Итке неге «иттік» жасадық?

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

13.04.2021, 09:44

1158

Ит жеті қазынаның бірі екені рас. Егер салпаңқұлағыңа дұрыс қарап, «жағдайын» жасап тұрсаң ғана солай. Олай етпесең, ит иттігін қалайда жасайды. Мысал толып жатыр. Өңірде «ит қапты», «мысық тырнады» деп, емхана есігін жағалағандар жетерлік. Мойындау керек, мәселені шешуге қауқар шамалы, әрекет әлсіз, тіпті кейде не істеу керегін білмей, сансырап жүрген адам секілдіміз.

Тарихқа үңілсек, итті жеті қазынаның біріне баласа да, бұрынғы қазақ төбесіне көтеріп, төріне шығармаған. Ал бүгінгі итімен ит болатын «дәстүр» кей қазаққа сонау Еуропадан енгені белгілі. Бала бағудың машақатынан қашып, ит-мысыққа бауыр басқандар біртіндеп мұны қапысыз құндылыққа, керек десеңіз, ықпалды идеологияға айналдырды. Демографиясы деградацияға ұшыраған,  «көгілдірлер» мен «қызтекелерді» қолпаштаған елдер мұны жалау қылып көтеріп, жер-жаһанға таңа бастады. Кез келген кесірлі дүниенің тез тамыр жаятыны секілді адамның құқығынан жан-жануардың құқығын жоғары қою деген ұғым осылайша пайда болды. Оған заманауи ақпараттық технологиялар да мықтап көмектесті. Әйтпесе актриса Бриджит Бордо айдаладан Қазақстан президентіне хат жазып, Атырауда азапталған жануарға араша сұрар ма еді?

Біздің қоғамда дәл қазір ит-мысыққа қатысты пікір екіге жарылып тұр. «Әрине, ешкім ит пен мысықты қынадай қыруға шақырмайды. Обал-сауапты қазақ бір кісідей біледі. Ізгілік, гуманизм керек. Бірақ жан-жануарға келгенде оның да бір шегі болуы тиіс. Мәселен, малды сойып жейсің. Қарның ашқанда сойып жемегенде қайтесің? Шамадан тыс саны артып, түлігіңе тыным бермесе қасқырды да атасың. «Түз тағысына тимеу керек» деп ақыл айтқыштар осыны қорасынан қойын алдырған жандарға түсіндіріп көрсінші, не дер екен олар?! Сол секілді егер бұралқы ит бой бермей көбейіп, адамға шапса, орынсыз гуманизмнің қажеті жоқ» деп санайды адамдардың бір бөлігі.   

         Осы пікірді Жымпиты ауылының тұрғыны Алмаз Мұратұлы әбден құптайды. «Жымпиты көшелеріндегі «жырға» айналған қаңғыбас иттер мәселесін әлеуметтік желіде бірнеше мәрте көтердім. Мектеп, балабақша аулаларында бұралқы иттер толып жүр. «Ит – жеті қазынаның бірі» дейміз ғой, ал олар топтасып, қарсы шапқан кезде жеті атаңды ұмыта жаздайсың. Бірде мектепке қашып кіріп әзер құтылдым. Мен жаспын, бірдеңе қылармын, егер қарияға немесе оқушыға бас салса, арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Заңда «атуға болмайды» делініпті. Тек піштіріп, алған жеріне қайта әкеліп тастайды екен. Піштірілген ит тамақ жемей ме екен, сонда? Қаңғыбас иттер былтыр Тайпақ ауылында 25 қойды тамақтап кетті. Басқа аудандарда да осындай оқиғалар орын алуда. Ең қауіптісі – бұлардан адамға құтырма дерті жұғуы мүмкін. Ондай болмайды деп кесіп айтып, кепілдік беретін кім бар? Қысқасы, жоғарыдағы көкелеріміз тек заңға сүйене бермей, бір мезгіл арға да жүгінсе екен», – дейді ол.

        

        Қош. Ит асырамасын деген заң жоқ. Бірақ оны сатудың да, серуендетудің де тәртібі мен ережелері бар. Қыдыртқанда тұмылдырығы болуы шарт. Итті күндізгі уақытта бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Жылына бір рет құтырма ауруына қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі тиіс. Бірақ осы айтылғандардың көбі жасалмайды. Тексерту, үй ауласында бос жібермеу былай тұрсын, иелері есігінің алдындағы төбеттің қайда жүргеніне мән бермейтін кездер де кездеседі.

         Жалпы, үйсіз-күйсіз жүрген салпаңқұлақтар көбіне асыраушысы болмағаннан немесе адасып кеткеннен пайда болады. Ал қараусыз хайуанның әр жерді паналап, қоқыспен күнелтетіні белгілі. Бүгінде жабайы жануарлармен күресу әлемдік мәселеге айналған. Дамыған елдерде қаңғыбас иттермен күресудің өзіндік ережесі, қолданылатын шарасы да бар. АҚШ-та итті қадағалау қағидасы тұрғындардың бәріне ортақ. Оларда қаңғып жүргендерін мамандар ұстап алып тексереді. Ауруы болса емдейді. Сөйтіп, олар жануарларға арналған үйлерге тапсырылады. Сол жерде қожайындары іздестіріліп, қолдарына табысталады. Ал Германияда «Жануарлар құқығы туралы» арнайы заң қабылданған. Егелігіндегі ит, мысыққа жауапкершілікпен қарамаған қожайындар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейді. Міне, өзге мемлекеттерде үйсіз-күйсіз салпаңқұлақтармен күрес осылай жүріп жатыр. Ал біздің елде төртаяқтылармен жүргізілетін жұмысқа көңіл толмайды.

       Сала мамандарының айтуынша, кейбір қалалықтар «тып-тыныш жүрген итте нелерің бар» деп, ит аулаушылардың жұмыстарына кедергі келтіретін көрінеді. Ал онымен айналысатын мамандар көшеде бос жүрген салпаңқұлақтың иесі бар-жоғын қайдан біледі? Өкініштісі, жеті қазынаға кіретін ит қазір адамға дос болмай тұр.

Тегтер: жан-жануар құқық технология мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:03
"Қазақстандағы демократиялық институттар" тақырыбындағы инфографика байқауы
Сайт әкімшілігі 12:35
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы тұрғыны қалада тегін әжетхана салуға бел буды
Әділ АҚЫЛБАЙ 10:19
Веложарыс: Сағынтаев бұл қайткенің?
Еркежан АРЫН 09:51
Волонтерлік – Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің жаңа түрі
Қонысбай АҚПАН 12.05.2021, 08:07
Қонаев болсын, басқа болсын, күйе жақпайық
Сайт әкімшілігі 12.05.2021, 07:32
Марат Бәйділдаұлы, жазушы-публицист: Мәңгілік алау да мәңгілікке өшер

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06