Хрущев салған үйлерді Сағынтаев модернизациялай ала ма?

Қарлығаш Зарыққанқызы

29.09.2020, 10:30

2139

       Қазір Алматыдағы «хрушевкалардың» жағдайы қала халқын қатты алаңдатып отыр. Оларды баспана етіп қоныстанғандар не сата алмайды, не нақты «баспанамыз бар» деп айта алмай жүр. Себебі тозығы жеткен бұл  үйлер жыл сайын сыласа да, сылағы түсіп, құбырлары шіріп, күлімсі иіс қолқаны алып, үй иелерінің жүйкесі жұқарып-ақ жүр.  

     Жалпы, 2011 жылы елдегі тозығы жеткен үйлерді жаңарту мақсатында «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама іске асырыла бастаған тұста «тозығы жеткен үйлерден құтылатын болдық» деп, қуанып қалғанымыз да рас. Әсіресе Алматы халқы 1959-85 жылдары салынған «хрушевка» үйлерден құтыламыз деп ойлады.

     Бірақ сала мамандарының пайымдауынша, бастапқыда жап-жақсы басталған аталмыш бағдарлама қазір тіпті «сұйықталып» кеткенге ұқсайды. Бұл ретте, мамандар «Қазір бағдарламаның ашықтығы төмен. Жоспар бойынша Алматыда жылына 500 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, бұл межені бағындыра алмадық» дейді. Олардың айтуынша, әсіресе «хрущевка» атанып кеткен үйлерді жаңғырту қиынға соғып отыр.

    – Бүгінде Алматыда «хрущевкалар» халықтың бас қайғысына айналған. Бұл үйлер 1959-85 жылдар аралығында салынған. Әсіресе олардың құрылысы 60-жылдары қарқынды жүргізілді. Халықтың бұл үйлерді осылайша атауына сол кездегі Никита Сергеевич Хрущевтің «Жобалау мен құрылыста шамадан тыс шығындануға жол бермеу жөніндегі» қаулыға қол қоюы себеп болды. Осылайша сол кездері құрылысшыларға жедел түрде ешқандай сәулеттік ізденіссіз көппәтерлі үйлерді салу жүктелді. Алайда содан бері қаншама жыл өтті, уақыт өзгерді. «Хрущев» үйлері байырғы көне үйлер болып қала берді. Біз күні бүгінге дейін бұл үйлердің проблемаларына оншалықты ден қоя бермедік. Бірақ бұл үйлер қазір тым ескірді. Тұрғындар сатайын десе, сатылмайды не модернизацияға жарамайды. 2011-20 жылдарға арналған тұрғын үйлерді модернизациялауға қатысты бағдарлама қолға алынғанда осы үйлерді жаңғыртуға септігін тигізе ме деп, біраз үміттендік. Бірақ атқарушы органдар бұл үйлердің сыртын ғана сылап-сипап өтті. Оның өзінде, толықтай емес. Қаланың көрнекті аудандарындағы ғана үйлер сыланды. Ал қалған төменгі жақтағы аудандарда ескі үйлер сол ескі күйінше тұр, – дейді Алматы қаласы Жетісу ауданының тұрғыны Әбіл Оспанов.

      Жалпы, деректерге жүгінсек, Алматы қаласында тозығы жеткен 7771 үй бар десек, оның 4446-сы күрделі жөндеуді талап етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жоспар бойынша жыл сайын 500-ге жуық тұрғын үй жөндеуден өтуі керек еді. Бірақ бір жылда 100-ге жақын тұрғын үй ғана жөнделген. Ал қазір тіпті осы атағы дардай бағдарламаның жұмысы тіптен көрінбей кетті.

 

                                  Не істеу керек?

       Мәселеге қатысты осы саланы зерттеп жүрген құрылыс және экология орталығының маманы, сарапшы  Қорлан Әубәкірова былай дейді:

  – Біріншіден,бұл бағдарламадан халық пайда көру үшін алдымен жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаржыны нақты бақылауға алғаны абзал. Нақты бақылауды қатаңдату қажет, олай етпесек, бағдарлама нәтижелі болмайды.

      Екіншіден, есептесек, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткен қаладағы үйлердің шығыны азайған. Мысалы, үйді жаңғыртудан өткізгеннен кейін тұрғындар жылу үшін аз төлем төлей бастаған. Ескеру керек, бұл үйлердің барлығы орталық жылу жүйесіне қосылған. Жөндеуден өткеннен кейін тұрғындар пайдаланатын жылу мен ыстық су айтарлықтай үнемделіп, бір ғана жылуға 46 пайызға дейін аз төлем төленген. Құбырлар жөндеуден өткеннен кейін ыстық су мен суық су үшін де төлемді 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 15-18 пайызға аз төлеген. Сондықтан бұл бағдарламаны сауатты жүзеге асырып, тозған үйлерді жөндеу біз үшін аса қажет. Себебі тозығы жеткен үйлердің шығыны да көп болады. Осыны ескерсек, бағдарламаның орындалу барысын үкімет қатаң бақылауы қажет.

      Үшіншіден, Хрущев салдырған үйлерді бір ғана  әкімнің мойнына артып қоюды дұрыс санамаймын. Бұл арада шет мемлекеттерде тозығы жеткен үйлерді жөндеу үшін арнайы мемлекеттік қор құрылады. Сосын, ол қорға халық салық төлеп отырады. Кезекке тұрып, өз кезегі келгенде үйін жөндеуді талап етеді. Бізге де осындай әдістерді енгізген дұрыс.

      Төртіншіден,қазірреспублика бойынша тұрғын үйлердің 34 пайызы жөндеуді қажет етеді. Әлемдік стандарт бойынша бұл меже 10 пайыздан аспауы керек. Осыған орай, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі болғанын қалайтынымыз рас. Бірақ қаржының дұрыс игерілмеуі. Діттеген жеріне қаржы жетпей, дұрыс ұқсатылмауы, тамыр-таныс мердігеріне қаржы беріп, артынан сапасыз жұмыстарды қабылдай салу басым көрсеткіш беріп тұр. Сондықтан осындай келеңсіз жайттар орын алмауы үшін халықтың белсенділігін тетікке қосу керек. Халық жағдайды өзі бақылап, сараптап отыратындай, орталықтардың жұмысын арттыру керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:03
Коронавирус жұқтырғандар саны артты
Сайт әкімшілігі 09:52
Коронавирустың екінші толқыны: Бекшин алматылықтарға нені ескертті?
Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38