Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ: Министрліктің кемшілігі – елді толық ақпараттандырмауында

Бифат ЕЛТАЕВА

18.02.2021, 15:26

965

Қазіргі таңда елімізде болып жатқан қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің барлығына атсалысып жүрген азаматтар жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевпен қазақ тілінің мәртебесі мен ЖОО-лардың жабылуына қатысты сұхбаттасқан едік.

— Қазіргі таңда тілдің мәртебесі жайлы не айта аласыз?

— Тілге қатысты мемлекеттік бағдарлама бар ғой бізде. Халел Досмұхамедовтің «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деген ұстанымын басшылыққа алуымыз керек. Жастарға орыс, ағылшын және басқа шет тілдерін үйретуде осы міндет тұрғысынан қарастыратын болсақ, бірнеше шет тілін меңгерген қандастарымыз ана тілінде де еркін сөйлеп, сүйіндірер еді. Сондай-ақ алдыңғы жылдары «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасында ағылшын тілін балабақшадан бастап оқыту керек делінген болатын. Осы мәселеге қатысты көпшілік тарапынан түсінбеушілік туындап, мемлекеттік тілді меңгеруден бастау керек деген қоғамдық пікір қалыптасқан болатын. Бұған көзқарасымды айтсам, Кеңес Одағы кезеңіндегідей бесінші сыныптан бастасақ та, «көштен қалмайтынымызды», шет тілдерін қазақ топтарына оқыту әдістемесін зерттеп жүрген ғалым ретінде бұл бастаманың әдіс-тәсілдерін қарастыруға ғылыми түрде әлі де зерделей түсетін, түпкі нәтиженің тиімді болу жағын қарастыруды ғылыми тұжырымдамамен толықтыру қажет екенін  ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жеткізген болатынбыз.

— Қазақ тілінің мәртебесі жоғары болу үшін не істеу қажет?

— Ең бірінші, балабақшада, мектепке дейінгі ұйымдарда балалар міндетті түрде ана тілінде сусындауы қажет. Ана тілін білген соң, ары қарай қанша тіл білсе де өз еркі. Ана тілімен сусындаған бала келешекте өз тегінен ажырамайды. Өзге тілде сайрап, өз тілінде күмілжіп тұратындардан Отанға, ұлтына деген сүйіспеншілік болмайды. Сол себепті қазір іс жүзінде ғана емес, тек сөз жүзінде ғана бұл мәселе айтылып қана қойып жатыр.  Осыған орай, ұстазым, академик Шора Сарыбаев «Тәуелсіздігіміздің мықтап нығайып кетпей жатқаны, рухани байлығымыздың тамырын тереңге жібермей жатқаны – бізде сөз көп, іс жоқ» деуші еді. Сондай-ақ «Қазақтілді балабақшалардың санын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» деген ұстанымы да бар еді. Ол тек сөз жүзінде айтып қана қоймайтын, балалары мен немерелерін қазақ тілімен сусындатып өсірді. Қазір белгілі дипломат баласы Қайрат Шораұлы қазақ тілінде сауатты сөйлейді. Оның тұсында мектептерде қазақ тілінде мектептер мен балабақшалар жоқтың қасы болатын. Сонда да балаларын алыс болса да, қазақ тіліндегі жалғыз мектеп пен балабақшаға тасып, оқытқан. Тіпті көшеде кетіп бара жатып қазақша қате жазылған мекемелердің басшыларына кіріп, маңдайшадағы жазудың қазақ тілінде дұрыс жазылуын талап етіп жүретін. Міне, осындай үлгі тұтар тұлғалар көп болса, келешек ұрпақ та қазақ тілінің мәртебесін көтеріп жүрер еді.

