06.10.2022, 16:31
1248
Өткен айда Жетісу облысындағы «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде бір миллиард теңгенің контрабандалық жүгі тәркіленген болатын. Жалпы кеден бекетінен «айналып өту», кеден тәртібіне қайшы келетін, кедендегі өткізу тәртібін белден басатын заңсыздықтар елімізде жиі болмаса да, ішінара кездесіп тұрады. Кеден арқылы контрабандалық тауарларды, шекарадан алып өтуге тыйым салынған өнімдерді тасымалдаймыз деп жолы кесіліп жататындары қаншама?
Жетісу облысында «Алтынкөл-Жол» деп аталатын кеден бекеті бар. Сол бекет арқылы Қытайдан Ресейге транзит процедурасы негізінде өтіп кетпек болған контейнері бар пойызға кеден заңнамаларын бұзу дерегі бойынша күдік ілінеді. Іле-шала кеден қызметкерлері тексеру жүргізген. Тексеру алты контейнерге жасалыпты. Кешенді тексеру жұмысының нәтижесінде, әлгі пойыз контейнерлерінің құжаттарынан ақау шығады. Нақтырақ айтқанда, өткізу кезінде кеден қызметіне 6 контейнер туралы толық мәлімет берілмеген.
Сөйтіп, пойыз контейнерлерін жедел тексеру барысында салмағы 137 тонна болатын, кедендік құны 1 миллиард теңгеден артық тұтыну өнімдері табылады.
Мына қызықты қараңыз, тауардың құжатында өнімнің атауы «мата» деп көрсетіліпті. Ал мата деп көрсетілген контейнерден кеден қызметкерлерінің тексеруі кезінде ерлер мен әйелдердің киімдері табылған. Айталық, джинси мен шалбар және күртеше, әртүрлі тері тондар, белдемшелер мен пижама және әйел адамдардың сырт киімдері шыққан.
Бұл өнімдерді мата деп өткізудің себебі – тауарлардың бәрі кедендік-салықтық төлем құны қымбат өнімдер қатарына жатады екен. Ал осыны өткізбек болғандар салықтан жалтарып, кеден тәртібін айналып өтпекші болғаны анық.
Ал мата болса, салықтық алым коэффициенті салыстырмалы түрде төмен тауарлар санатына жатады. «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінің бас маманы Бекен Нұрахметовтың айтуынша, бұл тауар иесінің кедендік төлемдер мен салықтардан жалтару мақсаты болғанын көрсетеді.
Кеден тәртібін бұзған бұл заңсыздық туралы Б.Нұрахметов «Қазіргі уақытта «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшылығы тарапынан жинақталған аталмыш іс-материалдарын қылмыстық-процессуальдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберу мәселесі қарастырылып жатыр», деп түсіндірді. Кеден тәртібін бұзу да – қылмыс. Ал қылмыстың ауыр-жеңілі болмайды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР