Инноватордың игі жобасына қолдау болмай тұр

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

13.01.2021, 07:08

1420

Байқоңырлық зейнеткер, бірнеше өнеркәсіптік үлгілердің авторы, «Роскосмостың» бұрынғы инженері Сәбит Жанболған кезекті инновациялық жобасына мемлекет қолдау  көрсетсе дейді.

Өнертапқыштың жаңа жобасы «Суды конденсациялаушы дирижабль» (СКД) деп аталады. Макетін түзеп, тәжірибелік үлгілерін дайындап қойған ғалым патентін де құнттап қойыпты. Айтуынша, бұл жоба тек Сыр елі ғана емес, еліміздің барлық саласына қажетті бұрын-соңды болмаған құрылғы болмақ.

 Жалпы, еліміздегі су мәселесі көрші елдердің қас-қабағына байланған. Мәселен, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетінің мәліметінше, Қазақстанның су шаруашылығы Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдердің саясатына тәуелді. Көршілер осы өзендердің бастауында әртүрлі бөгендерді белсенді тұрғызуда. Атап айтсақ, Сырдарияның суын осыдан 20 жыл бұрын 7 млн халық пайдаланса, бүгінде оның қарасы 50 млн-ға жеткен. Соның салдарынан Түркістан мен Қызылорда облысы суға жарымай отыр.

– Бұл дирижабльдер ауаның жоғарғы қабатындағы ылғалдан су жинап, оны әуе жолымен тұтынушыға жеткізе алады. Роботтандырылған пилотсыз дирижабльдер автономды режимде күн батареяларымен жұмыс істейді. Олар өздеріне бекітілген суға зәру аймақтарда тәулік бойы үздіксіз қызмет етеді. Сонымен қатар ауа мен су ортасына, топырақтың жай-күйіне де үздіксіз мониторинг жүргізуге қабілетті. Бұдан бөлек, ормандарға, егістіктерге төнген өрт қаупін жоғарыдан анықтап, жедел сөндіруге көмек бере алады. Қажет болса, құбырлар мен жолдардың ахуалын қоса бақылауды жүктеуге болады. Бұл дирижабльдерді әскери немесе ғылыми мақсаттарға, барлау жұмыстарына пайдалануға мүмкіндік бар. Ең бастысы, ол судан тарығып, қурағалы тұрған егінді сумен шұғыл қамтамасыз етеді, – дейді новатор ғалым.

Бұл қызметтен бөлек, дирижабльді табиғи немесе техногендік апаттардан зардап шеккен мекендерді сумен және электр қуатымен жабдықтауға да қолдануға болады екен.

– Бұл құрылғылар қауіпті дерт жұқтырған орман не егістік алқаптарын дезинфекциялай алады. Себебі СКД-лардың жүк көтеру қабілеті 5-8 тоннаға дейін жетеді. Сериялық өндіріске қойылса, бағасы бір жеңіл автокөліктің құнымен ғана теңеседі. Себебі комплектациялық тораптары әлдеқайда аз. Эксплуатациялық шығындары – минимум. Жанар-жағармай, экипаж қажет емес. Тұрақтайтын порт-айлақ та керек етпейді. Күтіп-ұстауына қойма немесе гараж салудың да қажеті жоқ, – дейді Сәбит Жанболған.

Өнертапқыштың алаңдайтыны СКД патентінің қорғаушы құжатының мерзімі 2021 жылғы 30 маусымда аяқталмақ. Содан кейін идеяны өзге елдер еш рұқсатсыз меншіктеп кетуі мүмкін дейді.

Бұндай ірі жобаларды іске асыру ірі инвесторлардың қолынан келері анық. Мәселен, Илон Масктің Space X компаниясы секілді алпауыттар немесе барлық тараптан оза шапқысы келетін Қытай секілді мемлекеттер.  Өйткені атмосфераның жоғарғы қабаттарынан ылғал жинауды Қытай қолға ала бастапты. Ал біз ойланып-толғанғанша өзгенің меншігіне айналып кетуі мүмкін төл өнеркәсіптік гиперөнімді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі кейінге ысырып қойыпты. Олай дейтініміз, вице-министр Азамат Батырқожа инноватордың жобасы қабылданбағанын мәлімдеген. «Сәбит Жанболғанның жобаларын аэроғарыш комитеті, оның ведомстволық ұйымдарының мамандары бірнеше рет қараған. Жоба авторымен бірге талқылаулар мен пікірталастар өткізілді. Ғылыми-техникалық кеңес отырысында талқыға салынды. Қорытындысында С.Жанболғанға жобасын ғылыми тұрғыдан пысықтай түсу ұсынылды. Алайда сол ұсыным-рекомендациялар ескерілмеген сияқты. Пысықталған жобалар мемлекеттік қолдау шаралары аясында жүзеге асырылуы ықтимал. Бірақ онымен білім және ғылым министрлігі, «Qaztech Ventures», «Ғылым қоры» АҚ айналысады. Бұл кісінің идеялары қызықты, инновацияшыл, дегенмен оларды нақты әзірлеуге кірісу үшін ғылыми дәлелденген базасы болуға және тиісінше рәсімделуге тиіс», – депті вице-министр А.Батырқожа.

Сонымен, су тапшылығына керемет пайдалы болар модельге тұсау салынды. Оған әлі де ноу-хау, өнертапқыштық ұсыныс қажет секілді. Ал жаңа идеяға әуес әрі оны инновацияға айналдыруды мақсат еткен тәуекелшіл кәсіпкер неден болса да тайынбайтынын, болашақта аталмыш жоба су тапшылығынан құтқаратын құрал боларына сенімді.

Тегтер: инвестор инвестиция жоба жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 17:50
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы облысында үшем тапқан ана балаларына пана таппай жүр...
Сайт әкімшілігі 11:20
Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері баяндалды
Сайт әкімшілігі 10:24
КВИ: Науқастар саны қайта өсіп келеді
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 18:40
Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ
    12:29
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00