       Бірақ ең маңыздысы – биліктің қазақша сөйлеуі. Билік қазақ тілін талап етсе, ісқағаздарының барлығын қазақ тілінде дұрыс жазылуын қадағаласа, тіліміздің болашағы жарқын болады. Сол үшін мемлекеттік қызметке орналасуда, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге баратындарға  қазақ тілінде тест тапсыруды міндет етіп қою тетігін табу керек. Шет тілдерін біліп тұрған адамдарға қазақ тілін де білу қиынға соқпайды деп ойлаймын. Сол себепті де қазақ тілінің болашағы президенттің, министрлердің, жалпы айтқанда, биліктің саяси ерік-жігерінде екенін ескерткім келеді.

— Тілден бөлек, қазіргі кезде өзекті мәселеге айналып отырған  ЖОО орындарының жабылуы жайында көзқарасыңыз қалай?

 - Қазір осы жағдайға қатысты бізге күнде эксперт ретінде хаттар келіп жатады. Жабылып жатқан жоғары оқу орындары сот арқылы қайта ашылып та жатыр. Дәл осындай оңтайландыру 2007 жылы білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың кезінде де жүргізілген еді.  Ол кезде мен білім беру департаментінің директоры едім. Сол уақытта біз у-шусыз 35 жоғары оқу орны мен 82 филиалды жапқан болатынбыз. Ал қазіргі білім және ғылым министрі 2-3 оқу орнын жабамын деп, соңы қаншама дау-дамайға ұласып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз. ЖОО-лар сот арқылы жеңіп, қайта ашылып жатыр. Жалпы айтқанда, түйінсіз мәселе секілді ешкімге түсініксіз жағдай орын алып, «мен де аң-таң, апам да аң-таң» дегеннің кері болып отыр.

— Не себепті бұл мәселе шиеленісіп кетті?

— Себебі бұл министрліктің ақпараттандыруының жоқтығынан шиеленісіп отыр. Ақпарат болмаса, мәселенің анық-қанығы айтылмаса, өсек-аяң көбейеді. Әркім өз болжамын айтып, тұжырымдау көп болады.  Мәселен, 90 жылдық тарихы бар М.Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясын алатын болсақ,  лицензиясын алып, жауып тастаған болатын. 90 жылдық тарихы бар, еліміздегі жалғыз көлік академиясының жабылуына көпшілік қатты таңғалды. Бұған министрлік «біліктілік талаптарына сай болмауына орай, сот шешімімен жабылды» деп қысқа ғана қайырды. Бар берген ақпараты осы ғана. Ал академия барлық ақпарат көздеріне, әлеуметтік желілерге «мұндай жоғары оқу орны Қазақстанда жоқ әрі біздікіндей маман дайындайтын профессорлар мен оқытушылар ешқайда жоқ» деп, қарсы ақпарат таратты. Сондай ақпараттарына қарап мен де эксперт ретінде «бұл министрлік неге бұл оқу орнына сонша шүйлікті, қысастық жасап жатқан жоқ па» деген ойға келдім. Ел де «бұның артында білім сапасы емес, басқа нәрсе жатқан жоқ па?» деген секілді қаңқу сөздерді көбейтті. Сол себепті министрлік оқу орнының жабылуы жөнінде халықты кеңірек ақпараттандыруы керек еді. «Біліктілік сапасына сай келмейді» деп қана қоймай, біліктілік талаптарының нақты көрсетіп, мысал ретінде айтсақ, әр студентке шаққан тиісті 140 кітап емес, 40-ақ кітап бар. Оқу орнында профессорлар мен докторлар 45 пайыз болу керек, бірақ 15-ақ пайыз, материалдық базасына келсек, студенттер саны бойынша жеті ғимарат емес, екі-ақ ғимарат бар деген секілді ақпараттарды кеңінен тарату керек еді. Сол кезде кім болса да, қателіктің министрліктен емес, оқу орнында екенін түсінер еді.

— Сонда білім және ғылым министрлігі жақсы жұмыс істеп жатыр дейсіз ғой?

