Келімсектердің кесірінен қазақ тілі тағы қағажу көре ме?

Жарас КЕМЕЛЖАН

10.03.2022, 15:40

2556

Кейде демалыс күндері таксилететін әдетіміз бар еді. Қыз-келіншектердің мерекесін пайдалануға тура келді бұл жолы. Әуежайдан екі адам алдым: әкесі мен қызы. Оралдан келе жатқан жолаушылар екен. Қаланың орталығына баратындарын айтты. Машинаға мініп, жайланып отырған соң, әлгілер бір-бірімен орысша шүлдірлессін. Басында үндемей отырғам, кейін шыдай алмадым.

– Неге орысша сөйлесіп отырсыздар? – дедім. Қай тілде сөйлеу өз шаруалары екенін білсем де, бөтен адамдар емес, әкесі мен қызының өзге тілде қарым-қатынас жасағаны намысыма тиді. Ақ қарға аунағандай, әппақ қыздың көзі жапақтап, ешнәрсе түсіне алмағанын бірден байқадым. Әкесіне қарап едім, ол менің сөзімнен шамданған жоқ, керісінше, ұялып, жүзіне алқызыл қан жүгірсін.

– Бізде сондай традиция. Өте өкінміз. Әрине, біз дұрыс істемедік – деді қазақша, тілі жаңа шыққан баланың тіліндей, балдұр-бұлдыр.

– Неге ондай традиция? – дедім, бір жағы сөйлеткім келіп, бір жағы себебін де білгім келді.

– Біз Уральскіден келдік. Атам, папам бәрі орысша оқыды, орысша сөйледі. Мен де. Москвада оқыдым. Қызым 15 жасынан Москвада тұрады. Бізде өте қиын. Үйде, жұмыста, достарыммен орысша сөйлесеміз – деп ақталды. Бірін қазақша, бірін орысша шүлдірлеп, ойын жеткізді. Енді әңгімеге қызы араласты. Шап ете қалатын шамшылдар болушы еді, бұл ондай емес екен. Бәлкім, қалың орыстың ортасында жүріп, қазақы ортаны сағынған болар, бәлкім, шынымен көзі ашық, көкірегі ояу.  

– Мен сізден кешірім сұрайды – деп, қазақша бастады сөзін, ары қарай орысша жалғасын. Аты Мөлдір екен. Әңгімесінен түсінгенім, Мөлдірдің нағашы атасы Батыс Қазақстан облысына белгілі футболшы болыпты. Жиенін кішкентай кезінен конькиге, шаңғыға беріпті. Жаттықтырушыларының бәрі орыстар болған көрінеді. Балабақша, мектеп – бәрі орысша. Университетті Мәскеуден оқып, жұмысқа да сол жаққа тұрған. – Енді Алматыда тұрамын. Қазақстанда жұмыс жасаймын – деді, тілін қазақша сындырып жатып. Менің көзімнен «не үшін» деген сұрақты оқыды ғой деймін.

– Мосвада жағдай өте қиын. Мен жұмыс жасайтын компания Алматыға көшіп жатыр. 2000 адамы бар үлкен компания. Бәріміз осында көшіп келдік. Енді қазақша жақсы үйренемін – деп, әкесіне қарап, жымиып қояды. Күлімсірегенде, екі ұртына ұяшық пайда болып, әппақ жүзі нұрланып кетеді екен.

– Мұнда көшіп жатқан компаниялар көп пе? – дедім, сөзін жұлып алғандай. Көкірегімде қызғаныш па, алаңдау ма, бір сезім пайда бола қалды. – Өте көп – деді, Мөлдір. – Ресейде жағдай қиын. Ақша құнсызданып жатыр. Салынып жатқан санкциялардың салмағы біліне бастады. Өндірісте де тұралай бастады. Орыстардікі кеуде ғана. Басы істегендері Алматы мен Нұр-Сұлтанға көшіп жатыр. Осы жақтан кеткен мен танитын орыстар да қайтып келуде – деп тоқтады.

Мөлдірдің сөзінен түсінгенім, Ресейдегі жағдай қиындаған, ірі компаниялар жұмыстары тоқтап қалмау үшін жайлы қоныс іздеп, шетелге көшіп жатқан көрінеді. Көбінің таңдауы Қазақстанға түседі екен. Өйткені, мұнда тілдік қиындық жоқ. Бәрі орысша сөйлейді, деп түсінетін көрінеді. Содан кейін Қазақстан саясаты Мәскеуге тәуелді деген де түсінік бар сияқты. Қазақтардың кедей тұратынын, басқа халықтардың ауқатты болатынын естіген мәскеуліктерде «Қазақстан саясаты өзге халықтар үшін жақсы жұмыс жасайды», деген түсінік қалыптасқан сыңайлы.

Қазақта «Жаман үйді қонағы билейді», деген сөз бар. Отыз жылдан бері мемлекеттік тілді босағадан сығалатып, қазақтың есесі кетіп келгенін, міне, Мәскеу де біліп отыр. Ендеше, жайлы қоныс сұрай келген ресейліктерге құшағымызды аша салмай, осындайда өз талабымызды қоятын уақыт жетті. Ресейліктер Қазақстанға қазақ тілін үйренеміз, деп келмейді, олар бұл жақты уақытша жайлы өмір сүру үшін таңдап отыр. Дәл қазір олар біздің елге келуге, осында тұрып жұмыс істеуге тәуелді. Онда мемлекеттік тілді білуді міндеттеп, елдің иесі қазақтармен санасуды заңды, және табиғи түрде талап ету керек, бұн сондай ұрымтал сәт! Осындайда іс-қағаздарды қазақшалап, баспасөз отырыстарын мемлекеттік тілде өткізуді, Қазақстан азаматтарын жұмысқа алуды міндеттеп алсақ, елдегі әлеуметтік және ұлттық түйткілдердің біразын шешіп алуға жақсы мүмкіндік еді. Мәселен, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, жұмыссыздықты азайтып, ел иесі қазақтарға қырын қарайтын өзге ұлт азаматтарының кеудесін басуға жақсы орай болар еді. Жасыратыны жоқ, бүкіл қазақ орыс тіліне төрден орын беріп отырса да, осы уақытқа дейін «Қазақстанда орыс тілі қыспаққа алынып жатыр», деген сөзді естіп келген жоқпыз ба? Ал енді Мәскеуліктер бізге қарай қотарыла көшсе, бұл мұң көбеймесе, азаймас. Бізді мазалағаны сол – келімсектердің кесірінен, қазақ тілі қайтадан қағажу көрмесе екен, деген өз қотырымыз. 

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01