Италия – чемпион

Амангелді СЕЙІТХАН

13.07.2021, 10:08

1791

       Еуропа чемпионаты басталған кезде «Жас Алаш» Италияның алысқа шабатынын болжады және ол сәуегейлік емес, команданың аяқ алысына баға беруге көбірек келетін талдау еді. «Иілмейтін Италия» деп тақырып қойғанда да, Роберто Манчини шәкірттерінің шабысына сенді. Түркияны таза жеңгені тап солай деуге түрткі болса, одан кейінгі кездесулерін де терең зерттеп, «Скуадра Адзурраның» арынын байқағанын аңғартты. Бельгиямен өткен кездесуді, тіпті Испанияны ұтқан кездегі ойынды да сүзгіге салып, Манчини шәкірттері әзір тізгін тартпайтынын тұспалдап та, тікелей де жазды. Генуяның гениіне тарау арнап, Робертоның бапкерлік қабілетін де сөзге арқау етті. Оның бәрі тұрақты оқырманға таныс. Таңданыс білдіргендер болса, мұрағаттан оңай тауып алады.

       Рас, футболда басылым жазған жайдың айдай келуі міндет емес. «Уэмблиде» ағылшындар есеп ашқанда әлгі ойдың бәрі әдіре қалды дескендер де табылды. Ол да шындық. Өмірінде финалға алғаш рет шығып, енді жеңістің жалынан мықтап ұстаған Гаррет Саутгейт шәкірттері тұтас Англия алдында шөкке түспеуді ойлайды ғой. Кириан Триппьерден келген допты Джанлуиджи Доннарума қақпасына бұрған Люк Шоудан бақытты кім болды сол мезетте. Алпыс бес минут бойы Британия шаттыққа бөленді. Алпыс бес минут бойы арманына жеткендей күй кешті. Содан кейін Италия бұрыштамаға жүгінді. Әуелеп келген допты қорғаушы Леонардо Бонуччи қақпаға бұрғанда да, үміт түбегейлі үзілген жоқ еді. Қарсыластар қосымша уақытта бірін-бірі ала алмады. Пенальти тебу кезінде Доннаруманың заманы туды. Букайо Сака соққысын қайтарған қақпашы Еуропа чемпионатының ең үздік футболшысы атанды.

       Джорджо Кьелини де өте сауатты ойнады. Отыз алтыға келсе де, қажыр-қайратын жоғалтқан жоқ. Леонардо Бонуччи екеуі ұлттық құраманың қорғанысын алынбас қамалға айналдырды. Айтпақшы, бұған дейін Италия 1968 жылы Еуропа чемпионы атанған. Тағы да екі рет финалда өнер көрсетті. Алайда асуды бағындыра алмады. Енді, міне, 53 жылдан кейін тағы да кубок ұстанды. Осы ретте бас бапкер Роберто Манчинидің де көрегенділігін айта кету керек. Негізгі қорғаушыларының бірі Леонардо Спинаццола жарақат алып қалды. Онда да мұңайған жоқ. Эмерсонға сенім артты. Жас талант Энрике Кьезаны да қайрады. Лоренцо Инсинье мен Чиро Иммобиленің тілін тапты.

      Англия құрамасының жаттықтырушысы Гаррет Саут-гейт те тарихта қалады. Себебі ағылшындар өз тарихында тұңғыш рет финалға дейін жетті.

  

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 12:05
Жастарды қолдау маңызды
Бифат ЕЛТАЕВА 10:00
Аралас мектептен «адасқан» бала шығады
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56