Кен іздегендер ел мен жердің наласын арқалауда

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

30.03.2022, 16:35

1795

Газетіміздің бұдан бұрынғы санында  Қарқаралы ауданы, Қарабұлақ елді мекені тұрғындарының атынан «Кен іздегендерден халық неге күдікті?» деген  мақала жазған болатынбыз.

Өзекті мәселе туралы материалдың жарияланғанына тоғыз ай өтті. Содан бері, облыстық, аудандық әкімдік тарапынан ешқандай сең қозғалмады. Облыстағы экология департаменті де тұрғындардың жанайқайына елең етер емес. Толғағы жеткен түйткілдің шешілетін түрі көрінбейді, деген ауыл азаматтары бізге қайта қайырылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күрмеуі қиын мәселе ушығып тұр. Бейсуат жүргізілген барлаудың салдары адам мен малға, табиғатқа зардабын тигізіп жатқан көрінеді.

– Пайдалы қазбалардың қорын зерттеу жұмысы  былтырғы жылдың соңында ауылдан 7 шақырым жерде басталды. Күз келе, халық өмірінде күрт қиындықтар туындады. Ауыл құдықтарындағы судың деңгейі азайып, тіршілік нәрінен тапшылық байқала басталды. Маңайдағы үлкенді-кішілі бұлақтар тартылып қалды. Төңірегімізде алты қыстақ бар. Ондағы шаруа қожалықтарының жайылым жерлері ойдым-ойдым шұңқырларға айналды. Шаруалар төңіректен мал суғаратын бұлақ, не шөп таппай, зәрезап болып қалды. Кен іздеумен шұғылданып жатқан ауыр техникалар енді «Балықтыкөлдің» суын лайлап жатыр. Тұнығы шайқалған тіршілік нәрін  төрт түлік татып алмайтын болды. Ұзынқұлақтың айтуынша, біздің жақта уранның қоры бар-мыс. Егер барлау жұмысы жекеменшікті байыту мақсатымен жүрігізілсе, қасірет, – дейді ауылдық округтің тұрғыны Хамит Нұрбеков.

– Ауылымыздың әкімі Аслан Рақымбергенов зерттеу жұмыстары басталар алдында тұрғындар мен жергілікті қауымдастық мүшелерін жинап хабардар етті. Сол кезде, жерлестерім әкімнен: «ауылдан келешекте қазба байлығы алынбайды ма?» – деп сұрады. Ол Үкімет тапсырмасымен еліміздің әр өңірінде осындай қазба жұмыстары ғана жүргізіледі деді. Үкіметтің шешімі деген соң, жұрт түсіністікпен қабылдап, келісім берді. 1972 жылы ауылымызда осындай барлау ісі басталғанда, ауқымды қиындықтар туындаған. Кейін ел жоғары жаққа шағымданған соң, оған Үкімет тоқтау салған еді. Бұл жолы рабайсыз жүргізілген зерттеу жұмыстары қордаланған проблемаларды туындатып отыр, – деп күйінді жергілікті тұрғын Берік Көшербаев.

Қарашаның түйткіліне байланысты Аслан Рақымбергенов бізге қысқа әрі нұсқа мәлімет берді. Оның айтуына қарағанда, ауыл төңірегінде табиғи ресурстарды зерттеу жұмысымен «Геосьем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұғылданып жатыр. Серіктестіктің тиісті ведомстволардан алған заңды рұқсат құжаттары бар. Атап айтқанда, Экология, геология  және табиғи ресурстар министрлігінің лицензиясы, аудан әкімінің өкімі бар. Одан кейін тапсырыс орындаушылар жергілікті жердегі әкімдікпен келісімшартқа отырған. Қош делік, бірақ қара жерді қармап жатқандардың қоршаған ортаға келтіріп жатқан кесапатына неге тоқтау жоқ? Біз осы сауалды аймақтық  экология департаментінің өкіліне қойдық. Департамент бастығының орынбасары Дархан Исжанов қарамағындағы мамандар мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қолдануды реттеу басқармасындағы әріптестері  наурыздың 28 күні аталған ауылға іс-сапарға аттанатынын айтты. Олар қазба жүргізілген аймақтарды көріп, елмен дидарласпақ. Анықтау жұмысының нәтижесі баспасөзде жарияланатын болады. Аталған проблемамен шұғылданып жүрген қоғам белсендісі Аманжол Нұрбеков: – «Қарабұлақтың төңірегіндегі барлау жұмыстары тоқтамай, халық тыныштық таппайды», –деп отыр. Ал облыстан келетін комиссиямен кездесу алдында ауыл тұрғындары өлкелеріндегі барлауға қатысты қарсы пікірлерін плакатқа жазып, лозунгтар әзірлеп қойған. Алайда, қоғам белсендісі мен Қарабұлақ тұрғындары бізге демалыс күндері байланысқа шығып, дүйсенбіде елге келуі тиіс ресми өкілдердің кездесуі онлайн форматта өтетіндігі жөнінде ақпарат таратылғанын хабарлады. Кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін апта аяғында білетін боламыз. Дегенмен көкейде «құзырлы мекемелердің мамандары мен басшылары халықпен бетпе-бет кездесуден неге қашқақтап отыр», деген ой қалды.

Тегтер: кен қазба жұмысы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарлы БАЙҒАНИН 05:08
«Құдай маған форточкадан береді»
Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 14:59
Мектептегі зорлық: ата-аналар іс жабылып қала ма деп қорқады
Бифат НҰРМАХАН 13.05.2022, 13:00
Бала құқығы – басты құндылық
Нұрболат ӘЛДИБЕК 13.05.2022, 10:45
«Көне Тараз» құлағалы тұр
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 13.05.2022, 07:59
BI Group-тың былығы тексерісті қажет етеді
Сайт әкімшілігі 12.05.2022, 18:50
ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының алғашқы отырысы өтті

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27