— Министрлік жұмыс істеп жатыр. Бірақ, ескеретін бір нәрсе бар, президент оқу орындарын жап дегенде, бәрін жабу керек деп отырған жоқ. Сапасыз білім беретін әрі пайдасы жоқ диплом беретін оқу орындарын жабуға тапсырма берді. «Мен ЖОО-ларды жап деген соң, министрлік тапсырманы орындауға кірісіп жатыр. Бірақ соңы сотқа ұласып, сөзбұйдаға салынып, сот процесі бір жарым жылға ұласып кетті. Сондай-ақ министрлікке қарсы науқан жүріп жатыр», – деді кейін. Осы орайда, қарсы жұмыс жүруінің өзіндік себебі де жоқ емес. Оның түбіне терең үңілу керек деп санаймын. Не себепті десеңіз, тағы да қайталап айтамын, ақпарат жоқ. Сол министрлік керемет мықты болса, ЖОО-лардың жабылуы жөнінде жіліктеп түсіндірмей ме?! Оқу орындарын жауып алып, лицензияның күшін тоқтату туралы шешімі қолдау таппай, сот арқылы жеңіліп жатыр. Осындай жағдайда, әрине, министрліктің шешімі дұрыс болмаған соң, жалпы жұртшылық жабылып жатқан оқу орындарының ісі әділ деп есептейтіні айтпаса да түсінікті.

       Біздің ойымызша, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттердің бас (генеральная) лицензиясын тоқтатпай, жұмыс берушілерді біліктілігі қанағаттандырмайтын мамандықтардың  лицензиясын жоюдан бастау керек еді. Қызмет көрсетуге рұқсат етілген, лицензияда көрсетілген 20-30 мамандықтың ішінен біліктілік талаптарына сай келмеген 2-3 мамандықтың ғана лицензиясының күшін жойып, басқаларына тиіспеу керек еді. Келесі жолы тағы да осындай тәртіппен сай келмеген мамандықтардың лицензияларын тоқтатса, жоғары оқу орны ойланар еді. Сол кезде ол университет өз-өзінен кеміп, жабылып қалуы да мүмкін, болмаса кемшіліктерін түзетіп, мықты ЖОО-лар қатарына енуі де мүмкін. Ал бір университеттің өзі 20-30 мамандық бойынша әлемдік деңгейде сапалы білім беретін университеттер рейтингісіне енуі өте күрделі екенін түсінуі керек. Кеңестік кезеңде Нархоз институты десек – экономистер, КазГУ десек – заңгерлер мен журналистер, КазПИ десек – педагог мамандықтарының ұстаханасы екенін айтпаса да, жұртшылық жақсы білетін. Қазіргі уақытта қай университет қай мамандыққа мамандандырылғанын ажырату қиын. Осы себепті барлық университет «әмбебап», яғни мамандықтардың сапасы емес, саны көрсеткішке айналып кеткен сияқты. Білім және ғылым министрлігі оқу орнын жабу жөнінде тағы да кемшіліктерге қайта ұрынбас үшін ұлттық аккредиттеу орталықтары  берген мамандық сертификаттарына назар аудару керектігі күн тәртібінен түспеу керек. Бұны айтудай-ақ айтып жатырмыз, «халық үніне құлақ асатын», яғни кері байланысты қамтамасыз еткен министрліктің үнін естіп отырған жоқпыз. Өкініштісі  сол.

Тегтер: сұхбат пікір. пайым министр шара жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 17:51
Мас жүргізуші төрт қызды қағып кетті
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 09:55
Қазақстан білікті мамандарынан айырылып жатыр
Мариям МАҚСАТ 03.03.2021, 09:44
«Біз қуыршақ емес, кеудемізде жанымыз бар адамбыз!»
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 03.03.2021, 09:26
«Бутаковканы» бұтақтап жатқандардың бетпердесі ашыла ма?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 02.03.2021, 13:22
Ахметовтің есебі бір басқа, елдің білетіні бір басқа
Сайт әкімшілігі 01.03.2021, 16:47
Алматыда жүк көлігі жер астына түсіп кетті

Аңдатпа


  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығымен құттықтаулар легі басталды
    22.02.2021, 13:50