Инфрақұрылым – ең басты мәселе

М.СӘУЛЕБЕК

22.07.2021, 16:52

2464

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентте инфрақұрылым бүгінде ең басты мәселе саналады. Мегаполисте әлі күнге дейін ауызсу, газбен толық қамтамасыз етілмеген елді мекендер бар.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Шымкентте алғашқы жартыжылдықта экономиканың базалық секторлары бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Қала экономикасының қуат алуы ішкі резервті жүйелеп, инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі кезде қаладағы 81 шағынаудан мен тұрғын алаптың ішінде бес елді мекен ауызсу жүйелерімен жартылай қамтылса, жеті елді мекеннің тұрғындары ауызсу тасымалына тәуелді болып отыр. Биыл ауызсумен қамту бойынша құны 16 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталды. Оның ішінде ауызсуды тасып ішетін – 7, су жүйелерімен жартылай қамтылған екі елді мекенге су жеткізетін үш магистралды құбырдың және 11 елді мекенде ішкі орамдық су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.     

Кәріз жүйелері бойынша 7 миллиард теңгеге 13 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 3 магистралды және 10 ішкі орамдық кәріз жүйелері салынуда. Нәтижесінде, мегаполисте орталықтандырылған кәріз жүйелерімен қамтылған тұрғындар үлесі 54 пайызға жетпек.     

Сапалы электр энергиясымен қамтуда биыл  9,6 миллиард теңгеге 14 нысанның құрылысы басталды. Электр желілерін жаңарту жұмыстары ең алдымен жарық сапасы төмен болып отырған 16 елді мекенді қамтиды.

Бүгінгі таңда қалада 33 елді мекеннің тұрғындары табиғи газбен жартылай қамтылса, 8 елді мекенге газ жүйелері тартылмаған. Биыл халықты газбен қамту саласына 6,2 миллиард теңге қарастырылып, 18 нысанның құрылысы басталды. Нәтижесінде газ тарату станциясы іске қосылып, 11 мыңға жуық тұрғын газ жүйелерімен қамтылмақ. Жыл соңына дейін газбен қамту көрсеткішін 93 пайызға жеткізу көзделген.      

Қалада  163 көшені күрделі және орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Мегаполистің басты транспорттық артериясы – Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда.  Бұл жұмыстардың барлығы қаланың коммуналдық инфрақұрылымының сапасын арттырып, көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.   

Айта кетері, Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу, сол арқылы қаладағы көлік кептелісін азайту жобасы 18,1 шақырымнан және жеті учаскеден тұрады. Жуырда мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысанының екінші және үшінші кезеңдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысын тексерді. Мегаполистегі көлік кептелісінің азаюына едәуір әсер ететін бұл даңғылдың құрылысын «КазахДорСтрой» ЖШС-і жүргізуде. Мұрат Әйтенов қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына сапаны сақтай отырып, жұмысты барынша жеделдетуді, бұл бағытта барлық қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Шымкентті жарықпен қамтамасыз ететін «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы биыл аяқталады. Бұл туралы жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов БАҚ өкілдеріне берген брифингте мәлімдеген болатын.

– «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы 2016-21 жылдар аралығына жоспарланған. Жобаның жалпы құны 7,9 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде мұндағы жұмыстар толығымен аяқталды. Шілде айында «Бозарық» қосалқы станциясын іске қосамыз, – деді қала әкімінің  орынбасары. Электр тарату станциясы пайдалануға берілсе, 10 елді мекендегі 250 мыңға жуық халық сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы, электр қуаты мәселесі мегаполис үшін өте өзекті болып тұр десек, артық айтқанымыз емес. Соңғы уақытта қалада жарықтың өшіп қалуы жиіледі.  Мұрат Әйтенов жуырда ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл проблеманың алдағы уақытта шешілетінін мәлім етті. Әкімнің айтуынша, қаладағы жарықтың сөну себебін анықтау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, өшулердің басым бөлігі жекеменшік желілер тартылған елді мекендерде орын алатыны анықталды.

– Жекеменшік желілер арқылы электр қуатын алатын 16 елді мекенде жаңа электр желілерін тарту жұмысы басталды. Ол 2022 жылға дейін жүргізіледі. Сонымен қатар осы жылы электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, күтіп ұстауға қала бюджетінен 1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін электр жүйелерінде себепсіз апатты өшулер азаяды, – дейді шаһар басшысы.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр
Мариям МАҚСАТ 26.11.2021, 16:00
Өлім мен өмір арпалысынан өтіп жүр
Сағындық ОРДАБЕКОВ 26.11.2021, 10:40
Дәрігерлер кімге «жем» болып жүр?

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30