Кеденнен ескі қызметкерлерді қуу керек!

Әділ КЕМЕҢГЕР

22.02.2022, 08:50

2447

«Қытаймен арадағы кедендік шекарада жүкті тексермей өткізу, салықтан жалтару сияқты жөнсіздіктерге Тоқаев назар аударды. Кедендік бақылау – біздің экономикамыздың ең бір көлеңкелі тұсы. Бұл былықтың бәрін бұрын неге байқамай, көрмегендей болып келдік десеңіз, оның жауабы оңай. Кеденде тұңғыш президенттің отбасына жақын адамдар мен олардың сыбайластары өз білгенін істеді», – дейді экономист және саясаткер Айдар Әлібаев.

– Ресми ақпаратқа сенсек, тек қаңтар айында ғана бюджетке түсім 20 пайызға өскен екен. Қаңтар оқиғасынан кейін сыртқы сауда-саттықпен айналысатын біреу – 40 футтық контейнері үшін заңды түрде 35 миллион теңге ресми салық төлепті. Ал оған дейін, мәселен, былтырғы жылдың желтоқсанында мұндай контейнерден бюджетке ресми салық деп 6 миллион теңге ғана төленіп келді. Сонда әр контейнер үшін ел бюджеті шамамен 29 миллион теңгеден қағылып келген! Осы ақшаны енді апта сайын, ай сайын, жыл сайын шекарадан өтетін контейнер санына көбейте беріңіз. Автокөлік арқылы жүк тасымалында да осындай схемалар жұмыс істеп, бюджетке төленуі тиіс ақша жекелеген біреулердің жеке қалтасына кетіп жатқан. Бұл дегеніміз жүздеген миллиардтар. Меніңше, енді мемлекеттік кірістер департаменті, шекара мен кеден қызметтері де күні бүгінге дейін жұмыс істеп келген лауазым иелерінің бәрінің көзін құртып, олардың орнына жаңа адамдарды тағайындау керек. Өйткені, ол адамдар коррупция дертіне шалдыққан. Махинация, алаяқтық схемалар мен заңсыздықтарға жол бергендер. Солардың кесірінен бюджетке түспей қалған миллиардтаған шығын қарапайым халықтың есебінен, дүкендегі тамақ пен зат үшін артық ақша төлейтін біздің есебімізден толтырылады. Мәселен, бізде де, Өзбекстанда да өспейтін, өндірілмейтін тауардың бәрі Өзбекстанда бізге қарағанда неге 3-4 есеге арзан болады? – деген сауал тастайды ол «ZonaKZ» интернет газетіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар бұрынғы президенттің отбасымен байланысы болуы мүмкін бірқатар фирманың Қытай мен БАӘ, Түркиядан контрабандалық жолмен тауар тасумен айналысты деген күдікке іліккені белгілі болды. Олар кімдер, атын атап, түсін түстеуге келгенде бас прокуратура неге сақтық танытып, үндемей отыр, деген сауалға сарапшы былай дейді:

– Өйткені ол адамдар «тұңғыштың» жақын туыстары, олардың көбі әлі де өз ықпалын сақтап отыр. Интернеттегі ақпарат логистика мен тасымалмен айналысатын «ЕвроТранзит» компаниясына Дариға Назарбаеваның күйеуі, қаңтарда «ҚазТрансГаз» басшысы қызметінен алынған Қайрат Шәріпбаевтың қатысы бар дейді. Сол «ЕвроТранзит» компаниясына көптеген шағымдар түскен, кеден бекеттерінде өз монополиясын орнатқан дейді. Пандемияға дейінгі 2019 жылы кеденнен тәулігіне шамамен 300-ге дейін тауар тиелген жүк көліктері өтсе, қазір пандемияға байланысты Қытай шектеу енгізіп, енді шамамен 60-80 жүк көлігі өтетін болды. Сол шектеуді «ЕвроТранзит» компаниясы өз монополиясына алып, енді компанияға қатысы жоқ, қарапайым кәсіпкерлердің 10-20 көлігі ғана тиеу аймағына кіру үшін әр көлікке фрахт құнының жартысын төлеп өтсе, қалған көлікті жеңілдетілген тәртіппен «ЕвроТранзит» өткізеді. Қысқасы, кеденде заң жоқ, әділдік жоқ. Кедендегі кезек дауы күшейген соң кезекті әділ етейік деген желеумен 2020 жылы «GoCargo» электронды бағдарламасы құрылған. Сөйтсек, бұл жүйені де жаңағы «ЕвроТранзит» компаниясы құрған екен. Тағы да бұлар өздері үшін жеңілдік жасап, қалған халықты кинап келіпті. Масқарасы сол, әлгі электронды кезекте қазір 12 мың жүк көлігі тұр! Кеденнен өту үшін бір жарым жыл кезекте тұру деген не сұмдық?! Қысқасы, кеденде дереу, шұғыл түрде тәртіп орнату керек. Қытаймен арадаға шекарада ғана емес, мұндай жаппай бассыздық пен контрабанда қырғызбен, өзбекпен арадағы шекаралық өткізу бекеттерінде бар. Одан ондаған жылдар бойы миллиардтаған пайда көріп отырған мыңдаған адам енді оңайшылықпен майшелпегінен айырыла қоймайды. Сондықтан мемлекет бұл салада барын салып, тәртіп орнатуы қажет деп санаймын. Шекарада тәртіп орнаса, елдегі бағалар бірден екі есеге арзандайды. Жаздың басында картоп пен сәбіздің келісі 500-600 теңге болғаны есіңізде шығар? Оған да шекарадағы былық кінәлі еді. Қаралы қаңтардан кейін Қазақстанның халқы өзгерді. Соны билік байқап, шекарадағы кедендік бекеттердің бәрінде тез арада тәртіп орнатып, ондағы ескі адамдардың орнына жаңа кісілерді тағайындауы тиіс. Мысалы, Алматының ақылы тұрақтарын алайық, кешегі президенттің туысы Қайрат Боранбаев қызығын көріп отырған. Бар функциясы сол – асфальтқа сызығын сызып, паркоматын орнатып, қара халықтан ақша сыпыру ғана. Қарап отырсақ, біреулер бостан босқа, түк істемей-ақ заңсыз байып жатыр. Бірақ халық ақымақ емес. Өткен жылы Қазақстан мен Қытайдың өзара сауда-саттығындағы статистикалық деректері арасындағы алшақтық 5,7 миллиард долларды құрады. Міне, ұрлық, коррупция, әділетсіз бизнес, шекараны монополизациялау деген осы, – деген екен Айдар Әлібаев.

Тегтер: кеден мәселе жемқорлық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01