағы қызметкері құзырлы органдарға шағымданып арыз түсірмеген жағдайда. Иә, аппараттағы өз міндеттерін сапалы орындай алмай отырған әкім ауыл халқының алдындағы міндеттерін қайтсін.

Қоқыс мәселесі де ойландырмай қоймайды. Хантағы ауылы үйлерінің бойында қоқыс тастайтын жәшіктер жоқ. Әкімдік қоқыс жәшігін орнату керек дегенді ұғынбаса керек. Ауыл тұрғындары да бұл жағдайға үйренген. Әр үйдің тұрғыны қоқысты қаласа ауылдың басына, қаласа ортасында жатқан иен далаға тастай салатын болған. Егер жағдай бұлай жалғаса беретін болса, бір күні Хантағы ауылы қоқысхана ауылына айналары хақ.

          Хантағы ауылының тұрғындары ортада өзен бөліп тұрғандықтан, екі жағада өмір сүреді. Қыс бітіп, көктем басталғанда, жауын-шашын қатты болғанда өзен суының күші тасып, біраз келеңсіздік орын алады. Әңгіме ауа райында да емес, әңгіме – жаяу жүргіншілер мен көлік жүргіншілерінің жағадан-жағаға өте алмай қиналатынында. Екі жаға ортасына орнатылған көпірдің аты ғана көпір. Әйтпесе қыл арқан іспеттес. Көпір бір ғана жаяу адам өтуге арналған. Оның өзі өте сапасыз, тіпті адам ұстап өтетін жері де сын көтермейді. 2020 жылы Әлі Бекен мешіті жанындағы Үсенбаев көшесі бойындағы көпірдің оң жақ бетіндегі үйдің бірінен өрт шықты. Бірақ өрт қызметінің көлігі Хантағының басынан айналып келемін дегенше, көршілер өрттің біразын өздері өшіріп, үйдің біраз бөлігі жанып кетті. Бұл бір ғана оқиға. Мұндай оқиғаның күніне нешеуі болып жатыр. Ол жаққа жедел жәрдем көлігі жетемін дегенше де, ауыл тұрғындарының ауруы асқынып кетіп жатқаны қаншама. Сонда көлік өтетін де, жаяу жүргіншілер өтетін де жөні түзу көпірдің болмауы қаншама машақат туындатып отыр.

       Дәл осы мәселе сол кезде әкімдіктің әлеуметтік ресми парақшасында көтерілген. Сонда Хантағы ауылының әкімдігі аппараты: «Хантағы ауылында Біресек өзенінен өтетін 11 жүргінші көпірі бар. Бүгінгі күнде екі көпірдің тозуы анықталған. Поста көрсетілген осы көпір – соның бірі. Көпір 1967 жылы ауыл тұрғындарының асар әдісімен салынған. 2014 жылы көпір коммуналдық меншікке алынған. 2016 жылы көпірдің тіреуіштеріне және табанына жөндеу жүргізілген. Бүгінгі таңда көпірлерге күрделі жөндеу немесе жаңадан салу мақсатында жарамдылығын анықтау үшін сараптамадан өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп жауап берген еді. Бірақ жүргізілген сараптаманы да, оның нәтижесін де сол бойы көрмедік. Айтылған әңгіме айтылған жерінде қалды да қойды. Әкімдік айтқан 2016 жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары рас болса, онда төрт жыл өтпей, бұл көпірдің соншалықты тозығының жетуі неден екен? Әлде көпірдің жөндеуіне деп бөлінген қаржы қалталарға кетті ме?

Келесі бір мәселе – жол. Ауыл ішінде болуы тиіс, бірақ бүгінде жоқ болып тұрған жолдың жағдайы ауыр. Ауылда асфальт төселген жолдың көрінісі де байқалмайды. Жазда шаңға, көктемде балшыққа батып жүруге халықтың бойы үйренген. Мүмкін, ауылда адамша жүретін жол болуы керек деген түсінік жоқ шығар. Жанында республикалық қорық орналасқан ауылдың жайы осындай болса, қасында ештеңе орналаспаған еліміздегі ауылдардың халі қандай болар екен? «Туризм мекеніне айналдырамыз» деп, бір жылдары облыс әкімінің орынбасары айтқан еді. Алайда туризм түгіл, тұрмыстық дамуы болмай жатқан ауыл жағдайы әзірге осындай.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
Билік түзелмей, ел түзелмейді
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:25
«Қара пимадан» «ақ макасиге» дейін
Сайт әкімшілігі 26.01.2022, 15:50
Күнде бір отбасыға үй әперейік!
Жарас ШӨКЕ 26.01.2022, 15:23
Қаңтар оқиғасын зерттейтін комиссия құрылды
Сайт әкімшілігі 26.01.2022, 00:00
Qantar 2022: Алматыдағы уақытша изолятордан 11 адам босап шықты
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.01.2022, 17:36
Сапарханның «отставкасын» қолдаған Сапарбаев өзіне келгенде неге үнсіз?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48