Кен іздеушілерден халық неге күдіктенеді?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

16.06.2021, 08:59

1663

Қарқаралы өңірінің қойнауы қазба байлықтан кенде емес. Мұнда Кеңес өкіметіне дейін мыс-қорғасын зауыты, тәуелсіздік келгенше кен байыту комбинаты жұмыс істеді. Кенді өлкедегі көзі тірі қариялардың айтысына қарағанда, шежіреге бай өлкеде көмір, темір, мыс, қорғасын, цинк, барий секілді минералды ресурстардың мол қоры бар. Жер астында жасырын жатқан сол жауhарларды іздестіру жөніндегі сең қайта қозғалғандай. Ең бастысы, малмен жан бағып отырған қарашаға, оларды қоршаған ортаға  кесірі тимесе, сол қайыр. Жаза шыға тұмса табиғат аясында алаңсыз тіршілігін кешіп жатқан  Балқантау селолық округі тұрғындарының дегбірі қаша бастаған. Шағын ауылды мекендеушілердің айтуынша, бұл өңірден 3-4 шақырым қашықтықтағы Жұмабай тауында барлау жұмысы жүрген. Өкінішке қарай, оның кесірі ел тұрмысына кері әсерін тигізген көрінеді. Жан жараларын жазудың амалын ойлаған Балқантау жұрты қарағандылық қоғам белсендісі Аманжол Нұрбековке шағымдарын жеткізген.

Халық қоғам белсендісіне қозғау салған

     – Осыдан біраз уақыт бұрын туған өлкеме бардым. Ауылдағы 4-5 жігіт маған жолығып, жерлестерін толғандырып отырған мәселенің мән-жайын жеткізді. Жігіттерді жаныма ертіп,  қазылған жерлерге бардық. Бұл арада  «Геотүсірілім орталығы» деп аталатан  ЖШС өкілдері  жүр екен. Таудан ұңғыма қазып жатқан жұмыскерлермен кездестім. Міндеттерін еңсеріп жатқан азаматтар «бәрін заңды түрде атқарып жатырмыз» деді. Нақты айтқанда, қолдарында Қарқаралы ауданы басшыларының, селолық округ әкімінің, сондай-ақ сол төңіректегі шаруа қожалығы өкілінің ресми келісімі барын  жеткізді.

        Келесі күні облыстық экологиялық мұражайдың директоры Дмитрий Калмыковқа жолығып, тұрғындарды  мазалаған қадау-қадау проблеманы жеткіздім. Тарқатып айтқанда, барлау салдарынан, мал суаратын Күмісбұлақтың суы тартылып қалғанын, төңіректегі Теректі, Абыз қоныстарымен қатар, Боқты тауының маңайы да қазылған. Айналып келгенде, бұл жайттар мал-жанға, елге елеулі  кесірін тигізетінін   жапсарлап жеткіздім. Табиғат жанашыры шағымымды еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық офисіне жазбаша түрде қалдыруымды сұрады.

        Айтпақшы, аталған офистің облыстағы өкілі – Калмыков. Арада 3-4 күн өткен соң, облыстық  экология департаментіне бардым. Ондағылар маған  жақын арада ол жаққа арнайы комиссия барып, тексеру жүргізетінін ескертті. Алайда менің үздіксіз сұрау салуымнан кейін, арада 10 күн өткенде, әлгі комиссия ауылға аттанды. Бірақ құзырлы мекемедегілер бақылаушылардың  шығатын күнін менен жасырып, алдын ала  хабарламады. Оны  кешкілік, сапар алдында  маған телефон соққан Калмыковтан естіп білдім. Ол ауылға  қоғам өкілі ретінде еріп баратынын ескертті, – дейді белсенді  Аманжол Нұрбеков.

Калмыков жұртпен неге жолықпады?

               Облыстық экологиялық мұражайдың жетекшісі қоғамға  аймақтағы экологиялық проблемаларды үнемі бүкпесіз айтатын бірегей жан. Көп білмейтін түйткілдердің жолын  көрсететін білгір тұлғаны  қарағандылықтар қадірлейтіні шындық.  Ендеше,  мақтаулы мырза Балқантаудың  кіндігіне келіп тұрып, бұқарамен неге тілдеспей кетті, деген ойдың қылаң беретіні заңды. Дмитрий Николаевичтің айтуынша, онымен ере барған аймақтық комиссия өкілдері «елді мекен барлау жұмысы жүрген жерден қашықта орналасқан» деген сылтау айтыпты. Сөйтіп, жұртқа жолатпай, келген жаққа  кері алып қайтқан. Жапан далада жалғыздың үні шықпасы  анық.

               «Менімен бірге ол жаққа барған комиссия құрамында облыстық экология департаменті, «Орталық Қазжер қойнауы» өңірлік департаментінің және барлау жүргізген «Геотүсірілім орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері болды. Геологиялық ұңғыма жасалған 11 аумақты аралап көрдік. Ашық қалған шұңқырлар жоқ. Былай қарағанда, бәрі талапқа сай жасалған. Айтқандай, 2-3 аумақтағы барлау толық аяқталмаған екен. Алғашқы міндет еңсеріліп, топырақтың үлгілері зертханаға жіберіліпті. Қандай да бір үміт туғызған нәтиже байқалса, жұмыстың екінші кезеңі басталады.  Бізді барлау ісінің қоршаған ортаға  тигізген әсерінің бар-жоғын анықтау қызықтырады. Одан бұрын тұрғындар алғашқы барлаудың зардабын қоғам белсендісімен кездесу кезінде айтқан еді. Соңғы шешімді  облыстық экология департаменті жеткізуі керек», – дейді Калмыков мырза.

       Елді елеңдеткен шағымның ізімен «Орталық Қазжер қойнауы» өңіраралық геология департаментіне бардық. Департамент басшысы Нұрлан Маукупов: «Республикалық геология комитетінің лицензиясына сәйкес,  жоғарыдағы серіктестікпен  өз міндетімізді тәмамдадық. Қазба жұмысының табиғатқа  әсерін экологтар  айтады», – деп мәлімдеді. Соңғы шешімді есту мақсатында біз аймақтық экология департаментіне хабарласқан болатынбыз. Мұнда әлі күнге дейін  баспасөз хатшысы жоқ екен. Департаментте осы міндетті өкілеттен тыс атқарып жүрген маманнан аталған мәселеге байланысты тексерістің нәтижесін  сұраған едік. Бірақ білдей департамент қызметкерлері үш күн бойы түрлі сырғытпа жауап айтып, сытылып тынды. Өткен аптада округтегі жергілікті қауымдастықтың мүшесі Берік Оразаұлы байланысқа шықты. Ол елге ескерусіз келген қор іздеушілер ауылдың онсыз да кетеуі кеткен инфрақұрылымын жадағай қалыпқа түсіргенін қынжыла баяндады.

     – Барлау жұмысы екі айға ұласты. Шеттен келген ауыр салмақты  машиналар сыртқы және ішкі  асфальт жолдардың сапасына қатты зардабын тигізді. Сыр берген жолдың шығынын ендігі  кім өтемек?  Өлкемізден бағалы  кен байлығы табылса, ауылымыздың экологиясы, халықтың жағдайы не болады? – деп алаңдаушылық білдірді Берік Оразаұлы.

       Балқантаудың қойнынан кен іздегендерді естігеннен бері  тау етегіндегі елдің тынышы кеткен. Сағы сынған халық «Енді қайда тентірейміз?» деп тыпыршып отыр. Себебі жұртқа жөн айтатын жан табылмай тұр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15