Игерілмеген жер мемлекетке қайтарылып жатыр

Б.СӘРСЕНБИ

10.06.2021, 15:12

3777

Президент тапсырмаларынан кейін өңірлерде жерге қатысты заңдылықтарға тексеру жүргізу, бір кездері оңды-солды таратылып, жекешеленіп кеткен жайылымдарды мемлекетке қайтару шаралары қызу жүріп жатыр.

Оңтүстікте мемлекеттен алған жеріне ешкімді жолатпау үшін айналасын қазып, ал қазылған орға мал мен жан-жануарлардың құлап өлгені туралы фактілер де жоқ емес. Жуырда осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шұғыл тапсырмаларынан кейін қазылған орлар қайта көміліп, ал жер иелеріне әкімшілік шаралар қолданылды. Облыстың аудан-қалаларында игерілмеген жерлерді анықтау, оны мемлекетке қайтару шаралары жүргізілуде.

– Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі ауданда өте өзекті болып отыр. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр, – дейді халық тығыз қоныстанған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.

Биыл аудан орталығы Мырзакент кенті аумағынан жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсаттағы берілген жер телімдерінен 11 жер учаскесінің игерілмегені және құрылыс жұмыстары жүргізілмегені анықталып, заң талаптарына сәйкес тексеру жүргізу үшін Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасына хат жолданған. Тұрғын үй мақсатында берілген кейбір жерлер де игерілмеген. Ауданға қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі аумағында 23 жер телімінің осы кезге дейін тиісті мақсатында пайдаланылмай жатқаны анықталып, акт түзіліп, мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Ал Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша жыл басына бері 3199 гектар жер қайтарылған. Жыл соңына дейін 3500 гектар жер мемлекет меншігіне өтеді. Яғни ортақ пайдаланудағы жердің көлемі 31,9 мың гектарға ұлғаятын болады. Ортақ пайдаланудағы жайылым жерлердің карталары мен мемлекеттік актілері әзірленіп, ауыл округі әкімдіктерінің теңгеріміне беріледі. «2019-20 жылдары жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 619 гектар жайылым, 8 гектар суармалы, 87 гектар суарылмайтын егістік – барлығы 822 гектар жер учаскесінің екі жыл бойы игерілмегені анықталды. Енді жер учаскесін уақытша пайдалану жөнінде жасалған шарттың міндеттемелерін орындамағаны үшін Жер кодексіне сәйкес, келісімшартты біржақты бұзу жұмыстары қолға алынуда. Қазіргі таңда 14 жер пайдаланушыға келісімшартты біржақты бұзу туралы хабарлама берілді. Бір айдың көлемінде 822 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауданның арнайы жер қорының теңгеріміне енгізу жөнінде аудан әкімдігінің қаулысы қабылданатын болады. Ауылшаруашылық жерлерінің шекараларына ор қазып, қоршаған жеті жер пайдаланушы анықталып, оларға қалпына келтіру жөнінде хабарлама берілді. Міндеттеме орындалмаған жағдайда 10 маусымнан бастап жерді пайдалану құқығы мерзімінен бұрын тоқтатылады», – делінген бөлімнің таратқан ақпаратында.

Облыста сондай-ақ жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күрес те күшейтілді. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың жетекшілігімен арнайы жұмысшы топ құрылды. Бұдан былай Түркістан облысы әкімдігінің Ситуациялық орталығы облыс аумағындағы барлық өзен арналарында ғарыш мониторингі арқылы бақылау жүргізеді. Әшкереленген заңсыз әрекеттердің дәлелдері жинақталады. Мобильді топтар өңірдегі өзен арналарындағы құм мен қиыршық тас қоспасын заңсыз қазғандарды анықтайды. Заңсыз жүк тиелген көліктердің жолы жабылып, қылмыстық іс қозғалады.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, заңсыз жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаға аса ірі көлемде залал келтіріп жатқан қылмыстық топтардың әрекетін әшкерелеу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте де талқыланды. Облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген. Енді лицензия беруге мораторий жарияланды. «Заңсыз жер қойнауын пайдалану көбейіп кетті. Әсіресе өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қызметіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жасауға болмайды. Өзен арнасын таба алмай қалдық. Тәртіп орнатпай тынбаймын», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Құм, тас карьерінің кесірінен өзендер сарқылып, ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарамсыз күйге түсуде. Жер қыртысы бүлініп, таудағы бұлақтар тартылып жатыр. Кең таралған пайдалы қазбалардан шағалтас, кұм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас секілді пайдалы қазбалар өндіріледі. Құрылыс нысандарының шоғырланған аумағы мен пайдалы қазбалар қорының орналасқан орнын ескере отырып, рұқсат құжаттары негізінен Кентау қаласы және Сайрам, Ордабасы аудандары аумақтарына рәсімделген. Заңсыз қызметке тосқауыл қою жолдары талқыланған жиында облыс әкімі құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Құзырлы органдар тас қазатын жерлерді жауып, рұқсат құжаттардың күшін жою үшін күш салады. Осы уақытқа дейін экологтар тексеріп, заңбұзушылыққа барғандарға айыппұл салумен шектеледі. Отырыста облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев жер қойнауын пайдалануды жоюдың бір жолы ретінде қылмысы қайталанғандардың мүлкін заңды түрде тәркілеуді ұсынды. Биылдың өзінде сегіз қылмыстық құрамы бар, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісі анықталып, 1,827 миллиард теңге көлеміндегі қоршаған ортаға келтірілген залал сотпен мәжбүрлеп өндірілуде

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 04.08.2021, 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Елеусіз МҰРАТ 03.08.2021, 09:20
Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58