КарЛАГ-та қырылған қазақ қанша?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

28.05.2021, 09:05

1877

Арқадағы  аза арқалаған абақтының ақиқаты әлі кемеліне келген жоқ. Ойраны көп оқшау мекеменің қазаққа тартқызған қасіретін  жеткізетін өз ұлтымыздың қаламгерлері некен-саяқ болды. Қарағандыда тұратын жазушы, этнограф Төрехан Майбастың «Жазығы не еді бабалардың: 58-статья?» деген кітабы осы олқылықтың орнын толтырғалы тұр.

— КарЛАГ-тың қасіреті ГУЛАГ-тан бір де кем емес. КарЛАГ – қазақ баласының қасіреті.  Менің қолымда КарЛАГ-тың диірменіне түсіп кеткен 4000-ның үстінде боздақтардың тізімі бар.  Сол тізімде 49 жұрттың баласы тұр. Сондағы мұсылмандар баласының тізіміне көз жүгіртсең болмаса түрік нәсілдес туысқан жұрттың тізіміне үңілсең, жан дүниең қопарылып түседі. Тіпті олардың санын саусақпен де санап шығуға болады. Атылған әрбір он адамның жетеуі қазақ. Осы КарЛАГ тарихына қатысты қолымызда жарық көрмей тұрған бес-алты кітабымыз бар еді. Оның қай-қайсысы болсын көзіңе жас алмай оқып шығу мүмкін емес. Соларды жарыққа шығарудың мүмкіндігі болмай келді. Содан амалдың жоқтығынан  өз қаражатымызбен, өз елімнің оққа ұшқан барша боздақтардың аты-жөнін ретке келтіріп, жарыққа шығарып отырған жайымыз бар, – дейді қаламгер.

КарЛАГ тарихын зерттеуші Төрехан Майбастың жаңа кітабы екі  бөлімнен тұрады. Алғашқысында Шет ауданы бойынша  жала жабылған бабалардың  тізімі келтірілген. Соңғысында атышулы абақтыға қатысты  елге беймәлім болған материалдар топтастырылған. Авторға толымды ақпаратпен қамтамасыз етуге облыстағы ҰҚК бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Мұхтар Жаманқұлов пен аймақтағы білікті заңгер Болат Сыздықов атсалысқан. Жазушының айтуынша, қазір Нұра, Жаңаарқа аудандары бойынша кітап дайын тұр. Демеушілер табылса, бір айдың ішінде шығарып беруге әзір.  Құнды жәдігер жиған шығармашылық топ Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларына, сондай-ақ Жаңаарқа, Нұра, Ұлытау, Қарқаралы аудандарына нақты ұсыныспен шыққан. Алайда аталған өңірлер сталиндік жүйенің құрбанына айналған жампоз жерлестеріне  арнап кітап шығаруға бейілдік танытпай отыр. Елеулі құбылысты елең қылмайтындарға таңғалуды қойдық.  Елжанды азаматтар бұған не дер екен?  

Тегтер: құғын-сүргін репрессия. Карлаг тарих

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»
Сайт әкімшілігі 22.09.2021, 11:41
Михаил Ломтадзе мен Kaspi.kz Kazakhstan Growth Forum-да үш марапатқа ие болды
Сайт әкімшілігі 21.09.2021, 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39